ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ҚОҒАМ МҮДДЕСІ

Қазіргі таңда қаладағы ықшамаудандардың ішінде жаяу жүргіншілер жолы мен көлік жолы арасына отырғызылған талдарды қоршауға алып, кейін оны отап, орнына құрылыс нысанын салу белең алып барады. Ал кез келген адам үшін қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – парыз.

Осыны қаперде ұстаған қала тұрғыны Амантай Досмаханбетұлы «Ақбұлақ» ықшам ауданының Қаратай Тұрысов көшесі бойындағы талдардың қоршауға алынғанына алаңдап, редакциямызға хабарласқан еді.

– Жайқалып өсіп тұрған талдарды қошауға алып жүрген кім? Бүгін қоршауға алынса, ертеңгі күні оның түбінен кесіліп, оталатынына күмәнім жоқ. Адам баласының мақсаты – қоршаған ортаға залалын тигізбеу. Екі жыл бұрын сол маңда өсіп тұрған қаншама талдар түп-тамырымен оталып, орнына ғимарат салынғанын бәріміз көрдік. Қалалық әкімшілік бұл бассыздыққа жол бермей, ол жерді тұрғындар демалатын аллеяға айналдыруы керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Осы ретте біз Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. Ондағы мамандар «Қоршап алған жерді көргенбіз, жерді кімнің, қандай мақсатта, қандай құрылыс нысанын салуы үшін алғанынан біздің мекеме хабарсыз. Ал ондағы ағаштарды кесуге біздің мекеме тарапынан рұқсат берілген жоқ» деген жауап алдық.

Осыдан кейін Тараз өңірлік университеті экология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Анар Жұмаділоваға хабарласып, «Қала ішіндегі тал-дарақты жойып, орнына нысан салуға бола ма, болмай ма? «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық нақылын қаперге алмауымыздың себебі неде?», «Адам мен табиғат арасындағы байланыстың маңыздылығына бейжай қараудың соңы неге әкеліп соғады?» деген сұрақ аясында пікірін тыңдаған едік.

– Елімізде қоршаған ортаның, яғни жасыл екпе ағаштарының маңызы өте зор. Бұл тек тірі организмге ғана емес, жалпы табиғи ортаға, экологиялық жүйеге тигізетін пайдасы мол. Сондықтан тал-дарақты кесу үшін азаматтар тиісті орыннан рұқсат алуы керек. Рұқсат талдың қандай мақсатта, не үшін кесілетініне, талдың жасына, яғни қураған тал адамға, айналасындағы нысанға қауіп төндірсе, өздігінен сынған болса оны кесуге арнайы уәкілетті орган рұқсат береді. Егер жеке кәсіпкерлер ол жерге бизнес нысанын салатын болса, оған Тараз қаласының әкімдігі рұқсат береді.

Қазіргі таңда облыста екпе ағаштары көлемін жылдан-жылға арттырмаса, оны кемітуге болмайды. Егер жеке кәсіпкер әлдебір нысан салуды көздесе, оған жергілікті атқарушы орган рұқсат берсе, оның арнайы құжаты, санитарлық сараптамадан өткені жайлы қағазы болуы керек.

Жалпы екпе ағаштары автокөліктен бөлінетін улы газдарды, ауыр металдарды бойына сіңіреді. Дамыған елдерде автокөлікті пайдалану мерзімі 10 жыл болса, біздің елімізде зауыттан шыққанына 30-40 жыл болған көліктер көп. Одан бөлек Тараз қаласында түрлі зауыттардан бөлінетін түтін де аз емес. Сол үшін де жасыл желек бойына көміртекті сіңіріп, адамға қажетті оттегі бөлетіндіктен мұның маңыздылығы зор. Сондай-ақ тал-дарақ автокөліктен, түрлі құрылыс нысандарынан шығатын дыбысқа, шуға тосқауыл болады. Сол үшін де өңірде тал-дарақтың, екпе ағашын жаңадан отырғызу ісін жандандыруымыз керек. Бұған тек қана экологтар ғана емес, әрбір тұрғын атсалысуы қажет.

Бір айта кетер жайт, біздің облыс тұрғындарының өзге өңірлерге қарағанда экологиялық сауаттылығы төмен. Экологияның не екенін, тіпті эколог десе ойына көше тазалықшы түсетін жандар бар екенін мойындауымыз керек. Сол үшін БАҚ арқылы экологияға қатысты түсіндіру, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысын күшейту, көпшіліктен сауалнама алу секілді шаруаларды бірлесе атқаруыдың артықшылығы көп деп ойлаймын, – деді Анар Каратайқызы.

Тараз қаласы әкімдігінің тиісті бөлімдеріне хабарласып жатып аталған жер учаскесінің 2017 жылы жеке кәсіпкердің иелігіне өткенін білдік. Бұл туралы Тараз қаласы әкімдігі қала құрылысы және архитектура бөлімінің басшысы Арман Абдешов айтып берді. Оның айтуынша, аталған жылдың 7 қарашадағы сатып алу-сату шартына сәйкес Бикен Шманова есімді кәсіпкер аукцион арқылы Қ.Тұрысов көшесінің бойындағы («Ақбұлақ» шағын ауданы) нысаналы мақсатта ауданы 0,1104 гектар жер учаскесін құрылыс ғимаратын салу үшін сатып алған.

– Жазғы алаңы бар кафе, дүкен және балалар ойын-сауық кешенін салуға Б.С.Шмановаға 2018 жылғы 24 мамырда №kz15vua00039191 сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді. Басқа да рұқсат құжаттары рәсімделді.

Қазіргі уақытта Қ.Тұрысов көшесі №20а мекенжайы бойынша кафе құрылысы аяқталды. Тараз қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 18 наурыздағы №995 қаулысымен Б.С.Шмановаға жоғарыда аталған жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілді.

Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 наурыздағы №898 қаулысымен Б.С.Шмановаға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен қосымша кесу түрінде екі жер учаскесі берілді. Оның бірі бойынша автотұрақ салынып, көгалдандыру-абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Бұл ретте кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында аталған учаскелерде шектеулер белгіленген. Анығын айтқанда, кәсіпкер нысаналы мақсатын өзгертпей және санитарлық-экологиялық нормаларды сақтай отырып жұмыс істейді. Ал оған уәкілетті органдар мен іргелес жер пайдаланушылар тарапынан жерасты және әуе коммуникацияларын тарту және пайдалану үшін кедергі жасалмауы керек. Кәсіпкердің осыған қол жеткізуі қамтамасыз етілген, – дейді Арман Әшімбекұлы.

Бұл аталған кәсіпкердің қоршауға алған талдарды кесуіне құқы бар деген сөз. Демек қоршауға алынған аталған талдар түп-тамырымен оталуы мүмкін

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, arainfo.kz