КОРОНАВИРУС – АЛЛАДАН КЕЛГЕН ІНДЕТ, САҚТАНУ ОДАН – МІНДЕТ!

Шәкәрім атам «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дегеніндей, биылғы көктем бұрынғы көктемдерден өзгерек болып тұр. «Жығылғанға жұдырық» болып мұнай бағасы арзандап, доллар төлемі қарыштап кетті. Бұл да қарапайым халыққа ауыр тиіп, қазақ билігін алаңдатып отыр. Биылғы қыстың өзі оңтүстіктен өзге өңірлердің бәріне қиындық әкеліп, мөлшерден тыс қар түсіп, көктем жадырап жетсе де, қалың қар «жараланған жауынгердей» жатып алды. Дағдарыс дейтін экономикалық кризис желмаясын желдіртіп әлемді шарлап, Қазақияға тарпа бас салды. Ақырында толқыған халық, ертеңіміз не болады деп шошынған адамдар көбейді. Қоғамда байдың пейілі тарылды. Шенеунік тамыр-таныспен танылды. Ұлттық идеология жүрісінен жаңылды. Осыдан кейін қазақ қоғамы бай мен кедей болып екіге жарылды.
Атамыз қазақ мұндайда «Көппен көрген – ұлы той» деп сабыр ететін. Сол әдеттен «Бұдан да жаманында тойға барған» қазақ халқы тыйыла қоймас. «Ей, Алла, жанымды алсаң ал, пейілімді алма», – дегенді көп айтатын ел едік. Пейіліміз тарылмаса екен! Ел болашағының кемел болуын ойлаған билік басындағы азаматтар да өздеріне артылған жауапкершілік үдесінен шығады деген ойдамыз. Екінші президентіміз Тоқаев мырза бастаған тарландардың таландарына қарай билік тізгінін қолдарына ұстау – «Тар жол, тайғақ кешу» дәуіріне тұспа-тұс келуін қарасаңызшы! Қаншама жауапкершілік! Қаншама міндет тұр қасқайып!

 

АҚЫЛДЫ БАСШЫЛАР ЕКІ ДҮНИЕНІҢ  ПАЙДАСЫН ОЙЛАР

Президентіміз бастап, дүйім халқы қолдап биыл Абай Құнанбайұлының 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдықтарын дүркіретіп өткізуге күш салмақпыз. Өйткені Абай қазақтың – марқасқасы, мақтанышы, жол көрсетуші – темірқазығы! Сол Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас» дегеніне тағы да жүгініп отырмыз, біз бейбақ!
Әлемнің ұйқысын қашырған коронавирус жайлы айтар болсақ, бұл Алланың адамзатқа жіберген үлкен сынағы. Алла Тағала қазір әлемге қаһарын төгіп тұр. Оған себеп: барша адамзат адами болмыстан ажырап, еркіндікке ұмтылып, ғылым мен технология жетістіктеріне масаттанып кетті. Ұлттық құндылықтар жойылу үстінде. Ұят пен аят – ақталысқа, өсек пен арсыздық мақтанышқа ұласты. Сөйте тұра коронавирусқа қарсы тұруға дәрмені жетер емес ғаламның. Әлсіз жаратылған пенденің бәріне күші жеткенде, жұқпалы кеселге шамасы жетпеуде.
Осыдан барып, әлемдегі ислам ғұламалары бір ауыздан бұл індетті «Алладан келген сынақ» деген пәтуәға тоқталып жатыр. Себебі адамдардан мейірім ұзады. Ата — анаға деген ілтипат, қызға, қарындасқа деген ізет, баланың әкені сыйлауы, әкенің балаға деген, жалпы отбасыға деген құрметі азайып кетті. Отбасы құндылығы дегеннен жұрдай болдық. Ажырасу дегенге құлақ үйреніп, ет өлгелі қашан. Қыздан қылық, ұлдан ұлылық жоғалды. Тірі жетім мен тастанды бала көбейді. Кемеңгер Абай айтпақшы, «Қанағат, рахым» ойлайтындар азайды. Бай кедейге мейірімсіз, кедей байға ызалы. Шамадан тыс байыған шенеуніктердің көбеюі, оларды қолдаушылар молаюы, зинақорлық пен жалаңаштану сәнге айналуы, жемқорлық пен парақорлықтың кең етек алуы да шектен шықты. Тіпті бір адамға шексіз табыну, қолдан құдай жасау, өтірік айту, зәулім ескерткіштер – пұттар тұрғызу да қайбір жақсылық болсын! Тіл мен ділден бас тарту, өткенге тас ату емес пе осы?! Америкалық ұлт болу арқылы – барлық құндылықты жер жастандыруға талаптанып жүргендер қаншама жер бетінде. Қабірдегі аруақтар азаналар іс қой бұл?! Қарапайым халықтың да ішінен басшылыққа бағынбай, қоғамның мазасын алатын шерулерге дем беру де үлкен күнәлі істерден… Мұның бәрі Алла Тағаланың ашуын келтіретін дүниелер екені даусыз!
Сондықтан да Алланың ескертуін барлық мемлекет басшылары, әсіресе, ата-бабасы мұсылман болған ел президенттері, үкімет басшылары, әр саладағы шенеуніктері үлкен ыждағатпен қабылдағандары дұрыс. Ел тұтқасын ұстаған ақылды басшылар екі дүниенің де пайдасын ойласа ғана, елі биіктеп, жері көктеп, ырыздығы артып, халқы шалқып, байлығы тасып, ұрпағы жасық болмас еді-ау… Шенділер елге құшағын жайып, парасаттылық қылса – желқайық, артылмас еді оларға ешбір айып! Иә, әлемді шарлаған коронавирустың технология дамыған заманда ырыққа көнбей кетуінің өзі түсінгенге үлкен сабақ емес пе!
Әсіресе, қазақ тарихында өзгеше орны бар наурыз мейрамы – биыл сән-салтанатымен тойланбайды. Наурызды айтасыз, елдегі бастауыш партия «Нұр Отанның» да кезектен тыс жиыны кейінге шегерілді. Мектеп оқушылары да «аяқ құрғатуға» жылдағыдан ерте кетіп жатыр. Себебі әлемді жайлаған коронавирс – ғаламды састырып, той-думандарға салды «тас құлып». Дарақыланып таситын, қонақ күтіп бас үйтіп, бар байлығын шашатын, ентігін сүйтіп басатын елдерге де етек-жеңін жинауға, алды-артына қарауға мүмкіндік бар. Өйткені «Жау жоқ деме жар астында» дегеннің кебі келді. Ойлан адамзат, сайлан, қазақ!

 

ӘЛЕМДІ СОҒЫС ЕМЕС, МҮДДЕЛЕР ТОҒЫСЫ ҚҰРТАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «ДДСҰ коронавирусты пандемия» деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы. Біз қиыншылықтарды #Birge еңсереміз», – деп жазды ол.
Демек, билік коронавирусқа қарсы барлық күш-жігерін жұмсауда. Миллиардтан астам халқы бар қытайдың «аяғын бір етікке» тыққан коронавирус кімді аясын? Дамудың шегіне жеткен, атағы алысқа кеткен мемлекеттердің өзі аты жаман дертке шарасыздық танытып, тек сақтанумен ғана қорғанысқа көшті. Әлем дүрлігіп жатыр. Ұшақтардың ұшуына, пойыздардың қатынауына, кемелердің жүзуіне, автобустардың қатынауына тыйым салған елдер бар. Той-тойламақ түгілі «Байтал түгіл бас қайғы» болып босып кетті қазір барлығы. Коронавирустан аман қалған ел жоққа тән шығар тіпті. Бүгінге дейін 118 елге тарап, 120 мың адам жұқтырған дейді бізге жеткен деректе. Алланың бұл сынағына төтеп беруге иманның мықтылығы мен тәубешілдіктің де тигізер көмегі көп. Сабырсыздық, ашуланшақтық, ақылсыздық, парықсыздық, білімсіздік – орға жығар бір кесел болмақ!
Біздің арамызға да «шақырылмаған қонақтың» келіп «түстеніп» жатқаны туралы хабар да жетті… Алла Тағала артының қайырын бергей!
Қазақ елінің өзінде күн, сағат санап өсуде. Бұл сан әлі де өсе ме деген қауіп бар бізде. Қазір инфекция жұқтырғандар саны – 36. Ендеше қамсыз жатуға жол жоқ. «Жалпы ел бойынша қазіргі таңда 2630-ден астам азамат стационарлық карантинде, ал 545 азамат үй карантинінде жатыр. Тағы басқа мемлекеттен келіп жатқан азаматтар үш санат бойынша бақылауда немесе жалпы есепте тұрады. Әрине, бұл деректер күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Осы жағдайға байланысты қажетті іс-шаралар мемлекеттік деңгейде ведомствоаралық комиссияның шешімімен қабылдануда. Өздеріңізге мәлім, жалпы үлкен шараларға тыйым салынып, олар тоқтатылды. Қазір қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар енгізілуде. Әрине, біздің негізгі мақсатымыз – осы коронавирус инфекциясының таратылуын тоқтату. Бұл бағытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қажетті барлық шараны қабылдауда», – деді Елжан Біртанов «Хабар 24» арнасынан тікелей эфирде. Оның айтуынша халық көп жиналатын орындарда арнайы шаралар күшейтілген. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген азаматтарға байланысты барлық бақылау шарасы енгізілген.
Осындай қысылтаяң сәттерде қазақ билігінің қарап қалмай сақтық шараларына ден қойғаны құптарлық дүние. Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен мегаполистердің облыс әкімдері халықпен етене болып, індеттің бетін қайтару үшін, халықты сақтандыру үшін жан аямай қызмет етуде. Ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізуге күш салуда. Бұл «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» дегенді көрсетіп тұр. Алла қаласа келген вирус кетер. Қуанышты күн де жетер. Қазақ не көрмеді? Не термеді? Не жемеді? Бұл қиындықты да еңсереміз! Ең бастысы сындарлы уақытта мейірімді адам болып қалсақ екен! Билікті орынсыз сынап, табалап, ынтымаққа бастаудың орнына кері тартып, елді дүрліктіру – қазаққа жаны ашитын адамның пейілі емес. Ашу-өкпені, арыз-шағымды, дұшпандық пиғылды дәл осындай қысылтаяң шақты, ел басына күн туған күндерде қоздату – нағыз арандатушылардың іс-әрекеті. Біз түгілі күнде сүйекке таласып дүрдараз болып жүретін құйрығы қайқы ауыл иттерінің өзі сырттан бөрі төнгенде бірігіп, қарсы шықпайтын ба еді? Сол ит құрлы құнымыз қалмаса, елдігімізден не пайда?! Сондықтан қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Алла қаласа індет жібереді. Кейін үсті-үстіне нығмет беріп бәрін ұмыттырады. Сабақ болу үшін. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Алла Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруға тыйым сала отырып: «Жер беті түзетілгеннен кейін, бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56-аят), – деп ескертеді де, мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін бұйырады:«Аллаһ бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда-64). Бұл аяттардың мағынасы қаншалықты терең болса, соншалықты кең түрде қабылдауымыз тиіс.
Қазір коронавирус тек бізді ғана емес, әлем елдерін әбігерге салып, дүниені дүрліктіріп тұрғанын айттық. Қашан да қандай да болсын қиындықты сабырмен, ақылмен еңсерген еліміздің бұл жолғы сынақтан да сүрінбей шығарына кәміл сенімдіміз. Ең бастысы – ежелден қанымызға сіңген жауапкершілік жүгін сезіне білейікші. «Індеттен сақтану – міндет» екенін естен шығармайық. Жоғарыдағылар қабылдап жатқан түрлі сақтық шараларына түсіністікпен, жанашырлықпен қарап, қолымыздан келгенше қолдау көрсетейік. Жұмыла көтеріп, талай жүкті жеңілдеткенбіз. Бұл жолы да сондай ауызбіршіліктен айнымайық. Жауапкершілік – қауіпсіздік кепілі ғой.
Сыртқы дұшпандардың көптігін, «елге болсын» деген ниеттерінің жоқтығын, қайтсін, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ескертіп жатыр: (Шерхан ағам айтқандай «Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу болсақ осындайда). «Бүгінгі әлем тұрақты емес. Жаһандағы ахуал күн сайын өзгеріп жатыр. Өте құбылмалы жағдайда өмір сүріп келеміз. Кезінде қырғи-қабақ соғыс заманы өткен кезде барлық саясаткерлер енді әлемнің келешегі жарқын болады, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келеді, қақтығыстар болмайды деп айтқан болатын. Дегенмен, мұндай болжамдар бұрыс болып шықты. Қазір адамзаттың болашағы бұлыңғыр. Біздің еліміз де дүниежүзінің бір бөлігі. Бұл ғаламда Қазақстан өз халқымыздан басқа ешкімге керегі жоқ. Әрине, достарымыз аз емес. Бірақ біздің бүгінгі тыныш өмірімізді, табыстарымызды, тұрақты тіршілігімізді көре алмайтын жаулар да жеткілікті. Оны ешқашан естен шығармауымыз керек. Біздің болашағымыз – біздің ғана қолымызда» деуінің астарына терең үңілгеніміз дұрыс.

 

2 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ?

Президенттің ақжарма тілегіне алғыс білдіріп жатқандар көп.
Соның бірі белгілі блогер Алмас Алтай фб парақшасында мынадай пікір қалдырыпты… «Қазақстан өз халқымыздан басқа ешкімге керек емес!».Бұл сөзді, бұндай сөзді Ақын да айтқан, Жазушы да айтқан, блогер де айтып жүр, тіпті, таксистер де қарап қалған емес… Бірақ, «Би айтқанды құл да айтады, тек ауызының дуасы жоқ» демекші, бұндай Сөз ПРЕЗИДЕНТТІҢ ауызымен айтылғанда Құдіреті тіпті аспандап кетеді екен. Жақсы сөз — жарым ырыс. Хан айтса, елге салмақ сала айтады. Шынымен, біздің ауызымыз бір болмаса, өміріміз гүл болмайды. «Қазақстан көркейсінші» деп ойласақ тек Өзіміз ойлаймыз, болмаса португалға да, жапонға да, малайға да, италға да құнымыз жарты бақыр! «…Қазақстан – Жалғызы Ұлы қазақтың, Сол Жалғыздың құрбандығы бар Қазақ!» деп Сабыр АДАЙ. Айтпақшы, Ел президенті Тоқаевтың елге арнауын бізде қолдаймыз. «Береке түбі – бірлік, жеңіліс түбі – шерлік, жеңіс түбі – ерлік» дейді Майқы би. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар» деген де ел аузында нақыл сөз бар. Біле білген адамға бірлікке жететін байлық та, татулыққа жететін тірлік те жоқ. Татулық – бірлік негізі. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт…», – деген жыр алыбы Жамбыл Жабаев халық мүддесін, жалпы адамгершілік қасиеттерді, халықтың татулығын жоғары қойып жырлайды. Тағы бір аңыз – әңгіме бойынша, Төле би ауырып жатқанда, Қазыбек би бастаған біраз билер көңілін сұрай келеді. Олардың еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады», – деп жауап берген екен. Осыны әр қазақ сындарлы уақытта жүрек төріне қондырып, ел – ынтымаған жандандыруға күш салса дейміз!
Әйтсе де көңілге түйткіл салатын мәселелер жетерлік. Жақсылық пен жамандықтың иық тірестіріп жүретіні рас. Коронавирустың алдын алуға билік 2 млрд теңге бөліпті деген әңгіме шыққанда елең ете қалған жұрт. Бұл қаржыға әжептәуір жұмыс бітіруге болатын еді. Қайтейік, ол ақша да су аяғы құрдымға кеткен сыңайлы. Осындай күмәнді істер ел президентінің ақ пейіліне, қазағым деген кең жүрегіне сызат түсіріп жатқандай көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушы Құрманғали Дәркенов атты азамат, көпшіліктің көңілінде жүрген түйткілді мәселені ашып көрсетіпті: «Билік тарапынан ешқандай арандатушылық болмасын, паникаға берілмеңіздер дегенмен соның бәрін тудырып отырған биліктің өзі ме деп ойлаймын. Себебі, таныстар, әріптестер аптекаларда маска жоқ, басқа да қажеттіліктер жоқ дегенде басында мүмкін емес министр Біртановтың өзі бәріне дайынбыз деді емес пе деп ойлағанмын. Ал, бүгін сақтық шаралары үшін оны мұны алуға он екі аптекаға бардым. Бәрінен маска, антисептик, спирт, парацетамол т.б. жоқ деген жауап алдым. Бұрын онша назар аудармайды екенбіз, бағасы 15-20 теңге тұратын маска жоқ, ал кейбір аптекаларда 180-400 теңгеден сатылып жатыр. Теледидардан бізде бәрі жақсы деп министрі, басқасы жүз рет айтқаннан гөрі, бөлінген, бірақ короновирус келгенге дейін бітіп, жоқ болып кеткен 2 млрд теңгені айтпағанда, вирустың алдын алу үшін маска т.б. қамтамасыз етуге болатын еді ғой. Астанада осындай, ал, сонда басқасы қандай деген сұрақ туады. Өз көзіңмен бәрін көріп тұрғанда өз халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай тұрған мұндай билікке қалай сенім артуға болады? Аптекаларды аралап маска, спирт, т.б. сұрап сенделген адам. Кейде көрсең де үндемей-ақ қойғың келеді бірақ, жаның ауырғаннан жазасың» депті. Жаны ауырған адамның жанайқайы секілді. Билік басындағы азаматтар бұдан да құлағдар болса екен деген ниетпен жазып отырмын.
Жақында Нұр-Сұлтанда коронавирус жағдайына байланысты арнайы брифинг өтті. Оған бірқатар шенеуніктер қатысты. Брифинг барысында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда коронавируске қарсы шаралардың барлығы жасалып жатқанын айта келе, халықтан дүрбелең туғызбауды сұрады. Брифинг барысында коронавирустан сақтанудың шаралары айтылды. «ДҰҰ пандемия деп жариялады. ҚР президенті нақты тапсырма берді. Алдымен 13 наурыздан бастап іс-шаралар өткізілмейді. Сауда орындары, вокзалдарда санитарлық жағдай күшейеді. Орта білім беру мекемелерінде 16 наурыз — 5 сәуір арасында каникул болады», – деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, биыл тұрғындар Наурыз мерекесін жаппай атап өте алмайды. Коронавирусқа байланысты Наурыз мейрамына орай өткізілетін іс-шаралардың тыйым салынғаны айтылды. «Наурыз – біздің ежелден келе жатқан халқымыздың салты мен дәстүріне енген үлкен мейрам. Бірақ адам өмірінің қауіпсіздігі ең маңызды мәселе. Сондықтан адамдарға бастарыңды қоспа деп айту қиын. Бірақ бұрыннан да қазақ бір-біріне, көршілеріне, ауылдарына барып амандасып жүрген ғой. Сондықтан сен осы наурызға байланысты үлкен той-томалаққа, адам жиналатын жердің бәріне тыйым салынады. Бірақ азаматтардың бір-біріне барып, көрісуін, құттықтауын ешкім қадағалай алмайды. Оған ешқандай шектеу қойылмайды. Сондықтан әрбір азамат өзін ғана ойламау керек. Әрбір азамат отбасын, айналасындағы ағайындарын ойлау керек», – деді Е.Тоғжанов.

 

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ЕСТЕН ШЫҒАРМАҒАН АБЗАЛ

Ал той немесе туған күн кештерін өткізуге тыйым жоқ. Бірақ оның уақытын шегеру немесе қонақтар санын азайту ұсынылды. «Барша қазақстандыққа айтарым бар. Той, туған күн, мерекелер – өте маңызды оқиға, бірақ денсаулық маңыздырақ. Мұндай іс-шаралар өткізгелі жатқан адамдар дұрыстап ойлансын. Бізде әсіресе қонақты көп шақырып, той өткізгенді ұнатады. Қонақтардың санын максимал түрде азайту керек деп ойлаймын. Бірақ біз мұндай іс-шараларды кейінгі уақытқа ауыстыруды ұсынамыз», – деді Е.Тоғжанов. Кинотеатр жұмысы тоқтап, спорт матчтары көрерменсіз өтеді. Қазақстан спортында да коронавирустан сақтау шарасы қолданылады. Алдағы уақытта спорттық матчтардың бәрі көрерменсіз өтеді.
«Ойындар жоспар бойынша өтеді, бірақ көрерменнің баруына тыйым салынады. Бұл халықаралық тәжірибе. Барлық еуропалық елде ірі командалар ойнап жатыр, бірақ көрермендер жоқ. Бізде де осындай шешім қабылданды», – деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен инфекцияны алып келмеу мақсатында 13 наурыздан бастап іс-шаралар өткізуге тыйым салынады – мерекелік, спорттық, мәдени, конференциялар, семинарлар, көрмелерді және тағы басқа шараларды өткізуге тыйым салынады. Денсаулық сқатау, білім беру орындарында – ХҚКО-ларда, сауда орындарында, базарларда, вокзалдарда, мешіттерде, әуежайларда және қонақүйлерде санитарлық шаралар күшейтіледі.
Экономист, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов шартарапты шарпыған коронавирус әлем экономикасына шүйліккенімен қоймай, биліктегі аға буынның қатарын селдіретіп кетеді деген пікір айтуда. Бұған халық елеңдеп-ақ отыр. Енді ше, «Ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен тең» деп дәріптейтін қариялар ауырмасын!
Олжас мырзаның тұспалдауынша наурыздың соңына таман қауіпті індет дүниенің төрт борышына түгел таралады. Осы індеттің ізін жасырып, сырқатқа шалдыққандардың санын сырт көзден көлегейлеген елдер өзгелердің табасына ұшырайды. Сарапшының пікірінше Қытай вирусты ауыздықтауға шақ тұр. Алайда мұның соңы ел экономикасын шатқаяқтатып тынады. Коронавирус Қытай экономикасын 1 трлн долларға ойсыратып кетті. Оның орнын толтыру оңайға соқпайды, оның үстіне індеттің қыспағында қалған өзге елдер кеселмен күресе алмаса, вирус Қытайға қайта айналып соғуы ғажап емес.
«Коронавирус балаларға жауықпайды, ал егде жастағы буынды баудай түсіреді. Сырқатқа шалдыққандардың арасында бесіктегі сәбилер мен қыз-бозбалалардың үлесі 2 пайыздан аспайды екен. Тажалдың тырнағына ілінгендердін 99 пайызы 60-тан асқан аға буын. 75 пайызы вирус жұқтырғанға дейін дімкәс, аурушаң болғандар. Коронавирус оңайшылықпен алдыра қоймасын, кез келген ортада төзімді екенін дәлелдеп жатыр. Бұл түрімен жер бетіндегі 7 млрд адамға түгел жұғып шықса таңғалмаңыз. Түнеукүні Меркельдің өзі осыны меңзеп, немістердің 70 пайызы коронавирустың қармағына ілінетінін айтты. Канцлер мысалға келтірген 70 пайыз 60-тың асуынан асқан аға буын. Неміс жеріндегі жастар мен балалардың үлесі 30 пайыздың ар жақ, бер жағында. Тоқ етерін айтқанда бұл эпидемияны адамзаттың 2-3 пайызы еңсере алмай мына жалғанмен қош айтысады. Соның нәтижесінде биліктің төбе басында отырған ата буын, аға буынның қатары селдіреп, олардың орнына жаңа толқын келеді. Бұл билік қана емес, басқа да салаларды шарпиды. Бизнес, қоғамдық ұйымдар тіпті қылмыстық топтардың қатарында буын алмасу процесі жүреді. Сөзсіз мұның саяси салдарын сезінеміз» – дейді Тоқаевтың уәзірі. Оның пікірінше індет трансұлттық компанияларды құзға құлатуы мүмкін. Қамбасы ортайып, қалтасы жұқарған олар өздері сауын сиырға айналдырған елдерден кетіп тынады. Бұл олар бастап берген жаһандану процесін баяулатып, даму жолына түскен әлемді 3-4 жылға артқа лақтырады. «Коронавирус мемлекеттік басқару ісінде кемшілігі көп елдерді есеңгіретіп кетеді. Әлбетте бұл сапта біздің ел де бар. Індеттен кейінгі әлем адам танымастай өзгереді. Толеранттылық
жайына қалады. Басынан сөз асырмайтын, әзіргіге қарағанда әлдеқайда қауіпті, қатерлі алмағайып заман орнайды» – дейді Құдайбергенов. Әрине тосын пікір! Толғағы көп пайым! Әйтседе ылғи мадаққа малданбай, өтірікке алданбай, сыни пікірге де құлақ асып қойған дұрыс-ау….

 

ТҮЙІН СӨЗ:

Әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар мен қоғамдағы Коронавирус салдарынан туындап жатқан мәселелер қазақ елін, қазақ билігін тығырыққа тірейді дегенге сенбейміз. Өйткені рухы өр, намысы зор, қайраты асқақ ұлттың алдында бөгесін болмақ емес. Сондықтан ұлыстың ұлы наурызбен, көрісу мерекесімен баршаңызды «Qazaqstan dauiri» газеті атынан құттықтаймыз! Иә, ел болашағы үшін қазір денсаулық маңыздырақ. Ынтымақ – зор ырыс! Татулық – бірлік бастауы! Ел басқарып отырған азаматтар халқының тағдырына алаңдап жүргені қуантады. Әлмисақтан мұсылман қазақ, Алла Тағаланың «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген ескертпесін жадына тұтқан. Сол үшін жасалып жатқан сақтық шараларына түсіністікпен қарауға шақырамыз ағайынды.
Бүгін Алтай мен Атырауға дейінгі созылып шатқан ұлан-байтақ қазақ даласында көрісу дәстүрі жаңғырып тұр. Қазақтың қуанышын бөліскісі келгендей Алтын күн де жадырап шуағын шашу етіп шашуда. Жер-ана да маңдайы жіпсіп, «көктем баласын» құшағына басып тебіреніп жатқандай бейне.
Көрісу – жас ұрпақты үлкенді сыйлауға, ауызбіршілікке, ізгілік пен мейірімділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше мереке. Өкінішке орай, көктем келісімен ел болып күтетін мерекелерімізді тойлау орнына қатерлі індетпен күрес жүргізіп жатырмыз. Дағдарыс та жағадан алып тұр, бұдан да өтеміз, айналайындар! Сынақты сылтау етіп, сынып қалмасақ екен..!
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген жақсы сөзі бар. Иә, тек елдің ауызбіршілігі мен қатаң тәртіптің арқасында ғана аурудың таралуына тойтарыс бере аламыз.
Бірақ, COVID-19 індеті ересектерге, соның ішінде егде жастағы адамдарға тез жұғатыны туралы мамандар хабарлап жатыр. Ескертпелерге құлақ асып, Президент үндеуіне қолдау көрсетсек, мерейіміз бен ынтымағымыз арта түсері сөзсіз. Бізден тілек: Елімізді, ел үшін туған ерлерімізді, ардақты әке-шешелерімізді және қадірлі ата-әжелерімізді қауіпті дерттен сақтай көр, Жаратқан Ием! Қазақ халқы – ырымшыл халық. Наурыз мерекесі – жақсылық жаршысы елімізге тек бақыт әкелгей!
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Наурыз баршаңызға ең бірінші мықты денсаулық әкелсін! Күн мен түн теңеліп, көктем нұрын шашқан ұлы күннің шапағаты әр шаңыраққа құт болып қонсын! Толып отырған бір жастарыңызбен!
Миллиардтарды теңселткен, миллиондарды еңсерткен, коронавирус, ат төбеліндей аз халықтарға қауіпті-ақ. Соның ішінде қазақ та бар. Соңғы уақыттардағы әлемді шарпыған індет өкінішке орай, бізді де айналып өтпеді. Дертке шалдыққан азаматтарымыз жайлы хабарлар көңілге әсер етпей қоймайды екен. Әйтсе де соңғы жылдары қазақтар ысырапшылыққа өте көп бой алдырып, той-томалаққа ретсіз шашылып, барынан айырылып, бәсекеге қайырылып кеткендей көрінеді бізге. Биліктің де, той құмарлығы – бір дастан! Елге қимаған байлықты, көлденең көк аттыға өңгеріп жіберген кездері де көп. Қарап тұрсақ, не нәрсенің де шегі бар. Қуаныштың артында қайғы, күннің артында түн тұр түнерген. Күзді қыс орнынан тайдырса, қысты көктем қыспаққа алады. Осылайша уақыт зымырап өтіп барады.
Дегенмен, жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Індет өте үлкен жылдамдықпен тараған Корея коронавирусты ауыздықтады. Оң нәтижеге қуатты экономика (10$ млрд), озық медицина және үлкен еңбектен бөлек, жағдайға аса жауапты қараған, бір-бірін демеп, арнайы тәртіпке бас иген Корей халқы себеп болды. 16 наурыздан бастап еліміздің барлық аумағына төтенше жағдай енгізілді.
Сөз соңында Президентке датымыз бар. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, президент ретінде коронавирусқа қарсы қатал шешім шығарып, барлығын өзіңіз басты назарда ұстап отырғаныңыз қуантады халықты. Алла сізге ұлтты ойлайтын ұлылық пен тарихта қалар ізгілік нәсіп етсін! Бастамаңыз жақсы. Бұқараға деген ниетіңіз де оң, мақсатыңыз да айқын! Сол себепті қадір-қасиетіңіз арта берсін! Тектіден өрбіген тегеуірінді қалпыңыздан айнымаңыз! Осы жерде айта кететін жайт, бұл індет Алланың сынағы. Сынақ ханға да, қарашаға да ортақ екенін шенеуніктеріміз білсе екен. Тәубеге келіп, ендігі уақытта елімізде әділеттілік салтанат құруын халық талап етіп отыр.
Қазір адамзаттың болашағы емес, қазақ ұлтының болашағы бұлыңғыр. Тіл мен ділде олқылық бар. Мансап жолында жүргендердің біразында шалалық бар. Күні үшін жүрген қулар көп…
Бұл сынықтан да Алла қолдаса құтылармыз. Билікті толық қолға алып тұлға ретінде қазақтың үмітін ақтарыңызға сенім зор! Артыңызда сенім артқан жұртыңыз тұр! Олар жарқын өмір үшін, алаңсыз болашақ үшін сізге үміт артып отыр, Президент мырза!!!

PS: Иә, билік қолдан келген бар шараны жасап жатыр. Әйтсе де көңілде күпті ой көп. Бас дәрігер Бекшиннің «На конец-то» деген бір ауыз сөзінің астарына халық жаңа түсіне бастағандай. Себебі жаны күйген бас дәрігер (халыққа беймәлім бір тапсырма болды ма деген қауесет бар халық арасында) жан күйзелгесін солай деді ме екен? Жеке көзқарасым бойынша, біз, коронавирустан сақтанудан бір апта, мүмкін он күн кешігіп қалғандаймыз. Өйткені ауруға шалынғандар санының күрт өсуі осы байламға негіз болып тұр… «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деген осы болар. Десекте, бәрі бір Алланың қолында! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Cәуле мешітбайқызы