Көпбалалы аналар марапатталды

Қазақ қоғамында отбасы — өмірдің тұтқасы, оттың маңайына таратқан жан балқытар жылуы. Отбасының амандығы, ошақтағы оттың маздап тұруы – үмітінің өшпес алауы. Үй ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы да соған байланысты. Оттың басы, ошақтың қасы – ырыстың ұйтқысы. Сондықтан қазақ отының басын тіршілігінің тұтқасы санап аялайды. Ана бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең абзал жан. Ана болу – бүкіл өмір бойы жұмсалатын сарқылмайтын рухани күш пен ерен еңбек. Оны барынша құрмет тұтып, қастерлеу әрбір баланың борышы. Перзенттің ғана парызы емес, бүкіл қоғамның бұлжымас міндеті. Қазақ халқы анасын ерекше қастерлеген жер бетіндегі жүздеген ұлттардың бірегейі. Ана бейнесі біздің тарихымызда, жыр-дастандарымызда жазылып, оған көптеген ән-күйлеріміз де арналған. Сол ата-бабамыздан жеткен озық дәстүрді бүгінгі ұрпағы да лайықты жалғастырып келеді.

Алматы қаласының 9 көпбалалы анасы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларының иегері атанды. Олар Жетісу ауданында тұрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №645 Жарлығына сәйкес екі ана «Алтын алқа» алса, тағы жеті анаға «Күміс алқа» берілді.

«Біз тәрбиелеп отырған балаларымыз еліміз бен жерімізге қызмет етсе, бұл біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әрбір ана балалардың санына ғана емес, олардың тәрбиесінің сапасына да жауап береді, өйткені бұл үлкен жауапкершілік. Қазақстанның болашағы жарқын болсын, балаларымыз денсаулығы мықты болып, еліміз гүлдене берсін!», – деді «Алтын алқа» иегері Аяна Әлішева.

«Мен осы сәтті ұзақ күттім. Өзім көпбалалы отбасында өскенмін, біз анамыздың мейіріміне және әкеміздің қамқорлығына бөленіп өстік. Біздің балаларымыз да бір-біріне қамқорлық пен жақсылық жасайды. Менің ойымша, бейбіт еліміз мен көңілі дархан халқымыздың арқасында балаларымызды бейбітшілік пен келісімде тәрбиелей аламыз. Көпбалалы ана болу бақыт, мен әр отбасыға осындай бақыт тілеймін!», – деді «Күміс алқа» иегері, 6 баланың анасы Гүлзана Халбекова.

Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева жоғары награда иегерлерін құттықтап, ұлттың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Ауданда барлығы 2 940 көпбалалы ана тіркелген. Бүгінде олардың 154-і «Алтын алқа», 305-і «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған. Олардың қатарына тағы 9 әйел қосылды. Көпшілігі білім беру, медицина және басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдарда жұмыс істеп, қаланың дамуына зор үлес қосып келеді. Еліміздің демографиялық көрсеткіші жыл санап артып келеді. Соның арқасында 2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. Көпбалалы отбасылар демографиялық ахуалымызды көтеруге үлкен үлес қосып отыр. 2024 жылы жәрдемақы мөлшері төмендегідей болды:

Төрт балаға – 59 183 тг;
Бес балаға – 73 988 тг;
Алты балаға – 88 793 тг;
Жеті балаға – 103 598 тг;
Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – ай сайын әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

Егер барлық құжат дұрыс болса, мемлекеттік жәрдемақы автоматты түрде тағайындалуы тиіс. Егер сіз көпбалалы отбасы бола тұра, бұл жәрдемақыны алмаған болсаңыз, «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне барып, мән-жайды анықтау керек.

«Алтын алқа» — жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеп отырған аналарға берілсе, ал «Күмiс алқаны» — алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алады.

Көп балалы аналар мәртебесін алғандар оларға берілетін жәрдемақыны ала алады. Көп  балалы аналарға арналған жәрдемақы Халыққа қызмет көрсету орталығынан беріледі.

Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақы дегеніміз —  «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған не бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.

Бұл жәрдемақы кез келген ана өтініш берген күннен бастап, тағайындалады.

Көп балалы ана «Алтын алқа» алқасын алу үшін оның жетінші баласы бiр жасқа жеткен және өзге балалары тiрi болуы тиіс.

Ал «Күмiс алқа» алқасын алты бала туған және алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған аналар наградталады.

 

Г.Тұрсынқожа