Көрші ақысын білесіз бе?

Көрші  қонысы ортақ, етене араласып, күнделікті жүзбе-­жүз кездесіп, аман-­саулық сұрасып жүретін кісілеріміз. Қазақ халқы «Көршіні Құдай қосады» дейді. Жаңа орынға көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет — көрші қолаңдармен танысу болған. «Адам күні — адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені, бір іс туып қинала қалғанда да, бір нәрсе қажет болғанда да, ең алдымен, көршілерден көмек сұрап жатамыз. Көршімен сыйластық — елдің сыйластығын, көршімен татулық — қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, Ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады.
Бұл туралы қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке­-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей­-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді», — делінген.
Байқасаңыздар, аятта Аллаға құлшылық, ата­-ана мен туыстарға жақсылық жасау секілді, әр мұсылманға тиесілі жоғарғы міндеттердің қатарында көршілік қатынастардың да аталуы тегін емес. Бұл көрші ақысына көңіл бөлудің дінімізде үлкен рөл атқаратынын ұқтыруда.
Аяттағы «көрші» (арабшасы — жәр) ұғымына кімдер жататындығына орай, көршілердің мынандай жіктелуі жасалған:
Есігінің аузы тым тақау көрші басқаларға қарағанда анағұрлым жақын болып есептелген. Туыстық жақындығы бар немесе үйлері бір-­біріне жақындар «жақын көрші» деп аталған. Үйлері бір­-біріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер «алыс көршіге» жатқызылған.
Айша анамыз (р.а.) бұның төңіректегі қырық үйлік арақашықтық екенін айтқан. Көрші ақысы осы қашықтыққа тән екенін білдірген. Ал Әли (р.а.) адамның даусы жететін жердегілердің бәрі көрші болып саналатындығын білдірген.
Исламда көршілер өздеріндегі ақылары-на қарай үш түрге бөлінеді:
Үш түрлі ақысы бар көршілер: әрі туыс, әрі мұсылман кісілер. Бұлардың көршілік, туыстық және мұсылмандықтан туатын үш түрлі ақысы бар.
Екі ақысы бар көршілер: туыстығы жоқ мұсылмандар. Олардың көршілік әрі мұсылмандықтан туатын екі түрлі көршілік ақысы бар.
Бір ғана ақысы бар көршілер: не туыс, не мұсылман еместер. Олар өзге дінге жататындар. Олардың көршіліктен туатын бір ғана ақысы бар.
Қысқаша айтқанда, көршіге мұсылман, еврей, христиан секілді наным-сенімі, ұлты, нәсілі, түсінік-танымы әртүрлі кісілердің бәрі жатады.
Шындап келгенде, өмірде жақсы көрші бола білудің өзі үлкен сын. Өйткені, ол иманның беріктігі мен ізгі мұсылманшылықты білдіреді. Бұл турасында жеткен хадистер көп. Солардың бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көрші туралы Жәбірейіл періштенің кеңесті үйіп-төккені сонша — мен еріксіз көршіні көршіге мұрагер етпес пе екен деген ойға қалдым»; «Көршілеріңмен көршілігіңді жақсарт, шынайы мұсылман боласың», «Екі көршің бір уақытқа шақырған болса, алдымен ең жақыныңа бар. Ал бір уақытқа басқа кездерде шақырылсаң, онда алдымен шақырған көршіңе бар» деген.
Демек, жақсы көрші бола білу — жақсы мұсылман бола білуді де аңғартпақ. Жақсы көрші бола білудің жарқын мысалын имам ағзам Әбу Ханифаның өмірінде кездескен мына бір мысалдан айқын аңғара түсеміз.
Имам ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, отбасында жанжал шығарып имамның мазасын алатын. Сол жігіт бірде абақтыға қамалады. Имам мән­-жайды білгенде, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, қылығына ұялған жігіт «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әурелендіңіз?» деп сұрапты. Сонда үлкен парасат егесі имам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау — мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін» деп жауап беріпті.
Кейіннен әлгі жігіт тәубаға келіп, имам-ның шәкірті болған деседі…

Мирас Кесебаев