КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ ҮКІМЕТКЕ ЖЕТЕ МЕ?
Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ашынған аналардың жанайқайы ащы запыранға айналып барады. Жергілікті мемлекеттік мекемелердің маңына жиналған апа-әжелер, аналар қарасы күн өткен сайын көбейе түсуде. Олар Үкіметке өз талап-арыздарын жеткізу мақсатында әкім-қаралармен жүздесіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуін кірпік қақпай күзетуге бар.
16160 теңгені алуға да мықты жүйке қажет
Аналарды әкімдікке алып келген күш, әрине, балаларының болашағы, бүгінгі жай-күйі. Ұрпақ қамы. Ресми дерек көздеріне сенсек, Қазақстанда қазір 271 мыңнан артық көпбалалы ана бар. Олардың бүгінгі таңда алып отырған жәрдемақысы шай-пұлынан аспайды.
Атап айтар болсақ, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, әлеуметтік жәрдемақыны шартсыз және шартты деп екіге бөліп қарастыра бастады. Шартсыз жәрдемақыны отбасында табыс табатын адамы жоқ отбасы алады. Ал шартты жәрдемақыны отбасында табыс табатын бір адам болса, онымен келісім жасалып, еңбек етуге міндеттейді. Олай болмаған жағдайда, ақша берілмейді деген заң жұмыс істей бастаған болатын.
Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова көп көрген 16160 теңгені кез келген көпбалалы отбасы ала алмайтынын да айтуымыз керек. Шындығында ол жәрдемақыны алу талабын еліміздегі кез келген көпбалалы отбасының жағдайы көтере бермейді. Әсіресе, тұрақты тіркеу, әр тоқсан сайын айлық жалақы және көпбалалы екеніңді дәлелдеп отыру жөнінде анықтама жинау мәселесі көп отбасылардың жүйкесін жұқартып біткен. Құжат жинаудан қажыған отбасылардың көбі атаулы жәрдемақыға қолды бір-ақ сілтеп, күдер үзген!
Сондықтан бюджет тарапынан көпбалалы отбасылар санына орайластырып бөлінген қаржының құжат талабын орындамау есебінен үнемделген бөлігі қай қалтаға түседі деген заңды сұрақ туады. Сондай-ақ, бала 1 жасқа толғанға дейінгі күтіміне төленетін жәрдемақы көлемінде әділетсіздікке жол берілгені де көрер көзге жасырын емес. Себебі, жәрдемақы босанған әйелдің орташа жалақысы есебінен төленеді. Яғни, жалақы мөлшеріне сәйкес, жоғары жалақы алатын аналардың бәсі түгел.
Өңірлерде оперативтік штабтар құрылды
Астанада 4 ақпан күні өрт салдарынан бес баланының қаза болуы еліміздегі көпбалалы отбасылардың әлеуметтік проблемаларын қоғам алдына жайып салды. Көпбалалы аналар билікке баспана мәселесін шешу, балаға төленетін жәрдемақыны көбейту, басқа да жеңілдіктер қарастыру туралы талаптарын жеткіземіз деп қаһарлы қыстың ызғарына да қарамай, әкімдіктер алдын тоздырумен жүр. Нәтижесінде Үкімет жанынан “Ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту” жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды.
Үкімет пен әкімдіктер тарапынан мәселені ушықтырмай шешу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жұмыстың негізгі бағыттары ретінде бюрократиялық рәсімдерді оңайлату арқылы атаулы әлеуметтік көмек алуды жеңілдету, мемлекеттің қолдауына мұқтаж көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тетігін жетілдіру, жергілікті атқарушы органдар жекелей көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды бастауыш сыныпта тегін ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жол жүру билетімен қамту, аса мұқтаж көпбалалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту тұрғысынан муниципалды арендалық тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мүмкіндігін жекелей қарастыру мәселелері бекітілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова еліміздің барлық өңірінде оперативтік штабтар құрылғанын айтты.
Десек те, урбанизацияға лажсыз ұрынған халқымыздың ең басты мұң-мұқтажы баспана мәселесі екені шындық. Қала жағалаған халықтың көбі уақытша баспаналар мен вагондарды жалдап тұрып жатқаны ащы ақиқат.
Ішкі істер министрлігі бүгінде Астана аумағында 22 мыңнан астам жекеменшік иеліктегі үй бар. Ал тұрғын үй секторы аумағындағы «времянкалар» саны 7 мыңға жуықтайды. Ішкі істер министрлігі осы «времянканы» баспана ретінде пайдалануға тыйым салу туралы ұсынысты Үкіметке енгізбек. Бірақ мұндай шешімнің жүзеге асуы үшін алдымен халықтың қайда тұратынын анықтап алу керек шығар. Ал жаппай қолжетімді баспанамен қамтуға Үкіметтің шамасы жете ме?… Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж.Қасымбек азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері негізінде халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша қосымша нақты тетіктер әзірленіп жатқанын айтқаны бар. Министр сөзінің қауқары қанша екенін уақыт көрсете жатар…
Әр балаға 20000 теңге жәрдемақы беру мүмкін бе?
Қаржы министрі Әлихан Смайылов: “Республикалық бюджеттен 2019 жылға әлеуметтік салаға 4,8 трлн. теңге бөлінбек, бұл бюджеттің барлық шығындарының 45 пайызын құрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік сала шығыстарының үлесін одан әрі арттыру жұмыстары жалғасады”, — деді. Сондай-ақ, министр көпбалалы отбасындағы әр балаға 20 мың теңгеден жәрдемақы төлеу мәселесі талқыланып жатқанын айтты.
Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы, біріншіден, балаға жәрдемақы берілетін жасты ұзарту, яғни бір жастан жоғарылату, екіншіден, жәрдемақының өзін көтеру мәселесін талқылап жатыр. “Қажетті ұсыныстар енгізіледі. Бұл әбден мүмкін, бүгін бір санды айтсақ, ертең ол өзгеруі мүмкін. Бұл жөн болмас”, — дейді Әлихан Смайылов.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына “Құрылған жұмыс тобы өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес арнайы әлеуметтік карта қалыптастыруы керек” деп депутатық сауал жолдаған болатын. Осы орайда Зәуреш Аманжолова мемлекеттің мақсатты қолдауына мұқтаж азаматтардың санаттарын нақты көрсету арқылы облыс, аудан және ауыл тұрғысында олардың ерешеліктері ескерілуі тиіс екенін ескертті. Яғни, еліміздің көпбалалы отбасы мәселесін шешуде өңірлік ерекшеліктердің ескерілу керектігі де құптарлық іс.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ