Көтеріліске қатысқан қайсар қыз – Айғыз Көшімбайқызы

Айғыз Көшімбайқызы 1876 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Айғыз – 1916 жылғы көтеріліске және азаматтық соғысына қатысушы.
Ол ата-анасынан жастай жетім қалады. Бақтай есімді жігітке тұрмысқа шығады, алайда жары көп ұзамай дүние салады.
Кеңес үкіметін орнатуда Сабыржан Ғаббасовпен бірге Сергиопольде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, партизан отрядын құруға көмектеседі. Полковник Ярушиннің кеңсесінде үй сыпырушы болып жұмыс істеп, дұшпандарының құпия сырын қолма-қол С. Ғаббасовқа жеткізіп отырады.
1918 ж. 11 наурызда Уақытша үкіметтің жергілікті органдарының билігін құлатуға қатысады. Ақ казактардың атаманы Колчактың әскері қаланы уақытша басып алған кезде, Айғыз жау қолына түсіп, азаптап өлтіріледі.
Ол туралы «Голос Семиречья» газетінің 1919 ж. 8 тамызда жарық көрген санында былай делінген: «Сергиопольдегі қорғаныс күндері қазақ әйелі Айғыз окопқа шай, тамақ тасып, жараланғандарға көмек көрсеткен. Ол митингтерде сөз сөйлеп, опасыздарды әшкереледі. Алашордашылар мен байлар оны жауға ұстап берген. Айғызды казарма маңында жендеттер көп уақыт жәбірлейді. Оның мұрнын, құлағын, емшегін кесіп алып, көзін шұқып шығарған, қол-аяғын шауып тастаған».
Айғыз қаһармандығы мен өмірі туралы алғаш қағазға түсіріп, көпке паш еткен – Қалмұқан Исабаев, Әуелі хабар жазылды, одан кейін мақала, одан кейін очерк, артынан роман жазады. «Айқыз» романы 1967 жылы «Жазушы» баспасынан, 1989 «Жалын» баспасынан жарық көреді.
Аягөз қаласында көше, мектеп Айғыз Көшімбайқызының есімімен аталады. 2017 жылы ескерткіш орнатылған.
Отар, Ә. Айғыз Көшімбайқызы. Қазақстан тарихы. Энциклопедия. – Алматы: «Литера-М» ЖШС. 66-бет