“Көшетті дұрыс таңдай білген жөн”
“Көшетті дұрыс таңдай білген жөн”
алатаулық бағбанның ұстанымы осындай
Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады.
Осы ретте, Алатау ауылының тұрғыны Дәулембек Бозтайұлы ағаш отырғызып, жайқалған алма бауын өсірумен айналысқанына 16 жылдай уақыт болған. Осы уақыт ішінде үй іргесіндегі 1,5 гектар жерге 950 түп жеміс ағашын отырғызып, бүгінде жемісін сатып, пайда көріп отырған жайы бар. Бауда алманың сегіз түрі, алмұрт, жаңғақ, фундук, айва ағаштары өседі.
Дәулембек ағаны ел арасында “Дәурен” деп атап кеткен. Өзі жайдарлы, ашық мінезді жан. Бізді жылы шырайлы қарсы алған оның үйіне кірберістен бірнеше түп аққайыңның өсіп тұрғанын бірден байқауға болады. Сонымен қатар, жаңадан отырғызылған қызғалдақтар да бой көтеріп келеді.
Ал, алма бауының іші мұнтаздай тап таза. Ішінде биыл отырғызылған ағаштар да бар. Одан бөлек, анасы мен әжесі отырғызып кеткен ұзақ жылғы алма ағаштары да өсіп тұр. Оның осы уақытқа дейін сақталуы бағбанның дұрыс күтім жасай алуы себеп болса керек.
Дәурен аға біздің алдымызда ғана Меркі ауданынан көшеттер алып келіп, үйге кірген беті болса керек. Әкелген көшеттерді ағып тұрған судың астына салып қойған. 300 түпке жуық көшетті ағайын бауырларымен бірге әкеліп, оларға да бағбандықтың қыр-сырын үйретуде екен.
Баудағы жұмыстар көктемнің жылт еткен жылы күні шығысымен басталады екен. Ала жаздай тынымсыз еңбектің арқасында уақтылы күзде жемісін жинап, оны Шымкент қаласына барып саудалайды. Өткен жылы бағбан 7-8 тоннаға жуық өнім жинап алған. Алманы сақтайтын арнайы орын бар. Бағбан өз сөзінде алманы ұзақ сақтау үшін қасынан су үзбеу керек деп те айтып өтті.
-Күтімін дұрыс жасасаң, кез келген жеміс ағашы өнімін жақсы береді. Мен көшетті көбінесе Меркі ауданынан алып келемін, – деп бастады бағбан әңгімесін. – Ол жақтан алынған көшет біздің Жуалы жеріне жақсы сіңіседі. Көшетті отырғызбас бұрын 25-30 сантиметр тереңдікте шұңқыр қазып, ішіне арнайы темір тастаймын. Темірдің үстін топырақпен жауып, содан кейін көшетті отырғызамын. Алманың бойында темір көптеп кездеседі. Сол себепті, алманың көшеті темірді басқадан іздемей, шұңқырда жатқан бір уыс темірден алады.
Көшеттің бұталарында көзі барын таңдап алу қажет. Сонымен қатар, көшеттің тамырының екеуі жуандау болуы тиіс. Кейде көпшілік арасында биыл отырғызылған ағаш келесі жылы өнбей, қурап қалды деген реніштерін айтып жатады. Яғни, кейбір көшет сататын жандар алма ағашының тамырын ыстық суға салып, оны жансыздандырады. Нәтижесінде, алма өзінің бойындағы суымен бес-алты ай ғана өніп, одан кейін қураған жарамсыз ағашқа айналады.
Отырғызылған көшетті жыл сайын үш рет дәрілеймін. Яғни, бүршік атқанда, жапырақ ашып, түйін пайда болғанда және түйіні орташа көлемде болған уақыттарда. Көбінесе, Хорус, Актара, Би-58 секілді арнайы дәрілерді пайдаланамын.
Бойы өсіп, алма жемісін берген уақытта міндетті түрде төбесінен кесіп тұрамыз. Алма ағашы тым биік болған сайын, жемісі де аз болады. Оның бұталарының арасы жел өтетіндей, құстар ұшып жүретіндей ашық болуы керек. Сол үшін бұталар ішке қарап өссе, бір-бірімен жанасып шықса, артығын кесіп тастау керек. Керісінше, сыртқа қарай жайқалса, онда ол бұтаға тиіспеу керек. Одан бөлек, ағашқа күн тау беткейден түскені абзал. Жабайы бұталарды да алып тастаған жөн. Жемісті бұтаның көзі болса, жабайы бұта тігінен көзсіз шығады. Міне, осындай айырмашылығы арқылы екеуін ажыратуға болады.
Ағаштың түбін әктемеу керек. Ағаштың түбін әктеу – жемістің өмірін қысқартады. Ағаштарды сәуір айының аяғына дейін отырғызып біткен жөн. Ал, күн суып, үсік жүрген уақытта баудың арасына қыстан қалған шөпті өртеймін. Себебі, шөптің түтіні баудың арасындағы жылулықты сақтап, жемістің үсік шалмауына септігін тигізеді. Сондай-ақ, ағаштарға ең керегі су. Біз сәуір айының аяғынан бастап бауды суғара бастаймыз. Күн жылынғанда бауды әр он күн сайын суғарамыз, – дейді.
Бағбан ағаш отырғызудан бөлек, будандастыру ісін де жақсы біледі. Ол бір алма ағашынан бірнеше түрлі алманы будандастырып шығаруға болатынын айтады. Ағаштарды бұтап болған соң, екі апта бойы алма будандастыруымен айналысатын болады. Ол үшін күздің күні жас бұталарды сақтап қояды екен. Будандастыру үшін бұтаның екі буынын болмаса бір жылдық шыбығын алады. Будандастырған соң, бұтаға арнайы жақпа майын жағып, ауа кірмейтіндей бау-бақшаға арналған лентамен байлайды.
“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” демекші, бағбан Дәурен ағаның бұл тындырымды тірлігінің барлығы еңбектің арқасында келеді. Отбасымен алма бауын күтіп-баптап, мол өнім алуға күш салады. Әр сәтті бос жібермей, атқарылатын тірлікті дер кезінде жасайды. Экологиялық таза өнімнің адам денсаулығына пайдалы екенін де олар жақсы түсінеді. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бір жағынан пайдаға кенелсе, бір жағынан алма бауын дем алып, жазда сая болатын демалыс орны ретінде көреді. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген ұстанымды ұстанып, ұрпағына қалдырар асыл мұра деп есептейді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»