Көпшіліктің көңілінен шыққан «KITAP FEST» фестивалі

Тараз қаласының орталығындағы «Жастар» аллеясының «Кітап» алаңында Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және кітапты04 насихаттау, өскелең ұрпақтың рухани адамгершілік білімін арттыру мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі «KITAP FEST» кітап фестивалін ұйымдастырды.

 

Салтанатты шараны қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев құттықтау сөзбен ашып, аталмыш кітап фестивалінің маңыздылығына тоқталды.
– Тараз қаласы бойынша 8 кітапхана бар. Онда 40 мыңға жуық оқырманымыз бар. Бұл кітапханалардағы 400 мыңға жуық кітаптың 160 мыңдайы мемлекеттік тілде, қалғаны өзге тілдерде. Сондықтан біздің мақсатымыз жастарды кітапты қадірін түсіне, қасиетін сезіне оқуға баулу және кітапханаларымыздың кітап қорын толтыру. Өйткені кітапқа деген оқырман сұранысы әлі жоғалған жоқ. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпауымыз керек. Бүгін облыстан ғана емес басқа да өлкелерден баспа өкілдері келіп, өз өнімдерін оқырмандарға ұсынып отыр. Яғни алдағы уақытта кітапханаларымыз тағы да жаңа дүниелермен толығатын болады, – деген Алмас Кәдірбекұлы мұнан соң өзге өңірлерден келіп, өздерінің кітап өнімдерін әкеліп атсалысқан білікті баспа үйлері мен кітап дүкендерінің басшыларын марапаттады. Олардың қатарында «Альманахъ», «Самға» үйлері мен «Kitapal», «Букенист», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендері бар. Аталмыш баспалар мен кітап үйлері арнайы ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеге өздерінің таңдаулы кітап өнімдерін ұсынды. Онда қазақ поэзиялары, әдебиеті мен шетел классиктерінің жанры және психологиялық кітаптар тұрғындарға таныстырылды. Сонымен бірге, фестивальдің негізгі бөлімінде ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызының «Қарлығаштар мекені» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты рәсімде еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург Елен Әлімжан мен филология ғылымының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейсекүл Исматова жаңа кітаптың лентасын қиып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады.

 

Бұдан соң драматург Елан Әлімжан, қарымды қаламгер Қайырбек Асанов, журналист Баймаханбет Ахмет, сатирик Бақытжан Советұлы, Хамит Есаман, Жұлдыз Бейсек, Табиғат Абаилдаев, Жанғазы Ахметовтер сынды ақындар шығармашылықтары, кітаптары жайлы оқырмандармен ой бөлісіп, сұхбаттасты.