«Қос қанаты жоқ тік ұшақты әуеге көтеру сенің мойныңда. Бұл – қателікті кешірмейтін мамандық», – дейді Ақерке Шопатаева
Тек ер азаматтар ғана тән деген мамандық түрлерін бүгінде нәзікжандар да абыроймен атқарып жүр. Солардың бірі – Ақерке Шопатаева. Ол тікұшақты тізгіндеп қана қоймай, құтқарушы қызметін де атқарады. Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Есімдері ел есінде қалған қазақтың қайсар қыздары аз емес. Ер азаматқа тән ауыр жүкті арқалап жүрген аруларымыз қазір де баршылық. Мәселен, авиация саласында Ми-8 тік ұшағын тізгіндеген жалғыз әйел бар дейтін болсақ, ол – Ақерке Шопатаева. Ата-анасының ықпалымен ұшқыш мамандығын таңдаған Ақерке ең алғаш әуеге көтерілген сәтін есінен шығармайды.
«Тікұшақпен бірінші рет көкке көтерілген кезде қандай күйде болғанымды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, бірінші кезекте қобалжу басым болды. Өйткені жауапкершілік өте жоғары. Қос қанаты жоқ тік ұшақты әуеге көтеру сенің мойныңда. Бұл – қателікті кешірмейтін мамандық», – дейді Ақерке Шопатаева.
Ер азаматтардың өзі жүрексінетін салада 12 жыл бойы қызмет істеп жүрген Ақерке Шопатаева – 500 сағаттан аса көк аспанда қалықтаған қайсар қыз. Ол сондай-ақ көптеген құтқару операцияларына қатысып, талай адамдардың алғысын алған жан.
«Мен ең алдымен кәсіби шеберлігімді шыңдай түссем деймін. Содан кейін барып қана қызметтік шен және әуедегі уақыт көрсеткішін ойлауға болады. Адам 3000 немесе 5000 сағаттан артық ұшуы мүмкін. Бірақ өз кәсібін толық түсінбей жататындар бар. Әуедегі уақыт көрсеткіші аз болғанымен, өз ісін жетік білетіндер кез келген сәтте маңызды шешім қабылдай алады», – дейді ұшқыш Ақерке Шопатаева.
Табыстан намысты биік қоятын Ақерке Шопатаева еңбексүйгүштігінің арқасында әріптестерінің арасында беделі жоғары.
«Ол өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Қай уақытта болмасын, әуеге көтерілу үшін тыңғылықты дайындық жүргізеді. Өз мамандығын жетік біледі. Біздер оны әрқашан құрмет тұтамыз», – дейді «Қазавиақұтқару» АҚ Ка-32 авиакомпаниясының командирі Дәулет Қанатов.
Ақерке Шопатаева – отбасының ұйытқысы, үш баланың анасы. Ауыр жұмыстан шаршап келгенде алдынан құшақ жая қарсы алатын, арқа сүйер азаматына алғысы шексіз.