ҚОРҚЫТ КЕЙПІНДЕГІ ШАХМАРАН
Соноу тоқсаныңшы жылдары алғаш Алматыға келгенде бір үзім нанды бөліп жеген азғантай достың бірі осы Дәурен батыр. Дәурен журналистікпен қатар жазушылықты қатар алып келе жатқан қаламгер. Екі жанрда қатар атқан оғы — айтқан сөзі тек ондыққа дөп қадалады. Қаншама Республикалық белді басылымдарда басшылық қызмет атқарып қана қоймай, сол басылымдардың бағын ашқан білікті азамат. Мынау тас қалаға мәжбүрлі түрде қамалғанымен Даурен достың бүкіл арман-аңсары ауылға қарап аңырап тұрады. Оны өзімен сөйлескенде аңғармауыңыз мүмкін емес. Себебі, Дәурен Қуат о бастан туған ауылды жүрегінің қақ төріне қойып көтеріп келе жатқан толағай. Дәурен бүгінгі қалам ұстаған жазушылардың ішінде шоқтығы биік, шын өнердің деңгейінде шығарма тудырып келе жатқан суреткер. Және оның шығармасының дені ауылдағы аxуалдың айналасында өрбиді. Ауыл туралы ауылдың парқы мен қасиетін терең сезіне алатын адамның жазғаны бір ғанибет!
Ауыл демекші Дәурен досымыз бірер жыл бұрын парламент мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде ,, Ауыл ,, партиясының атынан бақ сынап додаға түскен жайы бар еді. Сол жолы Дәурен өзі өте жақсы біліп тұрса да өз ауылына барып ел-жұртпен дидарласып жұрттың көкейіндегі түйткілді өз көзімен көріп, ауылдастарының өз аузынан естімек болды. Сол жолы сол сапарға бірге шығып Дәурен достың ауыл-аймағын қона жатып түгел аралап шыққанбыз. Дәуреннің шығармаларындағы кейіпкерлер сонда қарсы алдымыздан қаптап шыққандай әсерде болып едім. Дәурен аспаннан алып ешнәрсе жазбайды. Мәселең, әне, анау Дәуреннің «Тас моншасының» орны. Әне бір тау ана бір шығармасындағы тау, мына бір сай мына бір шығармасындағы сай дегендей кете береді. Дәурен көзімен көріп, құлағымен естіген өз көкейінде байыптаған дүниені ғана қағазға түсіреді. Дәуреннің өсіп-өңген қарашаңырағына тоқтадық, Дәурен дәріс алған мектепке бардық. Дәурен жүрген жолдармен жүрдік, Дәурен көз суарған әсем заңғар тауларға таңдай қақтық. Асулардан астық, тамшы бұлақтың дәмін таттық. Сонда мен көз алдыма құлдыраңдаған Дәурентайдың құлын шағын, бозала таңда тұрып арманға бойлаған бозбала кезін елестеткендей болып едім. Біздің Дәурен осынша ғажайып табиғаттың аясында жаратылып қолына қалам ұстамаса күнә болар еді. Алла-тағала Дәурен жазушы болуы үшін осы топырақта жаратқан сияқты. Құдай Дәуренге соншалықты сырбаз мінез, көркем болмыс, асқақ дарын нәсіп еткен-ді. Дәурен жазу әлеміндегі мәдениетті ана сүтімен бойына сіңірген бекзат. Туған жердің табиғатынан қонған дегдарлық Дәуреннің әр шығармасында қылаң беріп тұрады. Дәуреннің әр шығармасында туған жерге деген махаббат мен мұндалап тұрады. Туған елді, туған жерді Дәуренше сүю, Дәуренше ұлықтаудың үлгісі оның әр шығармаларында, соның ішінде «Шахмаранның кітабы» әңгімесінде ғажайып сипатта бедерленген. «Шахмаранның кітабын» оқыған оқырман Дәуреннің соншалықты сұңғыла, шебер суреткерлігіне таң қалмауы мүмкін емес. Ол осынау бір ғана әңгімесінде әдебиеттегі ізденістердің түрлі формаларын бір арнада тоғыстыра білген. Мистикалық, қиял-ғажайып қисындар шынайы өмірмен астасып мазмұнды мәнімен оқырманды нанымды сезіммен іркіліссіз жетелеп отырады. Дәуреннің қазақы сөз саптауы көңілге майдай жағады. Дәуреннің рухани ұстанымы Қорқыт философиясымен астасып кетеді. Дәурен де «Мәңгілік өмірді» Қорқыт бабасы сияқты туған жерді сүю, туған елге қызмет ету (өнер тудыру!) құндылықтары бойынша қамтиды. Жер кіндігі – адамның туған жері! Адам туған жерге адал болғанда ғана мәңгі жасай алады. Өлмеудің амалы өнерде. Қорқыт туған топырағы Сырға жетіп қарағайдан қобыз қиып өнер тудырды. Біздің Дәурен де мәңгі өмірді туған жерді ұлықтау деп таныды. Туған жерден, туған ауылдан қалаға үдере көшудің себебі сан ғасырлық қорқыт танымындағы қариялардан көз жазып қалудың салдары екенін айтады. Солтанбай секілді «Көл қорыған қызғыштай» ел қорыған абыздарды қасақана туған топырақтан жырақтатудың нәтижесінде уыздай ұйыған елдің бірлігін сетінету, рухани азғындату дейтін көзге көрінбейтін астыртын жүріп жатқан саясаттың құрбандығына бұл күнде бір ғана ауыл емес тұтас еліміз шалдыққанын қалай жасырамыз. Ауыл қалаға ағылды. Ауыл ізгіліктің алтын тамыры еді. Жамаудың жаны ауылға жамау еді. Былайғы жұрт Жамауды жынды көрді. Қазақ даласындағы әр ауылда бір-бір Жамау күн кешіп жатқаны күмәнсіз. Дәурен соны тап басып танып отыр. «Шахмаранның кітабында» бүгінгі қазақтың жан жарасы былай бейнеленеді:
«Дөң басында дөңгелене малдас құрған шалдар жарыса жер томпайтып, бақиға аттансымен, бір тоқтыны қандап бітіретін ағайын арасындағы кілт еткен кикілжің атаулының кірі қалыңдап, әр кім өз ұяты мен намысының шылауына байланып, қабағын теріс салды. Содан кейін-ақ:
— Сырты түкті, іші боқ бірер хайуан із-түзсіз жоғалып, бір-екі азамат сотталып кетті;
— Қазан теуіп қағынған тенетектер көбейіп, бас жарылып, тіс сынды;
— Келін-кепшіктің сұйық жүрісі білініп, оң босағадағы қыздың ойпаң белі шеңбірек атып шаңырақ астында төлдеді;
— Ала жіп көрсе асылып өлетіндер көбейді;
— Сөз жарыстырғаннан бөз жарыстырған озып, бәкене бойлы бәсеке күшейді.
Осының бәрін Жамаудың ауылы өз ішінде қоздатып, өсіріп, ушықтырып, балалатып алды да артынан шошығандай түршігіп тұра қашты. Қалаға. Біреуді біреу біліп болмайтын қалаға».
Ауылда жалғыз Жамау қалды, бүтін ауылдың шырақшысы секілді. Тауға шықса тауға қонып қалады, «ойға түссе» ойға қонып қалады. Сүйегі баяғыда қурап қалған аруақтармен ауыл арасында «кездесіп» тілдесе беретін болды.
Қазақта елдің ,,Иесі,, , жердің ,,Киесі,, деген қасиетті ұғым бар. Дәурен осынау
шығармасында осынау қасиетті құндылықты өте нәзік, ерекше шеберлікпен тұспалдап жеткізеді. «Шахмаранның кітабындағы» әр бір кейіпкер, әр бір құбылыс нышандық сипатта көрніс тапқан. Солтанбай дәруіш, Жамау «жынды», жыландар патшасы Шахмаран, Мәулім барлығы да көркем шығармада емес нақты өмірде болып жатқан оқиғадай әсер береді. Және кейіпкерлердің әр қайысы бір-бірімен тылсым байланыс арқылы параллель әлеммен үндесіп, тілдесіп тұрғандай сиқырлы сезімге бөлейді. Шахмат тақтасындағы қозғалыс сияқты кеңістік мазмұны вертикаль һәм горизонталь сипатта ишараланған тұста Жамау мен Мәулім бейнесі бір уақыт белдеуінде кездеседі. Шахмаран, яғни Дәурен жасырған жұмбақтың шешуін бізге Мәулім айтып береді.
«-Сол заманның куәгерлерінен қалған сөз екен, балам. Кітапты Шахмаран Мәулім арқылы жер бетіне шығарып, адамзат баласына тарту етпек болған. Ол кітапты жаны ізгі, жаманшылық ойламайтын бекзат кісі ұстаса деп армандапты. Кейін адамдардың арасына оқымысты-ғұламалардың кейпіне еніп кіріп кеткен ібілістерді сезіп, кітапты Аршалы таудың бір шыңырау құз-жартасына тығып тастапты. Осылайша Шахмаран күндіз кісі, түнде жылан болып әлгі кітапты әлі күнге дейін бағып жүр екен.
Ертесіне Жамау Аршалыға апарар бұралаң соқпаққа түсті. Тау етегі қоянжонданып бел-белеске ұласқан сайын баяғы уілдің сарыны төңіректі сапыра көшіріп Жамаудың екі аяғын жерге тигізбеді. Төменде иен ауыл қой тастардай үйіліп қораш көрінеді. Сарытау табан астында тапталып, басында алабас атан бұлттар аунаған Баянжүрек белден төмен қалды. Жамау демін басып, жан шақырып қараса, аспанды алқымдаған алып бір құзар шыңның шыңырау биігінде дамылдапты. Дәрмені таусыла, буындары құрсауланып бүктеле құлаған. Кенет бойын жазды да созылып сала берді. Сөйтті де жақпар тастан желбезегін шығарып, ысқыра арбап тұрған әбжыланға қарай басын оқтай шаншып ирелеңдей жөнелді».
Жылан бауырына алтын басып ұйықтайды. Ол алтын – саф өнер, ол алтын — туған жерге деген махаббат! Туған елдің иесі — Солтанбай мен Жамаулар, туған жердің киесі – Шахмаран мен Мәулімдер! Шырмауықтай шиырланған, құмырсқаның илеуіндей шым-шытырық мазмұннан біз таныған мән осы! Дәурен Қорқыт бабасы сияқты Мәңгі өмірдің мәнін таныған, Шахмаран сияқты Мәңгі өнердің кілтін тапқан суреткер. Дәурен – Солтанбай, Дәурен – Шахмаран, Дәурен – Жамау, Дәурен – Мәулім…
PS. Ащыбұлақтан Қапалға қарай бет түзегенде Қаракүнгей асуында аяқ суытып аз аялдадық. Жарықтық, Қаракүнгей асуы аппақ қарға көміліп жатыр екен. Дәурен көліктен түскен бетте аппақ қарға шалқалай құлады. Туған жердің аспанын шалқалап жатып бажайлағысы келді-ау. Аспан да өзгереді екен… «Кенет, бойын жазды да созылып сала берді. Сөйтті де жақпар тастан желбезегін шығарып, ысқыра арбап тұрған әбжыланға қарай басын оқтай шаншып ирелеңдей жөнелді».