Көпбалалы отбасылардың балалары үшін 460 білім гранты бөлінді

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен көп балалы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары үшін республикалық трансферттен 5000 грант бөлініпті. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтып берді, — деп хабарлайды  «Elana» ақпарат агенттігі.

Сұлушаш Сәтбекқызының айтуынша, аталған гранттың 460-ы Жамбыл облысына тиесілі екен. Оның 72-сі педагогикалық, 388-і ақпараттық коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс, ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына бөлініпті.

– Облыс әкімдігі жанынан құрылған конкурстық комиссия берілетін білім беру гранттарын мамандықтар бойынша орналастыратын жоғары оқу орындарын анықтады. Жоғарыда көрсетілген санатқа жататын мектеп түлектері ЖАО өткізетін конкурсқа қатыса алады. Құжат 5-10 тамыз аралығында қабылданады. Қай жоғары оқу орны қандай мамандықтар бойынша құжат қабылдайтыны 2 тамызда облыстық қоғамдық кеңестің қорытындысына сәйкес белгілі болып, ол облыс әкімдігінің және білім басқармасының ресми сайттарында жарияланады. Құжаттарды белгіленген оқу орындары қабылдайтын болады, – дейді Сұлушаш Құрманбекова.

Биылғы жылы жергілікті бюджеттен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы медицина саласына – 15, агрономия мамандығына – 10, аграрлық техника және технология мамандығына – 5 грант, денсаулық сақтау саласы бойынша резидентураға – 9 орын бөлініп отыр.

Грант ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатының балына қарай ҚР Үкіметінің 23.01.2008 жылғы №58 Қаулысына сәйкес конкурстық негізде тағайындалатын көрінеді.

Жоғары білімнің гранттарын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсушілерді қоспағанда, ҰБТ нәтижесі бойынша ұлттық ЖЖОКБҰ-ға – кемінде 65 балл, ал «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖЖОКБҰ-ға – кемінде 50 балл, ал «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 60 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» білім беру саласы бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша – кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет. Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламаларының тобы бойынша жоғары білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша ұлттық ЖЖОКБҰ-ға – кемінде 65 балл, ал «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖЖОКБҰ-ға – кемінде 50 балл, ал «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 60 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша – кемінде 5 балл және әрбір шығармашылық емтихан бойынша – кемінде 5 балл жинау қажет.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы