«КӨРПЕ FEST»
Ұлттық қолөнер бұйымдары байқауы
«Өнер- таусылмас азық, жұтамас байлық» деген халық даналығы. Қолөнер- халқымыздың қасиетімен ұрпақтан- ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Қолөнер адамды әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сол салада табиғатты өзінше таңбалап, бедерлеп сұлулықты қабылдау қабілетін арттырады. Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту және ұлттық қолөнер арқылы эстетикалық тәрбие берудің бірден- бір құрамына айналдыру біздердің парызымыз.
Осы орайда бүгін аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен желілік кестеге сәйкес Сарысу аудандық «Коворкинг» орталығында рухани жаңғыру аясында ісшара өтті. Барлық сақтық шараларын ұстана отырып өткізген шараға Жаңатас қаласы мен ауылдық округтердегі аналар мен қыз-келіншектер қатысуымен ұлттық салт-дәстүрлер насихатталды.
Соның ішінде «КӨРПЕ FEST» ұлттық қолөнер бұйымдарының аудандық байқауы және қолөнер
бұйымдары көрмесі өткізілді.
Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе. Мақсатымыз – ұлттық қол өнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету.
Байқауға көздің жауын алатын сан түрлі көрпелер қойылды. Мақпал, барқыт, шыт, т.б. маталар түрінен құралған көрпелерден Сарысудың ежелгі қөлөнерінің жарқын көріністерін байқауға болады. Ши құрақтардың арасына түйе бейнесін, тастағы ежелгі таңбалы белгілерді салып тігу, жаңаша сән кіргізуді көздеген үлгілері де бар.
Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова сөз сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау, болашақ ұрпаққа қалдыру, біздің өмірімізде ұлттық құндылықтардың алатын орны, рухани жаңғыру бағытында атқарылып жатқан ісшаралар туралы кеңірек мағлұмат беріп өтті.
Аталмыш шарада 30-ға жуық адам қамтылды.
Байқауда жүлдегерлер арнайы орындармен бірге «Көрермен көзайымы», «Ынталандыру», «Ою құрақ шебері», «Ісмер әйел», «Құрақ әлемінің ханшайымы» сынды жүлделермен марапатталды.
Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп жалғаса түседі деуге болады.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.