«ҚОНАҚ» ДЕГЕН КІМ? «ҚОҢСЫ» ДЕГЕН КІМ?
Асау шешен Есентемір Бөленді қонаққа шақырып отырып:
— Е, Бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? – депті.
— Е, шырағым, сұра! – депті Бөлен.
— Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе, бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп, «мынау тағы келе жатыр ма?» дейді. Бұл неткені? – депті Асау.
— Ол келіннің ырысы кеткені, — дейді Бөлен.
— Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?» — дейді. Бұл неткені?
— Ол балалардың кері кеткені.
— Бөле! «Қонақ-қоңсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім? Қоңсы деген кім?
— Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақыртумен келемін. Қоңсы деген мыналар деп айналадағы кісілерді көрсетеді. «Пәленнің үйіне кісі келіпті, барып амандасайық» деп келеді.
— Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
— Қонақ 4 түрлі болады:
Арнайы қонақ;
Құдайы қонақ;
Қыдырма қонақ;
Қылғыма қонақ, — деп жауап береді.
Енді Бөлен Асаудың өзіне қарсы сұрақ қойып:
— Жігіттің неше жұрты бар? – деп сұрайды.
— Жігіттің 3 жұрты бар: қайын жұрт, нағашы жұрт, өз жұрты, — дейді Асау. Сонда Бөлен:
— Жігіттің 4 жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттің. Ол – елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді-ау! – депті.