Көргені – көп, түйгені мол тұлға

Егемен еліміздің дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлға – Бердібек Сапарбаев 2020 жылдың ақпан айынан өткен жылдың сәуір айына дейін Жамбыл облысын абыроймен басқарды.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» деген әдемі аталы сөз бар. Бәрімізге белгілі, Бердібек Мәшбекұлы өңірімізге келгенде «Қордай оқиғасының» оты лаулап, халқы дүрлігіп тұрған кезі еді. Біріншіден Алланың, екіншіден Мемлекет басшысының тапсырмасымен, «кризис-менеджер» Сапарбаевтың шұғыл, батыл іс-қимылдарының арқасында ондағы келеңсіз жағдай тұрақталып, бәрі қалпына келтірілді.
Сол тұстағы облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының іскерлігінің арқасында Қордай ауданы сол уақытта танымастай өзгерді, бірқатар елді мекенге ауыз су, газ жүргізілді, жол жөнделді, әлеуметтік нысандар, мектептер, балабақшалар, спорт сарайлары мен алаңдары соғылды. Жергілікті халық Президентіміз бен Бердібек Мәшбекұлына әлі күнге дейін алғыстарын айтуда десем, артық айтқандық емес. Бердібек Мәшбекұлы жұмысқа берілгендігі соншалықты, аудандарды апта сайын аралап, тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрмейінше тыным таппайтын.
«Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп кезінде Әлихан Бөкейханов айтқандай, қандай атақты басшы, кәсіпкер, инвестор болмасын, байқаған кемшіліктерін бетіне айтып, оларды түзеткізбей қоймайтын. Бердібек Сапарбаевтың барлық жиналыстары жұртшылыққа ашық тікелей эфирлерден беріле бастады. Білікті басшының өмірлік қағидасы – адалдық пен әділеттілік, заңға бағыну болатын.
Сондай-ақ, отбасы құндылықтары мен еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, дәріптеуді де басты назарда ұстайтын. Облысқа өзі басшылық еткен тұста Отарда Күнсұлу Закарьяның басқаруымен Қазақстанның «КаzVаk» ковидке қарсы вакцинасы шығарыла бастады. Бердібек Сапарбаев «БиоФарм» зауыты іске қосылғанша апта сайын сонда барып тұрды. Сол секілді Байзақ ауданында да төтенше жағдай орын алғанда көп жұмыс атқарылды.
Бердібек Мәшбекұлының халыққа жасаған көптеген игілікті істерінің ішінде ерекше еске алатын тағы бір жоба – «Асарлатып үй салу» жобасы болатын. Санап отырсам, сол екі жылда әлеуметтік тұрмыстық жағдайы төмен 233 отбасы баспаналы болған екен. Бұл керемет сауапты іс емес пе, жоба қазір де барлық қала, аудандарда жалғасын табуда.
Елімізде Премьер-Министрдің орынбасары, министр, бес облыстың әкімі қызметтерін атқарған, көргені – көп, түйгені мол тұлға – Бердібек Сапарбаев биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Осындай асқаралы белестерді бағындырған Бердібек Мәшбекұлына мықты денсаулық, отбасына құт-береке тілейміз!

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
«Жаңа-Ру» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы.