ҚОС ҚҰНДЫЛЫҚ: ТӘУБЕ МЕН ШҮКІР

Адам баласы Алла Тағала жаратқан жаратылыстардың ішіндегі саналысы болғандықтан, Жаратушының жауапты міндеттері де адамзатқа, оның ішінде Аллаға сенген мүміндерге жүктеледі. Бұл сынақ өмірде жеке адамның ғана емес, ел мен қоғамның да басынан түрлі жағдайлар өтіп тұруы заңдылық. Тамыры тарамданған тарихқа ойлы көзбен қараған адам адамзаттың осы күнге дейін талай зұлмат заманды бастан кешкенін көреді. Қуанышы мен қайғысы, тоқшылығы мен жоқшылығы қатар жүретін ғұмырда адами қасиеттер мен имандылықтың нұрын жоғалтып алмау үшін адамға біраз құндылықтар қажет. Сондықтын осы мақаламызда тәубе мен шүкір атты қос құндылықты қатар қамтитын боламыз.

Жалпы қазақ ұғымында тәубе мен шүкір сөздері бірін-бірі алмастыратын бір мағыналы сөз ретінде қолданылып жатады. Яғни, жағдайының жақсылығын білдіру үшін, «тәубә, шүкір» деген сөздерді жиі естиміз. Дегенмен, шариғатымызда бұл екі терминнің әрқайсының өз қолдану аясы мен жеке-жеке мағыналары бар екенін білуге тиіспіз.

«Оралу», «қайту» деген мағыналарды қамтитын бұл тәубе сөзі негізінен күнәдан қайтып, шариғаттың дұрыс жолына оралу деген мағынаны білдіреді. Ал шүкір сөзі алғыс айту деген мағынаны білдіреді. Осы орайда Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адамға алғысы жоқтың Аллаға шүкірі жоқ» деген ғибратты хадисі бар.

Саналы жан өзіне жақсылық жасағанға өзін қарыздар санап, соның өтеуі жолында барын салуға даяр тұрады. Ал біздің бойымызда қандай да бір жақсылық пен нығмет болатын болса, оның Алла Тағала тарапынан екенін Құраннан білеміз: «Сендердегі әр нығмет – Алладан» («Нахыл» сүресі, 53-аят). «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп бабаларымыз осы бір қарапайым қағиданы бізге өмірлік ұстаным етіп қалдырған. Шынында адам баласы көп жағдайда барды бағалай алмай, уысынан шығарып алған соң өкініп жатады.

Үлкен нығметтердің бірі – денсаулық. Хадис шәрифте: «Адамдардың көбі екі нығметтің қадірін білмейді – денсаулық пен бос уақыт» делінеді. Тағы Құранға үңілсек: «Алланың бір ғана нығметін есептесеңдер, шегіне жете алмайсыңдар» («Нахыл» сүресі, 18-аят) дейді. Яғни, бір ғана тыныс алу бола ма, есту, көру, жүру, сөйлеу т.б. толып жатқан нығметтердің әрқайсысын жеке-жеке санасаң, шегіне жете алмайсың. Ал біз осылардың әрқайсысы үшін Аллаға күніне неше мәрте шүкір еттік?

Көздің қадірін білу үшін көзімізді жұмып санаулы сәттер жүріп көрейік. Қай заттың қайда тұрғанын табу былай тұрсын, жол таба алмай әр нәрсеге бір соғылып, тіпті жарақаттанып қалуымыз да бек мүмкін. Осыдан-ақ бір ғана нығметтің құны ешнәрсемен өлшенбейтін байлық екенін бағамдаймыз.

Бүгінгі күні бүкіл әлем бір вирустың себебімен дүрлігіп отырғанда алаңсыз тыныш өмір мен денің сау кездің қаншалықты құнды байлық екенін бағамдауға болатындай. Осы тұста миллиондаған ақшаға сатып ала алмайтын, жоғалтсаң орны оңайлықпен толтырылмайтын денсаулық нығметі үшін ғана өте көп шүкір етуге тиіс екенімізді байқаймыз. Бұл жайында «Құлдарымның ішінде көп шүкір ететіндері аз» («Сәбә» сүресі, 13-аят) дейді Алла Тағала. Шүкір деген бір ауыз сөзбен айтылатын алғыс емес, амалмен байланысатын дүние екенін де осы аяттан байқаймыз: «Дәуіттің үй-іші! Шүкір еткен халде амал жасаңдар» («Сәбә» сүресі, 13-аят). Яғни, сол нығметтерді берген Жаратушының әмірлеріне бойұсынып, тыйымдарынан тыйылу арқылы, әрі сол нығметтерді жақсы істерде, Аллаға бойұсынуда пайдалану арқылы шүкір еткен болады.

Мысалы, Алла Тағала көз берді, сол көзбен Алланың құдіретін көріп, жан-жағына қарап ойланып, Құран оқып, пайдалы білім алып, мүмкіндігінше сол нығметтің шүкірін өтеуге тырысу қажет. Уақытты берген Алла Тағаланың әмірін орындап, құлшылық өтеуге аз ғана уақытын қимай «уақытым жоқ» деген уәж айтатындарды жиі естиміз. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген даналық сөздің ішінде үлкен мағына жатыр. Қым-қуыт тіршілікте уақыт таппай жүретін көп адам бүгінгі күні бос уақытта не істерін білмей жатыр. Бос уақытымызды дұрыс ұйымдастырып, отбасымызға көңіл бөліп, пайдалы дүниелермен өткізейік! Барымызды бағалап, шүкір ете білейік! Уақытша сынақтан Алла  бәрімізді сүріндірмей өткізгей!

Өмірзақ БЕКҚОЖА,

Қарағанды облысының бас имамы

Muftyat.kz