Көп этносты Қазақия, болашағың қандай?
Ежелден сан ғасыр қарулы шабуылға төтеп беріп, өзінің ұлттық қасиеттерін жоғалтпай келе жатқан қазақ халқын өз орбитасынан ауытқытқан патшалық Ресейдің отарлық саясатының рухани шабуылы болатын. «Бұратана» аталып, адамгершілік ар‑намысы тапталған ұлтымыздың тілі, діні және діліне бағытталған саясат найзасының мақсаты орыстандыру еді. Бұрынғы режимнің саяси жалғасындай болған кеңестік тапқа бөлген алалау саясаты да көп қиыншылықтар алып келді. Әрине, бұлар да өз мақсаттарына жете алмады. Бірақ ұлтымыздың болмысында көптеген қайшылықтың тууына жол ашты, ұлттық салт‑дәстүріміздің өзгеруіне алып келді. Бұл туралы алғашқы ағартушыларымыз ашық айтуға замандары көтермесе де, өз ойларын білдірмей отыра алмады. Сонау заманнан ол ескертулерге жеткілікті уақыт өтсе де шындап құлақ аспай келеміз…
Алаш ағартушылары не үшін күресіп еді?
Орыс билеушілерінің өктем де озбыр әрекетін жақсы білген, өз ұлтының азаттығы мен еркіндігін әркез жүрегінде ұстаған, оның артта қалғандығы туралы жаны ауырып, қоғамдық дамудың баяу жүріп жатқанына терең ой жіберген халқымыздың алғашқы ағартушылары ұлт санасының жаңаруын оқу-білімнен, ағарту ісінен, әлемдік өркениеттен іздеген болатын.
Туған халқының саяси қорғаны, әлеуметтік айбаты бола білген Шоқан Уәлиханов отарлық саясаттың зардаптарын көріп отырған қарапайым халықтың ауыр тұрмысымен бетпе‑бет жолықты, бұған шыдай алмай жәбірленушілердің мүддесін қорғап қарсы шықты. Тіпті әділетті басқару арқылы халықтың жағдайын өзгертуге болады деген оймен өз кандидатурасын Атбасардың аға сұлтандығына да ұсынды. Сонымен қатар ұлы ғалым ұлттық шектелушілік пен тұйықтықтың халық мүддесіне жұмыс істемейтінін жақсы түсініп, сан ғасыр көрші Ресейдің Қазақстан үшін ерекше маңызы барын ескере отырып, халқының орыс және Батыс мәдениетіне, білім-ғылымына жақындатуды ойлады. Алайда дербестікті, бостандық пен азаттықты жалпы адамзат баласының табиғи атрибуты деп түсінген Шоқан Уәлиханов халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай сатысында болса да өзіндік дамуы, өзін‑өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы керек деді. Бұл, шындап келгенде, әрбір халықтың еркіндігінің, керек болса тәуелсіздігінің формуласы болатын. Мұны заманы мүмкіндік туғызғанда Алаш жетекшілері ту етіп көтерген еді. Бірақ ол мүмкіндік қай жағынан болса да өте әлсіз еді, сондықтан Алашорда да, Түркістан Мұқтарияты да баянды бола алмады.
Озық ойлы, кәсіби ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин өз кезіндегі қазақ халқының алдында тұрған ең маңызды мақсат-мұратты терең түсініп, бар жақсылықтың, материалдық және рухани игіліктердің бастауы ғылым мен білім деп санады. Ол біз бәрін де жаңадан бастап жасауымыз керек, осы жаңалықтың бәрін де қараңғы халықтың арасына енгізіп, күшіміздің келгенінше, біліміміздің жеткенінше, олардың көзін ашуымыз керек деп осы бағытқа өзінің бар қажыр-қайратын, бүкіл ұйымдастырушылық қабілетін аямады.
Адам баласының қоғамдағы рөлін ерекше бағалаған, оның заманадан туындаған тағдырына сәйкес Абай өзінің бүкіл шығармашылығының азаматтық кредосын «Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ…» деп айқындаған болатын. Сол себепті хакім адам баласын қор қылатын надандықпен аяусыз күресіп, ең негізгі моральдық қағидат — адамгершілік пен әділеттілікті алға тартты.
Саяси мәселеге ашық бармағанымен, Ресей саясатының зардабын Абайдың да жеткілікті біліп, мұның іс қылығымызға, мінез‑құлқымызға жағымсыз әсерін әдемі байқап, бұл тақырыпқа «Мәз болады болысың», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Сегіз аяқ», «Заман ақыр жастары» сияқты толып жатқан өлеңдер арнағаны белгілі. Ұлы хакімнің орыстың сотымен қазақты соттауға болмайды, «Жиырма бесінші сөзінде» зарарынан қашық, пайдасына ортақ болу үшін орыстың тілін, оқуын, ғылымын білу керек дегендері тегіннен‑тегін емес еді. Аса маңызды соңғы ескертпеге бүгін де жеткілікті көңіл бөле бермей келеміз. Орыс тілін берісі Ресейдің, арысы Батыстың өркениетіне жетудің құралы деп түсінумен, солтүстік көршіміздің көптеген адами қасиеттерін жұғысты етумен шектелмей, тілімізге, дінімізге, ділімізге де қайшылықты болмыстарын да қабылдадық. Бұл әлі жалғасып келеді.
Патшалық Ресейдің отарлық саясатының өзіндік ерекшеліктерінің бірі отар халықтарды өз тілінен, діні және ділінен бездіру болатын. Өйткені бұл адами қасиеттің ең бастыларынан айырылған бұратананы орыстандыру оңай еді. Бұған алғашқы ағартушылар қарсы шығып қана қойған жоқ, олар дінге жаңаша көзқарас қалыптастыруға тырысты. Оларды ағартушылар деуіміздің де бір себебі осында жатыр еді.
ХХ ғасырдың басында саяси сахнаға шыққан Алаш қозғалысы, оның жетекшілері отарлық саясатты терең зерттеді, оның бар қайшылығын ашып көрсетті. Әлихан Бөкейханның өзінен кейіннгі буынға: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», — деуі жайдан‑жай емес еді. Осымен қатар Алаш жетекшісі орыс мемлекетінің құрамына енген қазақ елінің салтына, дәстүріне мүлдем жат, тіпті қайшылықты көріністердің пайда бола бастауын қатаң сынға алған болатын.
Халықтың арын, болашағын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен абзал жан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамындағы отарлық саясаттан күшейе түскен надандықпен күресті. Сәкен Сейфуллин сөзімен айтқанда, өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтап, қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылған Ахмет Байтұрсынұлы отарлықтың зорлық‑зобалаңын аз тартпаған ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін атап көрсетіп, халықты оқуға, білімге, ғылымға үгіттеді. Ғұлама ғалымның: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», — деуі ұлы ұстаздың шынайы арманы еді.
Өз кезіндегі Кеңес өкіметінің шындығын Мұстафа Шоқай патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан іздеді, оның басқа отаршылдық саясаттан айырмашылығын, қатыгездігін көре алды. Орыстың патшалық мекемелері шет аймақтардағы ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктердің басқаруы қазақ халқын ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді оның көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр деп ескертеді. Сондықтан ол кешегі патшалық Ресейді бүгін кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағанмен, біздің ұлттық мәдениетіміз тұрғысына қарағанда, ештеңе өзгермегенін, социализмді желеу еткен орыс большевиктері енді екі-үш жыл ішінде біздің ана тілімізді өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздегенін, большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отырғанын ашына жазды.
Бүгін біз кім болдық?
Алаш жетекшілерінің асыл армандары жарты ғасырдан кейін жүзеге асты. Ежелден азаттықты аңсаған Ұлы далаға тәуелсіздік жетті. Еліміздің ең алғашқы құжаттарында — Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мен Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңда ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деген кешегі патшалық отарлық саясаттан, соның саяси жалғасындай болған кеңестік қыспақтан қазақ елі толыққанды мемлекет, халқымыз өркениетті ұлт болып қалыптаса алмаған жағдайда бұл біздің бүгініміз бен келешегіміз үшін де аса маңызды қағидалар болатын.
Рас, тәуелсіздік жылдары бұрын түске кіре бермеген ұлы өзгерістер қоғамымыздың барлық саласында дерлік жүзеге асты. Алайда ұлттық мемлекетіміздің саяси‑құқықтық және әлеуметтік тұрпатын айқындай, жетілдіре түсетін құжаттар қабылдай алмадық. Сондықтан кешегі кеңестік кезеңдей «Қазақстан — көп ұлтты мемлекет», Кеңес халқы дегеннің орнына «қазақстандық ұлтты» деген сөз тіркестерін қолдандық. Соңғы кезде ғана «көп этносты Қазақстан» деген сөз тіркесі қолдана бастадық. Бұл мәселелерге назар аударып отыруымыздың ерекше мәні бар. Мемлекеттің ұлттық сипаты айқындалмай, мемлекет құрушы ұлттың мүддесі мүмкіндігінде батыл шешілмей, елдегі басқа халықтың мәселелері оң нәтиже бере алмайды. Кейбір академиктеріміздің ұлт мүддесі дегеннің орнына ел мүддесі дейік деуі қателік болатын. Сол сияқты жергілікті ұлттың тілі толық азаттық алмай, қоғамда еркін қолданысқа түспей, оның иесінің тәуелсіздігі толыққанды бола қоймайды. Мұны адамзат тарихы талай рет дәлелдеген. Сонау кешегі ғасыр басында Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары кезінде‑ақ Әлихан Бөкейханның тіл бостандығын сөзінің бастауы етуі тегіннен‑тегін емес еді. Бүгінгі мемлекеттік мәртебе берілген қазақ тілі, діл және дін т.б. салалардағы кейбір қиындықтар мемлекетіміздің ұлттық сипатының әлі әлсіздігінен туындап отыр.
Егемендіктің елең‑алаңында еліміздің ұлтшыл азаматтары тілдің азаттығын өз халқының азаттығының ең басты шарты деп ұғынған Алаш қозғалысы жетекшісінің дәстүрін жалғастыра отырып, 1989 жылы тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне қол жеткізген болатын.
1995 жылы қабылданған Конституцияда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл — қазақ тілі» деп жазылды. Кешегі жетпіс жылдық кеңестік тарихта екі конституция қабылданғанымен, қазақ халқы мұндай шешімді көрген де, естіген де жоқ болатын. Сөйтіп, Сәкен Сейфуллин тоғыз мақала жазып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі үшін күрескен 1920 жылдарды қоспағанда араға ғасырлар салып өзінің табиғи мәртебесіне ие болды.
1997 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданып, 2001 жылдан бері әр он жылға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жұмыс істеп келеді. Осының барлығы сан ғасыр сіресіп келген қалың сеңді бұзды. Оған дау жоқ. Алайда осы қол жеткен табыстар тіліміздің мемлекеттік мәртебесін арттыра түсетін тиісті құқықтық нормалармен толықтырылмай, байытылмай келеді.
1997 жылдан бері жиырма жыл өтсе, кезінде құқықтық қуаты басқа тілдермен қатар қарастырылған қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін, оның мемлекеттік мәртебесін көтеретін заңдық нормалар енгізілмей отыр. 2006 жылы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» атты сұхбатында «Тілдер туралы» Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу керек деген Елбасымыздың маңызды уәжіне Үкімет те, Парламент те тырп ете қойған жоқ.
Өткен жылдың 25 желтоқсанында «Егемен Қазақстан» газетінде «Сот тілі қазақша сөйлемей тұр…» деген мақалада атап көрсетілген екі мәліметті келтіре кетелік: «2017 жылдың 11 айы ішінде Ақмола облысының соттарына түскен 2213 қылмыстық істің тек 64-і немесе 2,9 пайызы ғана мемлекеттік тілде екен» және «Тек үстіміздегі (2017 жыл туралы болып отыр — Ә.Б.) 11 айындағы көрсеткішті алар болсақ, мемлекеттік мекемелерден 9734 талап‑арыз түссе, солардың бар болғаны 671-і немесе 6,9 пайызы ғана мемлекеттік тілде жазылған». Бұл мәліметтер зерттеушілердің бүгін Қазақстандағы қазақтың 60 пайызы орыс тілінде сөйлейді деген ойларын тиянақтай түседі. Рас, олардың барлығы өз тілдерін білмейді емес, біледі, бірақ қоғамда оған қажеттілік жыл сайын азайып бара жатқаннан кейін оған тиісті ықылас жоқ.
Тәуелсіз жылдары ежелгі ислам дінімізге қайта оралып, ең негізгісі кеңестік өктемдікпен таңылған «атеистік» идея келмеске кетті. Ата заңымыздың 22-бабында «1. Әркімнің ар‑ождан бостандығына құқығы бар. 2. Ар‑ождан бостандығына құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» деген принципті қағидалар айқын жазылды. Дегенмен қазіргі қолданыстағы заңда үлкен қателіктер де әлі күнге орын алып отыр. Соның бірі және ең бастысы — «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабында «Мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінген» деген норма, меніңше, саяси һәм принципті құқықтық қателік. Біріншіден, мұндай құқықтық норманы ешбір ел бұрын‑соңды қабылдап, дінді мемлекеттен бөлген емес. Екіншіден, сан ғасыр рухани дүниенің негізін құрауға белсенді атсалысып келе жатқан дінді халықтың тарихынан қайтіп айырасың? Үшіншіден, алып территорияны иемденіп, жері мен елін сыртқы жаулардан ғасырлар ұйымдаса қорғап, топтаса тойтарыс беріп келген халықты біріктірудегі діннің ұйыстырушылық рөлін қалай жоққа шығаруға болады? Осылай айта берсең кете береді, кете береді…
Бүгінгі нарықтық экономика қоғам дамуының бірден-бір жолы екенін адамзат тәжірибесі дәлелдеп отыр. Дегенмен қандай қоғамдық құбылыс болмасын оның оң және теріс жағы болатыны сияқты нарық өзінің теріс жағын да көрсетіп үлгерді. Елімізде қылмыс түр жағынан да, сан жағынан да күшейе түспесе, әсте төмендейтін емес. Сыбайлас жемқорлық еліміздегі керенау кеңселерді түгелдей жайлап алғандай көрінеді. «Жемқорлықты құрықтап‑ақ жатқан сияқтымыз, бірақ олар азаяр емес» деп жазулары халқымызды ойландыруы қажет. Әлемдегі екі жүзге тарта мемлекеттің ішінде сыбайлас жемқорлықтан жүз жиырмасыншы орында болуымыз, осы кезге дейін өзгенің ала жібін аттамай, иманды саналып келген ел үшін, осы аймақта ежелден өмір сүріп келе жатқан қазақ үшін бұл ұят‑ақ.
Кешегі кеңестік кездегі саясатқа сәйкес ерекше насихатталған аралас неке әлі елеулі азаймай келеді. Бұл, біріншіден, қазақтың өзге ұлтқа, әсіресе орыс ұлтының өкілдеріне үйленулері қоғамдағы орыстілділіктің өсуіне елеулі ықпал етіп отыр. Екіншіден, мұндай отбасындағы және ол өмір сүрген әлеуметтік ортадағы тәрбиеге байланысты аралас некенің ұрпақтары өзге ұлттың өкілдері болып кетіп жатыр. Соңғы кездері қоғамызда жаңа бағыт байқалады. Ол — қазақ қыздарының басқа ұлт өкілдеріне күйеуге шығуы. Ашық қоғам құрамыз деп шетелдік көріністерді таңдамай, талғамай қабылдау да жоқ емес. Мұның белгілі бір себебі нарықтық экономиканың қоғамға белгілі бір жағдайда кері әсерінен болуы мүмкін. Бұл ұлттық рухымыз әлсіз, әзірше қоғамда орыс тілі үстемдік алып тұрғанда жағдайда болашағымызға қауіпті.
Осы мақаланы дайындау үстінде 2009 жылғы халқымыздың санағының қорытындысымен таныстым. Кейбір мәселелер ойға қалдырды. Ол — ұлтымыздың әлеуметтік‑демографиялық дамуындағы келеңсіз жағдайлар. Табиғи өсім жағынан қазақтар басқа түркі-мұсылман этностарынан, яғни өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, күрд және басқа ұлт өкілдерінің едәуір кейін қалып келеді. Олардың табиғи өсімі қазақтардан едәуір басым келіп, ұлттық құрамы күшеюде. Бізде кері құбылыс байқалады. Қазақтардың білім деңгейі де көп ұлт өкілдерінен әлі төмен. Еліміздегі елеулі 44 этностың ішінде қазақтар жоғарғы білім деңгейі бойынша сегізінші орында, аяқталмаған жоғарғы білім деңгейі бойынша 19 орында, арнайы орта білім бойынша 28 орында, жалпы орта білім бойынша 11 орында, негізінде орта білім бойынша 37 орында, ал бастауыш білім бойынша 35 орында. Қала тұрғындары, өнеркәсіп, құрылыс және транспорт салаларында қазақтар үлесі әлі өз деңгейінде емес, әсіресе кәсіби жұмысшы мамандар, инженер-техниктер арасында ұлттық кадрларды көптеп тәрбиелеу проблемасы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге жататын сияқты.
Міне, бұл — бүгінгі Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан кейбір жағдайлар. Әдейі келеңсіз көріністерге баса назар аударылды. Табысымызды ешкім тартып ала алмас.
Енді біз кім болуымыз қажет?
Тәуелсіздіктің жиырма алты жылы тарих төрінде. Сан ғасыр халықтың адами табиғатына сәйкес келе бермейтін, ұлтты топтастырудың орнына оны тапқа бөліп, біріне‑бірін өшіктірген, жалғыз партия билеген заманнан басқа өзінің саяси‑әлеуметтік сипаты жағынан болсын, экономикалық және құқықтық жүйесі жағынан болсын мазмұны мен мәні бөлек қоғам, мемлекет құрудың оңай емес екенін біздің де тәжірибеміз көрсетіп отыр. Сол себепті осы кезге дейінгі қоғамда орын алған кемшін жайлар мен қайшылықты тұстар, бір жағынан, дамудың, өсудің, жетілудің, сапалы сатыға көтерілудің көріністері екеніне де дау жоқ. Бірнеше ғасыр отаршылдықтан пайда болған жалтақтық, кеше ғана үстемдік жасаған, бүгін де жалғаса түскен құлдық психологияның кедергі келтіріп, жігерлі іске жібермей келе жатқаны да бар.
Бүгінгі қоғамымызда батысшылдық елеулі байқалады. Анда‑санда батысшыл болуға ұмтылу тарихымызда бұрын да орын алған болатын. Барлық жаңалық пен жақсылық Батыста деген ойлар бүгін де аз кездеспейді. Бірақ ондағы қайшылықтардың басым көпшілігі адами, ұлттық құндылықтарды аяққа басудан туып отыр. Әйтпесе, кейбір елдеріндегі еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің некелесуін мойындауды, заңдастыруды қалай түсінуге болады?
Ұлы Мұхтардың Абайдың үш рухани бұлағы туралы ойы еріксіз еске түседі. «Мұның біріншісі — қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, ауызша әдебиет қоры… Екінші бір қол артқан қазынасы — араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшіншісі үлкен өнер, мол азық алған зор саласы — орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Европа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәстүрдің басы әрі кең майдан келешек еді». Осылайша өз заманындағы әлемдік мәдениеттен рухани сусынданған Абай оның бәрін талғаммен, таңдаумен және өз халқының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып қабылдады. Осылай Абай әлемдік деңгейге көтеріліп, адамзат қоғамына ортақ мәселелерді ортаға салды. «Отыз сегізінші сөзде» күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе атап көрсетілген болатын: «Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдықтан». Бұлардың себеп-салдарлары да ашып берілген еді: «Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады». Бұл айтылғанды бүгінгі білім-ғылымның дамыған заманында қалай түсіндіруге болады? Біріншіден, білім-ғылымның дәрежесі де, соған сәйкес надандықтың да деңгейі әртүрлі. Өйткені білім тәрбиеге негізделгенде ғана надандыққа тиісті әсер ете алады. Екіншіден, оқудың тоқусыз, ойсыздық жағдайы кейінгі кезде басымдыққа ие бола бастады. Оның түрлі себептері бар. Қазіргі шетелдік оқу-білімге өз тарихи және ұлттық ерекшеліктерімізді ескермей қабылдау кең етек ала бастады. Қит етсе сараламай, батыстық нұсқаға иек арту тиісті нәтиже берудің орнына көптеген қайшылықтарға әкелуі мүмкін. Сонан соң білімнің адамның парасатты қасиеттерінің көрсеткіші болатын мазмұнына көңіл бөлінбей, оның формальды жағына ауып кеткен сияқтымыз. Бұдан білімнің тәрбиелік құны түсіп тұр. Ал әлемнің екінші ұстазы аталған әл‑Фараби тәрбиесіз білім қауіпті деген еді. Абай адам баласының дұшпаны санаған залымдықтың бір ұшы осыған барады. Адамгершіліктің арқауы бола алмаған білім қуыс кеуделілерді дүниеге келтіреді.
Біз ұлттық құндылықты жүрек деп танып, Батыс пен Шығыстың өркениетін қос қанат еткен қазақ қана бүгінгі ХХI ғасырдың озық перзенті бола алады дегенді баса айтқымыз келіп отыр. Жаһандану заманында әлемнің құндылықтарын ұлттық негізге бейімдей, саралай қабылдаған ел ғана ілгері басады, топтан озады.
Осы арада Алаш жетекшілері бұрынғы өткен заман жайын сөз ететін, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретін ілімнің тарих екенін, оның түзу жөнді үйретуші, келешек күннің болашағын білудің құралы, тіршіліктің жолбасшысы болатынын, сондықтан тарихтан тағылым ала білуді қатаң ескертіп еді. Әлихан Бөкейханның: «тарих — түзу, жөнді үйретуші; тарих — түзушіліктің кітабы; тарих — тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы» дегенін әр кез есте ұстаған абзал. Осы арада идеялар жалғастығына айқын бір мысал келтіре кеткім келіп тұр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көптен бері қызығушылық туғызып, бұқаралық ақпарат құралдарында жайдан‑жай жан‑жақты талқыланып келе жатқан жоқ. Бұл, шын мәнісінде, мәдени‑рухани өміріміздегі бетбұрыс кезеңді бастап отыр. Елбасымыз еліміздің «мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болуын» алға тартып ғана қоймай, оның амал‑тәсілдері де атап көрсетілді. Оның бірі сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға соңғы ғасырларда әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылу болмақ. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген аса бір маңызды қағидаға ерекше мән берген жөн.
Соңғы жылдары ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси‑әлеуметтік ойларды бірсыпыра зерттей жүріп көзімнің жеткені қазақ халқы өзінің ұлттық рухани негіздеріне батыл бармай, жоғалтқанды таппай, оны замана ұсынған құндылықтармен әдемі үйлестіре отырып, Тәуелсіздік талаптарымен толық жауап беретін қоғам, Мәңгі ел құра аламыз деген ой.
Бүгінгі бізге жетпей жатқан дүние, ол — ұлттық рух. Ұлттық рухымыз тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да оңай көтерілетін емес. Өткенге сын көзбен қарау, бүгінгіге дұрыс бағдар жасайтын саяси сергектік, ұлттық рух қажет‑ақ. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы — ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», — деген сөзін айта кетсек артық болмас. Және ұлттық рухтың шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын атап көрсете отырып, Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалысқа тән деген еді.
Сөз соңында айтарымыз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының талабына сәйкес сонау сәуір айынан бері айтылып келе жатқан ой‑тұжырымдарды жинақтай отырып, қоғамның рухани дамуы туралы мәселелер жан‑жақты қарастырылған тұжырымдамалық құжаттар жасалып жатса, артық болмас еді. Онда ұлтымыздың шығар биігі, алар асуы көрсетіліп, тәуелсіздік талаптарынан туындайтын саяси сергектік, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті, ұлттық бірегейлігі берік, ұлттық рухы күшті азаматтардың болмысы айқындалып жатса, артық болмас еді. Бұл, бір жағынан, біздердің аса сындарлы кезеңде өмір сүріп отырғанымызбен байланысты болса, екінші жағынан алға қарқынды жылжуымыздың, нақты қадам басуымыздың, Тәуелсіздікті тұғырлы етуіміздің бірден‑бір құжаты болар еді.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор