Қорған облысымен ынтымақтастық нығаюда
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов бастаған делегация Ресей Федерациясының Қорған қаласына жұмыс сапарымен барып қайтты. Ең алдымен Ерік Хамзаұлы Қорған облысының губернаторы Алексей Кокоринмен бірге жоспарланған шаралар аясында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде болды. Онда Петропавл қаласы мен облыстың 15 кәсіпорнының өнімдері жергілікті тұрғындардың назарына ұсынылды.
Жәрмеңкеге арнайы әкелін-ген жүзден астам тауарлар ассортиментінің сомасы 10 млн. теңгеден асады. «Солтүстік Қазақстанда жасалған» маркасымен шығарылған өнімдер қорғандықтардың қызығушылығын тудырды. Оны жәрмеңке сөрелерінің алдындағы ұзын-сонар кезектен де байқауға болатын еді.
— Біз бұл өнімдермен жақсы таныспыз. «Зенченко және К» компаниясының сүтін, қаймағы мен айранын сатып аламыз. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің болатындығын естіп, асығып келгеніміз де сондықтан. Ірімшік, бал, жұмыртқа сатып алдық. Бағасы біз үшін қолжетімді. Жиірек келсеңіздер, тек қана қуанатын боламыз, — дейді қорғандық тұтынушылар. Бұл жолы көрші өңірге 12 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары әкелінді. Олар — ет пен сүт, бал мен омарта өнімдері, макарон мен кондитер бұйымдары, басқа да азық-түлік тағамдары. Жәрмеңкеден кейін солтүстікқазақстандық делегация өңірдің жетекші кәсіпорындарының бірі — «Курганстальмост» жабық акционерлік қоғамының өнімдерімен танысты. Онда көпірлердің барлық түрлеріне арналған металл құрылғылары шығарылады. Зауыт жұмыс істей бастаған 37 жылдың ішінде күрделі құрылғылар ғана емес, нысандарға бірегей өң беретін өнімдер өндіріп келеді. Кәсіпорынның бас директоры Дмитрий Парышевтің айтуына қарағанда, «Курганстальмост» ЖАҚ — Ресейдің Еуропаға металл құрылғыларын экспорттайтын бірден-бір кәсіпорны. Зауыт алғаш рет Германияға өз өнімдерін шығара бастапты. Сонымен бірге өндіріс орнында жоғары кернеулі электр қуатын тарататын желілер, антенна тіректері, үлкен диаметрлі су өткізетін құбырлар сияқты жаңа технологиялар да игерілген. Қызылжарлық делегация «Бауер Машины-Курган» ЖАҚ кәсіпорнының еншілес компаниясында жарыспалы құрылыс бұрғылау машиналарының алуан түрлерін жинап жатқан сәтімен де танысты. Ресей Федерациясының Г.А.Илизаров атындағы «Қалыпқа келтіру травматологиясы және ортопедиясы» ғылыми орталығының жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінгі күні онда Қазақстан Республикасынан келген 15 пациент медициналық көмек алуда. Жыл басынан бері 150 отандасымыз ем-дом қабылдапты. Қорған облысында академиктің туғанына 95, дүниежүзіне әйгілі әдістің 65 және ғылыми орталықтың құрылғанына 45 жыл толуына орай 2016 жыл Илизаров жылы болып жарияланыпты. Биыл наурыз айында Қорған облысының губернаторы Алексей Кокориннің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде орталық директоры Александр Губин шекаралас өңірдің екі медицина мекемесімен өзара ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын.
— Илизаров орталығы жайында ондаған жылдар бұрын білсем де, онымен жақынырақ танысудың сәті бүгін түсті. Таңдана отырып, жемісті ынтымақтастық орнататындығымызға кәміл сенімдімін. Сіздерге тек қана сәттілік тілеймін, — деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Жұмыс сапарының соңында Қорған облысы Үкіметінде екіжақты құжаттарға қол қоюға арналған салтанатты шара өтті. Кездесуді қорытындылай келіп, Алексей Кокорин қорғандықтар бірлескен кәсіпорын ашуға әзір екендіктерін жеткізді.
— Бүгінгі сіздердің өнімдеріңізге тұрған кезек тауарларыңыздың өз өңірлеріңізде ғана емес, біздің облыста да танымал екендігін танытты. Әлеуметтік саладағы әріптестікпен бірге экономикалық байланысты да дамытып отырғанымыз көңілді қуанышқа бөлейді, — деді Алексей Геннадьевич. Өз кезегінде Ерік Хамзаұлы шекаралас өңірлердің дамуына интеграция зор ықпал ететіндігін тілге тиек етті.
— Біз сіздермен 16 меморандумға қол қойдық. Біздің келісіміміз жеміс-ті жұмыс істей бастады. «Жол картасы» алдағы уақытта біздің қарым-қатынасымызды дамытатын, алға жетелейтін және бақылайтын құжат болады, — дей келіп, Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан мен Зауралье ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларында тиімді жұмыс істеп жатқандығына тоқталды. Құттықтау сөзден кейін өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен Қорған облысының губернаторы Алексей Кокорин өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, туризм мен спорт, денсаулық сақтау салаларында өзара іс-қимыл жөніндегі «Жол картасына» және туризм мен спортқа байланысты екі меморандумға қол қойды. Салтанатты шарадан кейін БАҚ өкілдері үшін өткізілген брифингте Ерік Сұлтанов:
— Бүгін өз резервтерімізді талқылай отырып, кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігіне көз жеткіздік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бизнеске басымдық беру міндетін алға қойып отыр. Қорған облысы тарапынан салынатын инвестицияға әрдайым қолдау көрсететін боламыз, — десе, Алексей Кокорин:
— Іскерлік келісімдердің дер кезінде орындалуы мен сапасын атап айтқан жөн. Өкінішке орай, Ресей Федерациясының субъектілерімен жасалған келісімдер біздің екіжақты әріптестіктеріміздей тиімді жұмыс істеп жатқан жоқ. Осының өзі үлгі алуға лайықты мысал. Одан үйренеріміз де мол, — деп ағынан жарылды.
Нұрсайын ШӘРІП