Конституция күні мерекесінде Новоямышево ауылының мәдениет үйі пайдалануға берілді
Конституция күніне орай Павлодар ауданына қарасты Новямышево ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Аудан әкімі Александр Бабенко жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 40 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтты.
— 25 жыл тәуелсіз өмір сүріп келе жатқаннан кейін Елбасымыз айтқандай материалдық жағдайды ғана ойламай, рухани баюды да қолға алу керекпіз, — деді Александр Бабенко. – Ғимараттың шатырынан бастап, іші-сыртына жөндеу жасалды. Ішкі құрал-жабдықтар да жаңадан сатып алынды. Оған қоса, дәл осы ғимараттың алдында қиылысатын екі көшенің жолдарына асфальт төсеу жоспарланған. Асфальт төсеу бүгінгі таңда 70 пайыз орындалған ауылдағы ауыз су құбырларын тарту жұмысы аяқталғаннан кейін басталады.
Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі кезде Заңғар ауылының мәдениет үйінде де жөндеу жүргізілуде. Ал, Чернорецк, Ефремовка ауылдарының мәдениет үйлеріне жасалатын жөндеудің құжаттары дайын.
Мәдениет үйінің директоры Алексей Набойченко мәдени ошақта 40-тан астам биші дайындық жасайтынын айтты. — Ауылдық округімізге үш ауыл қарайтындықтан бұл ғимаратта 40-тан астам биші, вокалдық ансамбль және домбыра оркестрі дайындық жүргізеді, — деді Алексей Набойченко.
– Бас кезінде шатырымыздан су аға бастады. Аудан басшылығы сұранысымызды қабыл алды. Негізі тек шатырды ауыстырып, төбені жөндеу керек болған. Алайда, аудан әкімі бірден істі бастағаннан кейін күрделі жөндеу жасауды жөн санады.
Мәдениет үйінің ашылуы Конституция күніне арналған мерекелік концертпен жалғасты. Шара барысында Александр Бабенко тұрғындарды мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосқан жандарды облыс әкімінің Алғыс хаты, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапаттады.
Әлихан Рахметоллаұлы