Конституциядағы кемшіліктер, тілдің қолданыс аясының кеңеюіне кедергі болып тұр
Қазақстандағы қазақ тілінің мәселесі, еліміз егемендігін алмай тұрып-ақ басты назарға ілінгені белгілі. Сонан бері талай жылдар өтсе де, тіліміз тұғырға қонып, азат елдің аспанында, Алаш тілінің айбыны асқатқатамай тұрғаны зор өкініш. Қазақ тілі төңірегіндегі түрлі проблемалардың жыры бүгін, ертең таусылмайтын сияқты. Бұл жайында аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. Әуелі, соны қаперге алар қазақ аз ба деп те күдіктенесің кейде. Көңілге медеу болатын бір жайт, ел ағалары мен тілге жанашыр азаматтарымызыдың табандылығы мен ана тілге деген махаббаттары, өлеусіреген сәулені үрлегендей, қоламтаны қоздатқандай болып тұр. Осыдан неше жылға дейін қазақ тілді газет-журналдардың барлығы тіл туралы жазып келсе, соңғы кездері сол арын, сол белсенділік сәлде болса саябырлағандай болып тұр. Сөйте тұра, тілге деген жанашырлығын жоғалтпаған азаматтармыз асыл мұрат жолынан тайған жоқ. Сондай ағаларымызыдң бірі- Коғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір ағамыз. Әбекең 1995-2004 жылдар аралығында, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты (екі мәрте) болып тұрған кезінде, еліміздегі «БАҚ туралы», «Жарнама туралы», «Тіл туралы» Заңдардың дайындалып, қабылдануына айрықша үлес қосқан тұлға. Онан кейінгі жылдары да тіл туралы айтудан, түрлі проблемалары мен оны шешу жолдарын зерттеуден жалыққан жоқ. Мемлекеттік тілдің саяси-құқықтық және әлеуметтік мәселелерін сарапқа салып, оның қолданыс аясын кеңейте түсу турасында тұрақты қалам тартып келе жатқан ғалым ағамыз, соңғы жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен ғылыми-тәжірибелік конференция, семинарларда сөйлеген сөздері, азаматтық пікірлері мен ұсыныстары топтастырылған, «Тіл тұғыры» атты кітабі 2017 жылы басылып шықты. Біз өз кезегімізде, тіл жанашыры, профессор Әбдіжәлел Бәкір ағамызға ана тілі төңірегінде бірнеше сұраулар қойған едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Тәуелсіздік алғалы 30 жылға таяды. Қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тілге айналған жоқ. Бұны заңның тармақтарынан көреміз бе әлде халықтың өзінен көреміз бе? Жоқ, билік басындағылардың кінәсі ме?
—Қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тілге айналмауының бірінші себебі Конституцияның 7-бабының 1‑тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi» деген аса маңызды қағида көбіне қағаз жүзінде қалды. Мұны мемлекеттік биліктің еш тармағы күнделікті басшылыққа алып отырған. Олар басшылыққа осы баптың екінші тармағындағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген нормамен жұмыс істеуде. Бұл қоғамда қостілділікке әкелді. Ал «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деген 3-тармақтағы конституциялық норма мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін басқа тілдермен теңестірді де қойды және бұл жай сөз болып қалды. Сонан соң соңғы ғасырларда езіліп келген халқымыздың ұлттық рухы әзір оянатын емес. Қоғамда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сол себепті «Тәуелсіздік» атты қасиетті сөз ұлттық рухсыз жай ұғым болып қалып, тәуелсіз сананы қалыптастыра алмай отыр. Тәуелсіздік халықтың ұлттық тілінен, дәстүрлі дінінен бастау алуы керек. Тілі тәуелсіздік алмаған халықты толыққанды тәуелсіз деу ерте, тіпті қате.
Кейбір саясаткерлер мемлекеттік тіл мәселесін билік шешпесе, халық өзі шешуі керек дейді. Логикалық жағынан бұл дұрыс‑ақ. Бірақ Білім және ғылым министрлігі қазақ бұл мәселені шеше алмайтындай жағдай ұйымдастырып отырған жоқ. Әйтпесе, балабақшаның төрт‑бес жасар ұл‑қыздарына үш тілді үйретуді қолға алмас еді ғой. Мұны мемлекеттік билік жүйесіндегі лауазымды қызметкерлердің өзі теріс қадам демейді. Ал үш тұғырлы тіл деп шауып жүргендер саясатшылдар бұған қарсы тіл жанашырларымен күрес жүргізіп жатқанда не деуге болады? Тіпті біз балаларымызға үш тілде білім беруіміз керек дегендерге не айтасың? Әлемде ешбір ел мұндай мақсат қойып отырған жоқ.
Қазақ халқының жалпы басшылыққа көбірек қарайтыны ежелден дәстүрлі де жағымды мәселе. Бірақ билік мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін қолдану жағынан қарапайым халыққа өнеге көрсете алмай келеді.
Сонан соң тілдің иесі ана, сондықтан дана халық қазақ тілін «ана тілі» дейді. Ал ана өз тілінде сөйлемей, бала ана тілінде сөйлемейді. Мен қай жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде жұмыс істеп жүргенде Қытайдан Нұргұлан атты қыз бала оқыды. Ол Қытай мектебін бітірген. Біздіңше бір сыныпта 72 ұл‑қыз, оның 68 ‑ қытай, 1 ‑ дүнген, 1 ‑ қазақ және 2‑ұйғыр балалары оқыған. Мен таң қалып, сен қалайша қазақ тілін жақсы білесің дедім. Ол бұл анамның арқасы, анам маған қатаң талап қойды. Табалдырықтан сыртқа аттағаннан кейін қай тілде сөйлейсің шаруам жоқ. Ал ішке қарай аттасаң болды, тек қазақша сөйлейсің деді. Ал оның сөзі біздің балалардың сөзіндей, қалай болса, солай қалаған кірпіштей емес, ойлау жүйесі ұлттық негізде қаланған. Бүгінгі қазақ тілінің жағдайы көбіне аналарға, қыздарға байланысты болып отырғанын күнде көріп жүрміз.
Аса бір қауіпті мәселе – Білім және ғылым министрлігі елімізде күндіз‑түні ешқандай мәртебесі жоқ ағылшын тілінде оқытуды алға шығарғаннан кейін ата‑аналар, әсіресе жас ата‑аналар балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. Қазір Астанада аралас мектептер қаптады. Бұлар ұл‑қыздарымыздың тілге қатысты келешегіне көп зиян келтіріп отыр. Өйткені бүгінгі қазақ мектептеріндегі балалардың өзі үзіліс кезінде орыс тілінде қарым‑қатынас жасайды.
Соңғы кездері Парламентте тіл туралы ештеңе айтылмайтын болып барады. Елбасы «Парламент қазақша сөйлеуі тиіс» деп еді, бірнеше күн науқандатты да әріге барған жоқ. Тіл туралы заңға толықтырулар енгізуге Парламент неге кіріспей отыр деп ойлайсыз?
-Парламенттің билігі шектеулі, ол мәселені атқарушы билікпен келіспей шеше алмайды. Яғни, бейнелеп айтқанда, атқарушы биліктің музыкасында ғана билей алады. Бұған менің кеше тоғыз жыл Мәжіліс депутаты болғанда әбден көзім жеткен. Сондықтан басқа мемлекеттік билік тармақтарына қарағанда ұлттық сипаты басым болуға тиіс Парламент өзге билік тармақтарына өнеге көрсетудің орнына өзі мемлекеттік тілге зар болып отыр.
Халқымызда «су басынан түниді», «балық басынан шіриді» деген тәмсілдер бар. Тіл туралы Елбасымыз аз айтып жүрген жоқ. Бір сұхбатында «мен амалсыздан екі тілде сөйлеп отырған адаммын» дегені бар. Осы «амалсыздық» қанша уақытқа созылуы мүмкін деп ойлайсыз? Кейде Елбасымыздың өзі «мылтықты құр дәрілеп атып отырғандай» көрінеді…
—Бұл елімізде мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай шешілмейтін мәселе. Бұл Конституцияның 7-бабының бірінші тармағының өресін өсірмей тұрған екінші тармағын алып тастамай, ана тілінің айдарынан жел еспейді. Бірақ өкінішке орай, біз бұл шындықты мойындай алатын сана бізде әзір қалыптасатын емес. Осы арада бір мәселеге назар аудара кетейін. 1938 жылғы 13 наурызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық комиссариатының «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» шешім қабылдаған болатын. Осыны жүзеге асыруды төте жолдарының бірі деп өзіміздің «көреген» саясатшылдарымыз жаратылыс пәндерін орыс тілінде оқыту керек деп ұсыныс жасады. Мен осы сипатты ұсыныстың 80 жылдан кейін қайталағанымызға таң қаламын. Әсілі, ұлттық санамыз әлі сол отызыншы жылдардан көтеріле алмаған. Енді жаратылыс пәндерін ағылшын тілінде оқытуды ұсынып отырмыз. Бір ескерте кететін мәселе отызыншы жылдарғы ұсыныс өтпеді. Обалы не керек, ол кезде зиялы қауымымыз мықтылау болатын.
Біздің арманшыл азаматтармыз «латынға көшсек, қазақ тілінің көсегесі көгереді» деп қуанып жүргендер «балаларымызды орыс сыныбына береміз» дейтін қазақтардың қатарының молайып бара жатқанын ескермесе керек. Елбасына екі рет «қаулы шығартқан» филологтардың науқаны осымен түбегейлі аяқтала ма жоқ па?
—Біз бұл іске бүгін еліміздегі зерттеушілер айтып, жазып жүргендей, қазағымыздың алпыс пайызы орыс тілді болып отырғанда асығыс, алдын ала жан‑жақты дайындалмай кірістік. Сондықтан бір жарлықтан кейін екіншісі шығып жатыр. Сонан соң бұрынғы акустикамыз көп өзгеріске ұшырамаған кездегі «латынды» негізге алып, оның кемшіліктерін толықтыру қажет еді. Бізде кешегі кеңес өкіметі кезіндегі өктемдік пен «партия» айтты деген ілесіп келеді. Парасаттылық пен пайымдылық серік бола алатын емес. Бұл бағытта филологтардан гөрі билік асығыстық жасап отырған сияқты. Сонан соң мемлекеттік тілімізді ретке келтіріп алу қажет болатын. Мұны елемедік, сондықтан мұның ертеңгі қайшылығын бүгін түгел көзге елестету қиын.
Тілдік мәселелерді мемлекеттік деңгейде қолға алуымызға Ресей кедергі дегенмен келісесіз бе?
—Бұл төркінсіз пікір емес. Ұлттық мәселеде кенже келе жатқан елміз. Соңғы ғасырларда патшалық Ресейдің, соның саяси жалғасындай болған кеңестік заманда бізді ешкім ұлт деп санаған жоқ. Біз әлі ұлттық мемлекет, өркениетті ұлт ретінде толық қалыптасқанымыз жоқ. Бүгінгі тіл мәселесіндегі қиыншылықтар осының нәтижесі. Ұлттық рухтары жоғары ұлт ретінде қалыптасқан Балтық жағалауының елдері өз тілдеріне толық ие болып отыр. Көрші елдің әсері жалғасып келе жатқанына көз жұмуға болмайды. Өзің әлсіз болсаң, кім болса, сол ықпал ете береді. Бұл заңдылық, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген: Ерқазы Сейтқали