Коронавирус күзде қайта өршуі мүмкін – Біртанов
Елімізде COVID-19 індетіне байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Үкімет басшысының ұйғарымымен Алматы мен Нұр-Сұлтанда күшейтілген режим 13 сәуірге дейін ұзартылды. Үш мегаполисте қысқа мерзімде карантин аймағы салынатын болды.
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тағы парақшасында еліміздегі төтенше жағдай індеттің таралуына тосқауыл болмаса да, дертке шалдыққандардың азайып жатқанын жазды.
Бірақ министрдің болжамынша, індет күз айларында қайта өршуі мүмкін.
«Эпидемиологтар алдағы уақытта, яғни, жаз айларында індеттің қарқыны төмендейді, бірақ түбегейлі тоқтамайды деп отыр. Кейбір сарапшылар эпидемиялық маусымның биыл күзде қайталануы мүмін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан да біз эпидемия кезінде де, ұзақ мерзімді кезеңде де мұқтаж азаматтарға толық медициналық көмек көрсетуге жан-жақты дайын болуымыз керек», – деп жазды Елжан Біртанов.
Осы індетті біржолата жоюға не кедергі екенін дәрігерлерден сұрап көрдік. Көпшілігі карантин талаптарымен қатар әр азамат денсаулығына жете мән беруі керек дейді.
Ал хирург, онколог-маммолог дәрігер Мұратжан Сақтағанов дәрігерлердің кеңесін бұлжытпай орындаса ғана індеттің өршуі тоқтайтынын айтты.
«Аурумен күрес нәтижелі болу үшін дәрігерлердің кеңесін, төтенше жағдайдың талаптарын, карантин режимін қатаң сақтаған жөн. Бұдан басқа адамзатты пандемиядан құтқаратын амал жоқ. Әсіресе, вирустың таралуы қайта өршімеуі үшін барлық жерде қатаң сақтық шаралары қажет. Науқасқа шалдыққан адам дерт асқынған сайын үрейге бой алдырмағаны абзал. Жүйелі ем қабылдаса, жазылмайтын дерт жоқ. Сондықтан ескертулерге жауапкершілікпен қарасақ ғана бұл індеттен құтыламыз», – дейді дәрігер.
Дереккөз Aikyn.kz