Косаревтің күдігін қарақұсованың «қылығы» басып кетті
Коммунистік партияның көсемі, Мәжіліс депутаты Владислав Косарев көпті көрген көнекөз саясаткерлердің бірі екені даусыз. Айтқан сөзі мірдің оғындай қадалатыны тағы бар. Билік басында орын алып жататын жемқорлық пен парақорлық, тамыр-таныстық пен ағайыншылдық, руластық пен көңілжықпастық секілді кертартпа әрекеттерді сынаған бір депутат болса, осы Владислав көкеміз болар. Лениннің идеясымен сусындап, Карл мен Энгельстің философиясымен ауызданған, «Капиталдың» жілігін шағып, майын ішкен қария, биліктегі шенділердің түзу жолда жүргендерін «біздің шекпеннен шыққан» деп әспеттейтінін ел ұмыта қойған жоқ. Әйтеуір, Мәжілістің отырыстарында қолындағы мандаттың күш-қайратын үкімет мүшелерін ықтырып алуға жұмсайтыны көзге ұрып тұрады. Депутаттық сауалдары да діттеген жерге дөп тиіп жатады. Әттең дегізетіні — қазақ тілінің жай-жапсарын тым болмаса бір рет биік мінберден көтеруге жарамағаны. Әйтпесе, болашақты бағамдауда, келешекті саралауда көш басында тұр.
Сөзімізге тұздық болсын, қырағы депутат Мәжiлiсте «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» және оған iлеспе заң жобаларының таныстырылымында жаңа заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков баяндама жасап болысымен көңіліне ұялаған күдігін жасырмай айтып салды. Сонда не айтты демексіз ғой? Владислав Борисұлы Ұлттық банк өкiлiне: «Бiздiң банктердiң шетелдiк банктерден қарызға алған қаржы көлемi қандай? Бiз шетелге өтiп кеткен өз ақшамызды қайта несиеге алып жатқан жоқпыз ба?» — деп қойып қалды.
«Елiмiздiң банктерi 2007 жылға дейiн қаржыны белсендi түрде қарызға алатын. Олардың жалпы балансының 50 пайызына жуығы резидент еместердiң алдындағы займдар болған. Бiрақ қазiргi таңда теңгенiң бiрнеше девальвациясының болғанын ескере отырып, бiз резидент еместердiң займдарына қатысты реттеудi күшейттiк. Қазiр бұл көрсеткiш бiршама азайды. Олардың жалпы мiндеттемелердегi үлесi өз пассивтерiнде 8 пайызды құрады. Бүгiнгi таңда займдар жоспарлы түрде өтелiп жатыр. Дегенмен, қазiр бiздiң банктерге жаңадан үлкен қаржыны ешкiм бермейдi. Бұның да өз артықшылықтары бар. Себебi бiз осылайша 2007 жылғы проблеманың қайталану қаупiн төмендеттiк», — дедi Смоляков коммунисттің сауалына. Осы сәтте Мәжiлiс депутаты Гүлжан Қарағұсова: «Қазақстандық банктер қазір қарыз алмайды, өйткенi оларға ешкiм ақшаны қарызға бермейдi. Және де соңғы жылдары банктерге мемлекет (ұлттық қор) тарапынан үлкен қаржылай көмек көрсетiлiп келедi», — деп, банкирдің ығына жығыла кетті.
Кеңестік дәуірде нақты жауап алып үйренген Борисұлы жауапқа қанағаттанбаған сыңай танытты. Қарапайым халық та ештеңе ұқпағаны анық. Себебі Смоляковтың өзі несиені қаншалықты алып жатқанымызды «көзді шұқып» айтып бере алмады.
Нағашыбай Қабылбек