Қошқарата ауылындағы қуанышты жаңалықтар

Топырағы қасиетті, тұрғындары еңбекқор Қошқарата ауылы соңғы жылдары ғана тұрмыстық игіліктердің қызығын көре бастады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауылдық округтің орталығына таза ауызсу құбыры тартылып, пайдалануға берілсе, одан кейін Ақтасты ауылы кешенді модульді блок арқылы ауызсумен қамтылып, онымен бірге табиғи газ құбырына қосылды.

Енді биыл Қошқарата және Қызтоған ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрмекші. Ол үшін күні кеше ғана ауылдық округтің орталығында кварталішілік газ құбырын тарту желісінің құрылысы толықтай аяқталып, ауылда газ алауы тұтанды. Бұл игілікті іске тұрғындар да дән риза.

Айта кетсек, ауылды табиғи газ құбырына қосу жұмыстарын мердігер «Ремстрой» ЖШС жалпы құны 96 миллион теңгеге атқарған. Жалпы ауыл ішінде тартылған магистральдық құбырдың ұзындығы 11,6 шақырымды құрайды. Жоба құрылысының аясында 1 100-ден астам тұрғыны және 176 ауласы бар ауыл табиғи газға қосылғалы отыр. Қазіргі таңда мұнда барлығы 50 үй газ құбырына қосылуға толықтай дайын.

Жуалы ауданы