Қораз бен иттің әңгімесі
Ертеректе бір кісі жан-жануарлар мен хайуанаттардың тілін білетін Сүлеймен пайғамбарға келіп: «Ей, Алланың елшісі, маған да махлұқаттар тілін үйретші,» – дейді. Сүлеймен пайғамбар: Жоқ, сен олардың тілін түсінсең, олардың бүгулі сырларының мәніне жете алмай, естіген-білгендеріңе сабыр ете алмай қиналып қаласың» деп рұқсат бермей қояды.
Әлгі адам әрі жалынып, бері жалынып, Сүлеймен патшаның үйретпесіне қоймайды. Ақыры Сүлеймен пайғамбар келісімін беріп білгенін үйретеді.
Қуанышы қойнына сыймай үйіне келген адам үйінің маңында ит пен қораздың әңгімесіне куә болады. Ит қоразға: «Қораз бауырым, сен қарныңды бидаймен де, арпамен де тойдыра аласың. Сен ана дәндерді жеп, нанды маған қалдырсаң қайтеді? Қарным ашып өлер халде тұрмын,» – дейді.
Сонда қораз: «Сабыр сақта, бауырым. Ертең бұл жерге мына адам, арам өлген есегін алып келіп тастайды. Сол кезде етке қарық боларсың»-деп жұбатып қояды. Мұны естіген адам үйіне қарай тұра жөнеледі. Ақыры өлетін болса, маған пайдасы тимес деп есегін базарға апарып сатты да жіберді. Базардан қайтып келе жатып өз-өзіне: «Жан-жануарлардың тілін үйренгенім қандай жақсы болды. Есегімнің арам өліп қалуына аз қалды ғой» деп масайрайды.
Ертеңгіне тағы да ит пен қораздың әңгімесінің үстінен түседі. Ит қоразға күш көрсетіп ырылдап келіп: «Ей, қораз! кеше ғана мына адамның есегі өліп, етке қарық боласың дегенің қайда?» дейді. Сонда қораз: «Бұл адамның есегі өлуін өлді ғой. Бірақ сатып алған адамның қолында өлді. Бұл адам қорыққандығынан сатып жіберді. Қам жеме, жақында бұл адамның аты өледі. Оны осында әкеліп тастайды. Қуырдақтың көкесін сонда көресің,» деп тағы да иттің дәмелендіріп қояды.
Мән-жайды біліп алған әлгі адам апыл-ғұпыл барып, атын да сатып жібереді. Қайтар жолда тағы да: «Тілді үйренгенім қандай жақсы болды. Сәл болмағанда аттан да айрылып қала жаздадым-ау» деп бір бәледен құтылғандай сезінеді. Жол-жөнекей ит пен қоразды тағы да көреді. Ит бұрынғысынан да ашулы, қоразды қуып жүріп ұстайды да: «Ей қораз! Тағы да алдадың. Аттың еті қайда?» дейді. Сонда қораз: «Ат та есек сияқты басқа адамның қолында өлді. Бірақ сен қорықпа, ендігі кезекте бізді одан үлкен дастархан күтіп тұр» дейді. Ит: «Тағы да алдап тұрсың ба?» деп жүндерін үрпите бергенде, қораз: «Жоқ, рас айтамын. Енді мына адамның өзі өледі.
Малына келген бәлекет енді өзінің басына келеді. Осының өліміне берілген астан артылған тағамдар осында тасталады. Сонда қалағаныңша жейсің,» – дейді. Мұны естіген адам: «Ей адамдар! мені құтқарыңдар» деп айқай салып әрі-бері шапқылай бастайды.
Кешке жақын әлгі адам ауыра бастайды да, түннің бір уағында о дүниеге аттанып кетеді. Ертеңіне ас беріледі. Артылған етті тағамдар қоқысқа тасталады. Тіршілік иелері тамаққа қарық болады. Сонда қораз: «Адамдар бәлекет жаныма емес малыма келсін. Бұл да тағдырдың сынағы болар» деп шүкір етсе ғой. Бірақ оны да айтпайды. Сөйтіп жүргенде, малы түгіл жанынан да айырылып қалады» деген екен.