Қос министр «Жыл адамы» атанды
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2017 жылға арналған мәдениет саласында бірлескен әрекеттер жоспарына қол қою салтанатты рәсімі өтті деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Екіжақты мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен дамытуға бағытталған стратегиялық құжатқа ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен РФ Мәдениет министрі Владимир Мединский қол қойды.
Салтанатты қол қою рәсімі барысында ведомство басшысы айтып кеткендей, бірлескен әрекеттер жоспары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітіліп отыр.
«Қазақстан мен Ресейді өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген тығыз достық пен тату көршілік қарым-қатынастар байланыстырады. Бүгін қол қойылып жатқан құжат мемлекеттеріміздің арасында ұзақ жылдар бойы қалыптасып келе жатқан ынтымақтастығымызды жалғастыратындығына сенімдімін», – деді А. Мұхамедиұлы.
«Біздің келісім дерексіз емес, нақты. Біз кино өндірісі саласындағы ынтымақтастық жөнінде уағдаластық. Сондай-ақ, ЭКСПО аясында Астанаға Мариин театры, Михайлов театры келеді, Чехов атындағы МКТ гастрольдері туралы келіссөздер жүргізіліп, Астанада Эрмитаждың үлкен көрмесін өткізу туралы келіссөздер аяқталуда» – деп атап өтті Владимир Мединский.
Айтып өтуіміз керек, «28 панфиловшы» фильмі – өткен жылғы ресейлік және қазақстандық прокаттың көшбасшысы. РФ Мәдениет министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген кинотуынды прокаттың қалыптасқан барлық мерзімдеріне сай болып, бір ай бойы көрсетілді. Халықаралық кинонарыққа шығу жоспарланып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен РФ Мәдениет министрі Владимир Мединский фильмді жасауға қосқан үлестері үшін «2016 жылдың жыл адамы» болды.
Қабылданған Әрекеттер жоспарына сәйкес, мемлекеттер 2019 жылды Қазақстан-Ресей мәдениет алмасу жылы деп жариялау мүмкіндігін қарастыруға келісті. Бұл қадам мәдени-гуманитарлық байланыстарға жаңа серпін бере отырып, қазақстан-ресей ірі көлемді жобаларының үйлесімділігін қамтамасыз ететін болады. Тараптар жоғары белгіленген бастамаларды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының аймақтарын да тартудың қажеттігі туралы бірауыздан пікір білдірді.
Одан басқа, жоспарға қатысушылар Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрменің жұмысы барысында мәдени шараларды өткізуге барынша қолдау көрсетуге келісті. Ресей тарапы Қазақстан Республикасының М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының гастрольдерін Ресей Федерациясының айқматарында, соның ішінде Томск, Новосибирск, Кемерово және Барнаул қалаларында 2017 жылдың күзінде өткізуге ықпал жасайтын болады.
Сонымен қатар Жоспарда мәдени мұраларды сақтау мен мәдениет және тарихи ескерткіштерді туристік айналымға енгізу саласында тәжірибе алмасу, ортақ тарихи мейрамдарды мерекелеуге арналған мәдени іс-шараларды өткізуге қолдау көрсету бойынша жұмысты жалғастыру көзделген. Құжатта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының кинематография, туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне көңіл бөлінген.
Сондай-ақ қол қою рәсімі барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресей Федерациясының мәдениет министрі В.Р. Мединскийге Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры атағы дипломын табыстады.
Естеріңізге салсақ, 17 және 19 ақпан аралығында Ресей актерлерінің қатысуымен Астанада Ресей киносы күндері өтті. Олардың қатарында режиссер Николай Хомерикидің «Ледокол» көркем фильмі, режиссерлер Максим Волков пен Андрей Галаттың «Волки и овцы: безумное превращение» анимациялық фильмі, режиссер Николай Лебедевтың «Экипаж» көркем фильмі, режиссер Оксана Карастың «Хороший мальчик» көркем фильмі. Көркем, анимациялық фильмдерінің қайырымдылық көрсетіліміне балалар үйі мен аз қамтылған отбасы балалары щақырылды.
Ресей киносы күндері Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Мәдени ынтымақтастық туралы келісім, сонымен қатар 2016 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеуде қол қойылған 2017-2019 жж. арналған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және РФ Мәдениет министрлігі арасындағы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы аясында өткізілді. Барлық іс-шаралар ресейлік тарап есебінен өткізілген болатын.