Қоршаған ортаны қорғау — әр адамның парызы!
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Каспий теңізі жағалауын түрлі қоқыстардан тазарту мақсатында, халық аузында «Голубая бухта» атанып кеткен жерде экологиялық сенбілік өтті деп хабарлайды, өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі.
«Күзгі тазалау» атты сенбілік жұмыстары «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды. Шараның өтуіне Түпқараған және Маңғыстау облысының әкімдігі қолдау көрсетті.
Ал сенбілікті өткізудегі негізгі мақсат — күнделікті экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша күш-жігерді біріктіру, тұрғындар назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару және экологиялық ахуалды жақсарту. Тазалық шарасына кез-келген адамға қатысуға мүмкіндік алды.
«Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осинның айтуынша, «Күзгі тазалау» айлығы республикалық «Рухани жаңғыру» және өңірлік «Таза аймақ» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Ал, сенбілікке ең белсенді қатыстқан мекемелер қатарында Айсұлу Дутбаева бастаған Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі, «Қоғамдық келісім» коммуналдық ұйымы, облыстық прокуратура, Маңғыстау туризм колледжі, «ADVER» компаниясы және табиғатқа жанашыр тұрғындар болды.
«Каспий теңізі жағалауын жиналып қалған қоқыстан тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, «Голубая бухта» аумағында экологиялық десант осыдан 4 ай бұрын болған еді. Қарап отырсақ айтарлықтай көп уақыт өткен жоқ. Мұндағы жағдайды көріп, көңіл-күйіміз түсіп кетті. Қалайша туған өлкеге деген осындай жауапсыздықпен қарауға болады? Бұл жағдайдан кейін адамдарың өздеріне деген құрметінің жоқ болғаны ма деген ойға қалады екенсің. Оның үстіне аймақта туризмді дамытқымыз келеді. Мұндай көріністен кейін туризм туралы айтудың өзі артық. Осындай демалыс орындарына келушілер қатары көп екендігі сөзсіз, бірақ олар қарапайым тазалық ережелерін сақтамайтыны көңілге қаяу түсіреді», — дейді ол.
«Голубая бухта» Түпқараған ауданына бара жатқан жолдың 63 шақырымынан бұрылған аумақта орналасқан, ал сенбілікке қатысушылар болса автобустармен жеткізілді. Тазалық сақшылары барлық қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етілді. Теңіз жағалауы пластикалық, шыны және басқа да қоқыстардан тазартылды. Сенбіліктің қорытындысы бойынша барлығы 200-ден астам қапшық қоқыс жиналған.
«Біздің ұжым тазалық акциясын бір ауыздан қолдады және көмекке келді. Барлығымыз демалыс күніміздің осындай пайдалы шаруаға жұмсағанды жөн санадық. Айта кетейін, теңіз жағалауынан осыншама көп қоқыс шығады деп мүлдем ойламаппын. Негізінен сынық шынылар, спирттік ішімдік құйылған бөтелкелер солайымен шашылып жатырғанын кездестірдік, сонымен қатар темекі тұқылдары, пакеттер мен тағам қалдықтары көп. Қазір теңізде шомылу маусымы ресми түрде жабық болғанымен, осындай демалыс орындарына келішулер қатары әлі де бар. Сол демалушылар өздерінің соңын жинамай кететіні өкінішті. Мен түсінбеймін, қалайша мұндай сұлу жерлерді қоқысқа толтырып кетуге болады?! Бұл жағдай осылай жалғаса беретін болса, экологиялық ахуалдың нашарлай түсетіні анық. Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», — дейді Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Айсұлу Дутбаева.
Экологиялық сенбілік барысында бір тоннадан астам қоқыс жиналды. Айта кету керек, аймақта мұндай тазалық жұмыстары көп жылдар бойы тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында «Голубая бухта» секілді демалыс орындары өте көп және демалушылар қатары көбеймесе, азаймай отырғандығы сөзсіз. Бір өкініштісі, тазалықтың сақталмай отырғандығы.
Бұл ретте, демалыс күні өткен экологиялық сенбілік «Face book» әлеуметтік желісін пайдаланушылар арасында қызу талқылады. Басым бөлігі қоршаған ортаны қорламай, керісінше қорғау үшін әлі де болса ауқымды шараларды ұйымдастыру керек екендігін айтса, ендірі бірі тәртіпке бағынбағандарға қатысты тиісті шаралар қабылдауды күшейту керектігін алға тартты.
Мәселен, тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақовты мазалаған сұрақ неліктен жергілікті полиция қызметі тәртіп бұзғандарға айыппұл салмайды деді. Оның ойынша, Маңғыстау табиғат қорғау прокурорының атына, тәртіп сақшылары заң бұзатындарды жауапқа тарту жөнінде талап қою үшін арнайы хат жолдау қажет.
Айта кету керек, елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сакралды Қазақстан» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында экологиялық ахуалды жақсарту мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстаулықтар аталмыш жобаны жүзеге асыруға белсенді кірісіп кетті.
Сондықтан да, мұндай шаралардың маңыздылығын ескере отыр, Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі мен «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы қоршаған ортаны қорғауға және оны жақсартуға ұмтылып, экологиялық сенбілік сияқты ұйымдастырылған түрлі іс-шаралардан тыс қалмауға шақырады.
Дайындаған Нұрбол Оқуов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы