КӨШІ-ҚОН ПРОБЛЕМАСЫ ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
18 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасында «Екі дағдарыс тарихы: Көші-қонның, білім мен дамудың, ырықсыз экстремизмді болдырмаудың өзара байланысы» атты өңірлік семинары өтті.
Іс-шара Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттінің (USAID)«Абырой және құқық» атты жобасы аясында өтті. Оны Халықаралық көші-қон ұйымы, Елбасы кітапханасы, БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы мен ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Аталмыш өңірлік семинардың мақсаты — радикализацияға қарсы шараларды іске асыру және күшейту саласындағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдері үкіметінің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарының әлеуетін күшейту, экстремизмнің білім мен даму арқылы алдын алу амалдарын талқылау. Семинар барысында мигранттардың осалдық факторларына, олардың ырықсыз экстремизм насихаты ықпалына түсу мүмкіндіктеріне айрықша көңіл бөлініп, Орталық Азия мигранттарына тән негізгі қасиеттерге талдау жасалды.
Жиында алғашқы болып сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың кандидаты Тимур Шаймергенов былай деді:
— Көпшілік көші-қонды трансшекаралық ауысулар статистикасының бірыңғай цифрлары ретінде, еңбек нарығының индексі мен заңнамалық бастамалар ретінде қабылдайды. Бүгінде біз әріптестерімізбен бірге көші-қонның адами келбетін көрсетсек дейміз. Сандар астарларында адамзат тағдырының бар екенін түсінген жөн.
Орталық Азиядағы USAID өкілдігінің демократия және мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі бөлімінің аймақтық директоры Стефани Гарви ойын былай өрбітті:
— Күллі әлем азаматтарымен бірге біз ырықсыз экстремизмге қатысты алаңдаймыз. Өкінішке қарай, бұл құбылыстан ешбір аймақ қорғалмаған. Біздің жобамыз экстремистік топтардың еңбек мигранттарын жинауына септігін тигізетін факторларды төмендетуге бағытталған. Бұл семинар өңірлік мигранттарды ырықсыз экстремизмге итермелейтін қозғаушы күштерді тереңірек ұғынуға, аталмыш факторларды төмендету шараларын анықтауға мүмкіндігін береді. Семинар барысында біз білім мен БАҚ рөлін, әлеуметтік инклюзивтіліктің маңыздылығын, ырықсыз экстремизмді болдырмау стратегиясын қабылдаудағы маңызды факторларды ортаға саламыз. Бар күш-жігерімізді біріктіріп қана біз бұл ахуалға ықпал етіп, экстремизм пайда болуының алғышарттарына кедергі жасай аламыз.
Семинар бағдарламасы аясында ХКҚҰ Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі, Орталық Азия жөніндегі ХКҚҰ үйлестірушісінің орынбасары Татьяна Хаджиэммануэль де өз пікірімен бөлісті.
— USAID пен ХКҚҰ 2001 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Бірер жыл бұрын біз Орталық Азиядағы осал әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жобаға кіріскен болатынбыз. Елге қайта кіруге тыйым салынғаннан кейін еңбек мигранттарының Ресей Федерациясынан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне қайту үдерісін байқадық. Сондай-ақ, көші-қон бағытының өзгергенін де айта кеткен жөн. Көптеген еңбек мигранттарының енді Қазақстанға жол тартуы Орталық Азия елдері азаматтарының Қазақстан халқымен мәдени жақындастығынан қарқындап келеді. Мұндай құбылысты ХКҚҰ болжаған болатын. Еңбек мигранттары ретінде әйелдердің көші-қоны өсті. Осал санатқа кіретін әйелдер қауымы жанұясын тастап, табыс көзін іздеуге кеткенде жанұя мен ондағы балаларға қауіп тиеді. Біздіңше, мигранттардың құқығы оларды өзге елге жіберуші мемлекеттен бастап қорғалуы керек. Оларды жөн-жосық көрсетудің, бара жатқан елге қатысты толық ақпарат берудің, тууы мүмкін қауіптерден хабар берудің маңызы зор, — деп, Татьяна Хаджиэмануэль іс-шара қатысушыларына «Мигранттар: Орталық Азиядағы көрінбейтін күш» атты оқиғалы суреттер трейлерін ұсынды.
ОА ХКҚҰ дайындаған трейлер мигранттардың тұрмысы мен болмысынан сыр шертеді.
Іс-шараның келесі бөлімінде ХКҚҰ, USAID, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының «Мигранттардың осалдығы және Орталық Азиядағы ықпалдастықтың қажеттігі» атты бірлескен өңірлік зерттеулеріне шолу жасалып, «ЕЭО-дағы Қырғызстан мүшелігінің екі жылдығы: аралық нәтижелер» тақырыптық зерттеуі жүргізілді.
ХКҚҰ аймақтық бағаларының нәтижелері мен ұсыныстарынан кейін жергілікті халық тұтастығының, осал мигранттар мен аймақтық ынтымақтастық құқықтарының мәселелері ұсынылып, мигранттар құқығын жүзеге асыруға ықпал ететін мүмкіндіктер мен сынақтар, әлемдік тәжірибелер талқыланды.
Нағашыбай Қабылбек