КӨРШІҢІЗ ҚАНДАЙ АДАМ?
Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресі 36 аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар», – делінген.
Көршілердің бір-бірінде мынадай ақысы бар дейді:
1.Көршіңе көрген жерде бірінші болып амандас.
2.Сыпайы мінез таныт.
3.Әрдайым жақсылық жаса.
4.Қуанышына ортақтас.
5.Қайғысын бөліс.
6.Ауырып қалса қал-жағдайын сұра.
7.Алыс жол сапарға шықса, үй-іші мен мал-жанына бас-көз, қорған бол.
*
-Бақыт, қайдан келесің?
-Сыйламаған көршісін,
Ұрыспен алған еншісін,
Сұмдардан қашып келемін.
-Бақыт, қайда барасың?
-Көршімен болған бірлігі,
Сабыр, ғибадат, тірлігі
Ұйымшыл елге барамын.
*
Парасатты ғалым, сопы әрі хадисші Абдулла ибн Мүбарак қажылығын тәмамдап, Қағбаның түбінде отырғанда көзі ілініп кетіпті. Сол кезде Алла Тағаланың әмірімен көктен екі періште түсіпті. Біреуі екіншісіне:
— Осы жылы 600 мың кісі қажылық жасады. Алайда бұлардың бәрінің жасаған қажылығы Шам қаласындағы Әли есімді етікшінің құрметі үшін ғана қабыл болды. Ал, ол кісі қанша жыл талаптанса да бәрібір қажылық міндетін өтей алмаған көрінеді. Бірақ, бір ісінің Жаратқанға ұнағаны соншалық, осыншама адамның құлшылығы соның құрметі үшін ғана қабыл болды, — дейді. Абдулла ибн Мүбарак ояна сала керуенге ілесіп Шамға тартады. Шамға келіп етікші Әлиді тауып алып жабыса кетеді: «Айналайын, қажылыққа бара алмапсың, сонда қандай амал жасадың?» деп сұрайды. Әли өзін танымал кісінің іздеп келгенін көріп аң-таң болады. Өз жайын былай деп баяндайды:
— Отыз жыл қажылыққа барсам деп армандадым. Елдің аяқ киімін жамап 300 дирхәм ақша жинадым. Қажылыққа жол тартпақшы болдым. Енді жүрмек болғанымда, жүкті әйелім: «Көршінің үйінен ет иісі шығады. Маған сол еттен бір жапырақ кесіп әкеліп берші», — деп өтінді. Көңілін қимадым. Көршіге бардым. Мән-жайды түсіндірдім. Көршім еңкілдеп жылаған күйі: «Бір апта болды. Балаларым аш. Тіске басар ештеңе жоқ. Жолдың шетінде өліп жатқан бір өлексе малды көрдім. Соның қоң етінен кесіп алдым. Сол етті қазанға салып қайнатып, балаларды жұбатып отырған жайым бар. Егер адал ештеңе таппасам осы арам еттен бермеске басқа лажым жоқ. Қаласаңыз сізге де берейін. Бірақ аштықтан өліп бара жатқандарға ғана болмаса, бұл тоқтықта отырған сіздерге харам ғой» деген еді. Бұны естігенде жүрегімді біреу тіліп жібергендей болды. Әрең жинаған 300 дирхәмымды қолма-қол соған ұстаттым да «Я, Алла Тағала! Өтей алмасам да менің қажылық ниетімді қабыл ала гөр!» деп дұға еттім» депті.
*
Айшуақ Дәрменұлы