Қордай ауданы толықтай газбен қамтылады
Қордай ауданы жақын болашақта толықтай табиғи газбен қамтылатын болады. Бұлай деуге қазір толық негіз бар. Себебі 2020 жылдан бері қарқынды жүрген жұмыстар бүгінде бәсеңсіген емес. Былтырғы жылдары ауданның «Колхоз» және «Отар» аймағына газ жүргізу жұмыстары басталса, биыл Ноғайбай ауылына қарай бағыт алды.
Ноғайбай ауылдық округін газдандыру мақсатында сметалық құны 830,4 млн теңгеге 2022-2023 жылдарға бюджеттік өтінім берілген болатын. Бүгінгі күнге республикалық және облыстық бюджеттен 2022 жылға 444 млн теңге қарастырылып, жұмыстар басталған.
✅Жамбыл облысының мемлекеттік сатып алу басқармасымен конкурс жүргізіліп, нәтижесінде «Gas Energy Construction» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Ауылға газ апарамын деген серіктестіктің жұмысымен жақында аудан әкімі Мәден Мұсаев арнайы барып танысып қайтқан болатын.
Құрамына Ноғайбайдан бөлек Шарбақты, Сарыбастау ауылдары кіретін іргелі округте келесі жылы тұрғындарды газға қосуға толық мүмкіндік бар. Қазір трубаларын жүргізетін жерлері қазылып, дәнекерлеу жұмыстары жүруде.
❗️Келесі жылға өтпелі болып отырған нысанның жұмысы аудан әкімдігінің қатаң қадағалауында. Барлығы ойдағыдай болатын болса округтегі үш ауыл келесі жылы газға қосылып бастайды.
✅Сондай-ақ, Еңбек, Қарасай ауылдарының газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі