Қостанайда саумалға негізделген косметика өндірісі дамып келеді
Қостанайлық «С-Агро-Боровское» компаниясы биылдан бастап қолға және бетке арналған кремдер, сабындар, сусабындар және т.б. шығаруды қолға алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, өңірде Үлкен жоба бойынша жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған жаңа сүт-тауарлы фермаларының құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Оның 1200 басқа арналған біреуін қазірдің өзінде «Восток-1» ЖШС аяқтауға таяу. Компаниялар тобы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен, тұқым селекциясымен, мал шаруашылығымен айналысатын өндіріс орындарының басын біріктіріп отыр.
Бұл Үлкен жоба бойынша Қостанай облысында салынып жатқан алғашқы заманауи шаруашылық. Осы жоба аясында облыста алты МТФ салынып жатыр – оның үшеуі биыл, үшеуі келесі жылы пайдалануға беріледі.
Меңдіқара ауданында жобалық қуаттылығы жылына 2,3 мың тонна сүтті құрайтын 400 басқа арналған «Каменскуральск» ЖШС-нің тағы бір МТФ-інің құрылысы жүргізіліп жатыр. Шаруа қожалығын келесі жылы іске қосу жоспарланған.
Харьковское ауылында «Қарқын» агрофирмасының ауылшаруашылық дақылдарының элиталық сорттарының тұқымдарын өндіретін желі құрылысының жобасы аяқталып қалды. Мұнда өнімділігі сағатына 10 тонна тұқым тазалауға арналған Қазақстандағы құны 430 миллион теңге тұратын жалғыз PETKUS қондырғысы орнатылған.
Қостанай облысында саумал негізіндегі косметика шығарылмақ. Өткен жылы «С-Агро-Боровское» ЖШС Каменскуральск ауылының маңында бие сүтін сублимациялау зауытын іске қосты. Бұл Local food брендімен құрғақ саумал өндіретін неміс Zollmann компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Неміс сублимация технологиясы – жаңа піскен бие сүтін -72⁰C температурада мұздату оның барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 120 кг құрғақ сүтті құрайды. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында «С-Агро-Боровское» 5 тонна құрғақ сүт өндіріп, оны Астана мен Алматы базарларына және дәріхана желілеріне жеткізеді. Кәсіпорын басшысы Амангелді Сарбасовтың айтуынша, биылдың өзінде саумал негізіндегі косметика (қол кремі, бет кремі, сабын, сусабын және т.б.) шығаратын құрал-жабдықтарды орнатуды жоспарлап отыр. Zollmann бұл косметиканы Еуропада шығарады. Ол үлкен сұранысқа ие, бірақ Германияда өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жоқ.
Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ