КӨРШІДЕН НЕ СҰРАУҒА БОЛМАЙДЫ?

Мына ҮШ ЗАТТЫ сұрауға болмайды екен…
«Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген қазақта жақсы сөз бар. Әжем осы сөздің мағынасын мынадай мысалдармен түсіндіріп, санама сіңірмегенде көршіге деген ықыласым да, көзқарасым да мүлде бөлек болар еді.
Ақыл берер әңгімесі үшін әжеме алғыс білдіремін. Әжемнің әрбір ісі, әрбір сөзі бізге өнеге. Бүгін мен сіздерге көршіден не сұрауға болмайтыны туралы жазатын боламын. Бүгін де дәл түскі ас ішетін кезде көршіміз Зарипа апай сау етіп үйге кіріп келді.
Бұл оның әдетіне айналып бара жатқандай. Оған үйдегілер де үйренген болу керек, «Келе ғой» деп төрін ұсынады. Бірақ менің үп-үлкен кісінің бұл ісіне кәдімгідей ашуым келетінін жасырмаймын.
Тағы да жай отырмай «Енем сүйеді екен, тура астың үстіне келемін де тұрамын» деп өз айыбын жуып-шаяды. Осы әдеті үшін сыйласып жүрген көршіме көңілім суи бастады.
Менің қабағымның түсіп, қасымның айқасқанын әжем де, анам да жақтырмай, «Бөлмеңе бар» деп қуып жіберетінді шығарды.
Түскі ас ішіліп болған соң анам дастархан жинауға шақырды. Ашуланып жүрген түрімді көрген әжем: — Зарипа апаңнан бір кесе шай мен тамақты қызғанасың ба?
Оның аузының салымы бар. Алла әр пендесіне тиісінше несібе береді. Талқысына қарай несібесін алады. Оның тура шай үстінде келуі әдейі жасайтын ісі емес, сәйкестік. Несібесінің осы дәмнен бұйырып тұрғаны.
Алла берген несібені адамы тартып ала алмайды, шырағым. Сондықтан да көрші келген кезде қуанып қарсы ал, барыңды алдына қой. Ол сенің дастарханыңнан дәм ауыз тисе, сенің ырыздығың артып, несібең молаяды» деді. Әжемнің айтқандарына ұялып кеттім. «Қазір саған бір нәрсе айтамын.
Ешқашан есіңнен шығарушы болма! Алла көршісімен жақын тұрған пендесін жақсы көреді. Сондықтан да көршіңмен қоян-қолтық араласуды өсиет етемін. Қай мекенде тұрсаң да алдымен көрші ақысын ұмытпа.
Олармен сыйлас, жақын тарт, бір үйдің адамындай болуың керек. Көршіден мына ҮШ ЗАТТЫ сұрауға болмайды. Олар: ТҰЗ
ӘЖЕМ айтады: «Мейлінше дүкеннен сатып алуға тырыс. Егер алып келуге мүмкіндік болмаса көршіңнен алған тұзға аз болса да ақы төле. Өйткені тұзда береке бар. Сен оның тұзымен қоса, берекесін де алып кетуің мүмкін.
Сондықтан да өзің біреуден тұз алма, біреуге тұз берме». ҒАЛАМТОР бетінде: «Ибраһим пайғамбар келген қонақтың алдына нан мен тұз қояды екен. Бірде дастарханда тұрған тұзы төгіліп кетеді.
Пайғамбар дереу төгілген тұзды тере бастайды. Қонағы: — Ештеме етпейді. Несіне сонша әуре болдыңыз? — дейді. — Ұлық Алла жеті берекенің бірін тұзға жасырған. «Берекемді шашып алмайын» деп теріп жатырмын, — дейді. Қонақ пайғамбарға риза болып, тұзды бірге терісіпті.
Осыдан бастап ел арасында «Тұзды төкпе, шашпа» деген тыйым шығыпты. Тұз төгілсе, несібе азаяды, ырыс кемиді деп сенеді. Кей жерлерде тұз төгілсе, оның үстіне қант себеді. Онысы тұзым қатты болмасын, тәтті болсын деген ниеттен туған екен.
Әлі күнге дейін қазақ арасында үйде тұз таусылып қалса, көршілер бір-бірінен сұрамауға тырысады, алған күнде де үйдің бұрышына бір түйірін шашып кетеді.
АҚЫЛДЫ ӘЖЕМ айтады: «Қызым, көршің сені көмекке шақырса, оны жасап бергенің үшін ақы сұрама. Кейде есігі бұзылып немесе баласы қараусыз қалып жатады. Осындайда бірінші көршіден көмек алады.
Сол кезде уақытыңды алдым деп көрші ақша ұсынады. Өзгеге де беретін едім ғой, алшы деп қиылатындар да кездеседі. Сол кезде сыпайы түрде бас тартуың керек. Өйткені күндердің күнінде сенің де күнің көршіге тууы мүмкін.
Сонда жарық жүзбен көршіңнің есігін қаға аласың». ҒАЛАМТОР бетінде: «Бізге жеткен аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ана кісі қайда барса да мына кісі «хақымды бер» деп қасынан кетпейді.
Пайғамбарымыз қастарына жақындап, әлгі адамнан: – Ей, бұл кісіде нең бар? Не істеді саған? деп сұрайды. – Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, — дейді әлгі кісі. – Бұл менің көршім еді. Алла оған байлық берді, ауласынан ауқатты адамдар арылмайтын.
Ал мен өте кедей болдым. Күнде оның есігінен сығалап, телміріп тұрамын, ал ол маған көзінің қиығын да салмайды. Бір үзім нанға зар болып, бала-шағам аш жатқан күндер болды. Алла мұның бір басына дәулетті үйіп-төгіп бергенде оның ішінде кедей-кепшіктің де несібесі бар еді.
Бұл байлығын қажетсіз жерге шашып, кедейлерге қарайласқан жоқ. Міне, қияметте екеуміз қатар келіп, одан Алла берген сол хақымды сұрап жүрмін, — дейді. Пайғамбар бұрынғы байға қараса, ол мүсәпір күйге түсіпті. Бұ дүниедегі көршісіне о дүниеде қарай алмай, беті қарайып кетіпті.
Пайғамбардың алдында жер шұқиды. Пайғамбар: – «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген. Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, дейді де, айналып жүре беріпті».
ӘЖЕМ айтады: «Кейде тұқымы жақсы иттің күшігін асырап алғысы келетіндер болады. Бұл кезде де көршіңмен татуластығыңа сызат түсіргің келмесе күшік беруге асықпа. Білетін көршің болса күшікті сатып алу ырымын жасайды. Ал білмейтіндерге жатығымен түсіндіруге тырыс.
Онда тұрған не бар деп елемеуің мүмкін. Бір-біріне күшік беріп, иттей ырылдасып қалған көршілерді көргенбіз. Атадан келе жатқан кез келген тыйымның астарында терең мән жатады. Ешқайсысы ойдан, қырдан шығармайды.
Сондықтан да салмақты сөздерді саналарыңа тоқып алыңдар». ҒАЛАМТОР бетінде: «Ертеде бидайдың дәні сабағының түбінен бастап ұшар басына дейін салған екен. Молшылық жылдары ел-жұрт астықты аяқ асты етіпті.
Бір әйел дәрет сындырған баласының құйрығын бидайдың масағымен сүртеді. Оның надандық әрекетіне қаһарланған Алла елге жұт жіберді. Бидайдың масағы кетіп, сабаны қалды. Астың кепиеті атып, адамдар ашаршылыққа ұшырады.
Сол кезде ит ұлып: – Иә, Алла менің несібемді қалдыр, – деді. Әділетті Алла итке жаны ашып: – Болсын! – деді де, бидайдың басына кішкене масақ бітірді. Халық иттің несібесін бөлісіп жеп, жұттан аман қалды.
Ит содан бастап жеті қазынаға кірді. Осы жұттан соң, бидай дәні сабақтың ұшар басына ғана бітетін болыпты. «Иттің ырыздығы» деген сөз осыдан қалыпты». Сайып келгенде мұның бәрі ырым мен тыйым.
Десек те, қазақ ұрпағын тыйым арқылы тәрбиелегенін тарихтан білеміз. Ата сөзінен аттап өту бізге ауыр сын. Сондықтан да ата-әжелеріміздің айтқан өсиеттеріне құлақ түріп, амал жасайық, ағайын!
фейсбук парақшасынан