Қордайда арзан бағаға ет, сүт және көкөніс сатылды
Еліміз үшін аса маңызды дата – Конституция күніне орай көптеген мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде мерекелік жәрмеңкелер де бар. 27 тамызда Қордай ауылының орталық алаңында жәрмеңке ұйымдастырылып, қордайлықтар арзан бағамен азық-түлік сатып алуға мүмкіндік алды.
Таң атқаннан орталық алаңда қызу қарбалас басталып кетті. Жеміс-жидек, көкөніс пен ет тиелген автокөліктер лек-легімен келіп жатты. Ауданымыздың ауылдарынан жиналған шаруалар делдалсыз өз тауарларын тұрғындарға сатуға мүмкіндік алды. Айта кетерлік жәйт, сатылған тауарлардың бағасы аудан әкімдігі бекіткен шектен аспауы тиіс еді. Ол үшін әрбір сауда нүктесінің алдында тауарлар тізімі мен бағасы ілініп тұрды. «Бүгінгі ұйымдастырып отырған жәрмеңкеміз облыс және аудан әкімдерінің арнайы тапсырмасымен жасалып отыр. Іс-шарамыздың басты мақсаты маңызды азық-түлік бағасының өсуіне қарсы күресу және сол арқылы тұрғындарға жеңілдік жасау. Сол үшін саудагерлерге бағаның шекті деңгейлері бар қағаз таратып, бағаны өсірмеуді қадағалап отырмыз», — деді аудан әкімдігінің ауыл шарушылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаев. Жалпы сауда қарқынды жүрді десе болады. Әсіресе, ет сатылып жатқан сауда нүктелерінде ерекше көп адам жиналды. Б.Садырбаевтың айтуынша мұндай жәрмеңкелер болашақта да жиі өткізіп тұру көзделуде. Бұл еліміздегі бағаның шарықтауына қарсы жасалып жатқан саясаттың бір бөлігі болмақ.