Көз тию – ақиқат
Кезінде ауылдарда «Түһ, мына сәйгүліктің келістісі-ай!» немесе «Мына бір күшік жақсы ит болады-ау!» деген бір ауыз сөзден немесе сүйсініп қараған бір назардан сілейіп қалатын үй жануарларын талай көрдік. Міне, осылайша көзге сұлу көрінетін байлығын көлденең сұқтан тығып ұстау еліміздің жазылмаған заңына айналды. Бірақ адамға соншалықты әсер ететін, сау адамды ауру ететін, тіпті біреулердің өмірімен қоштасуына да себеп болатын осындай жағдайлардың қыр-сыры толық ашылып болған деп айта алмаймыз. Бүгінгі дамыған медицина да, заманауи технологиялар да бұл сұрақтарға мардымды жауап айта алмай жүргені мәлім. Ал, бірақ кешегі ата-әжелеріміз «Көзі құрғыр малға тисе, тисін, адам аман болсын. Құдай-ай тілдінің тілінен, көздінің көзінен сақтағайсың» деп дұға жасап, тілек тілеп отыратынын көрдік. Осылардың шын мәні қандай? Тіл, көз деген шынында да бар ма? Бар болса, тиген көз адамға қаншалықты зиян? Әр нәрсенің түп түйінін шешіп беретін хақ дініміз бұл тұрғыда не дейді? Қысқасы, бұқара жұрттың бұл жайында білгісі келетін мәселе көп болса керек.
Алдымен айтарымыз, көз тиюдің ақиқатта бар екені рас. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Көз тию, расында, бар нәрсе», «Бір нәрсеге таңырқаған мұсылман «Бәракаллаһу фиһ» десін», – деп, мәселенің мәнін қысқа ғана хадисінде ашып берген. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өз ойынан сөйлемейтіні, не айтса да Алланың көкейіне салғанын (уахи етілгенді) айтатыны қасиетті Құранда білдірілген. Тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, көз тию болып, тағдырды озып та кетер еді (тағдырды өзгертер еді)», – деген (Мүслим, Ибн Мажә).
Бұл жерде көз тиюге қатысты қандай жағдай болса да, оны бәрібір Алла жарататынын естен шығармау керек. Көзі өткір адамның жасағаны деп сенуге болмайды. Басқаша айтқанда, назары бар адам бір нәрсеге қарағанда, сол нәрсеге келетін зиянды жарататын Алла. Жақсылық та, жамандық та –Алладан. Алланың қалауынсыз ешбір нәрсе пайда болмайды.
Тіл мен көз кейде кісінің қайтыс болуына дейін апаруы ықтимал. Хадистердің бірінде: «Көз тию – ақиқат. Ол түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді», – делінген («Кәшфүл хафа», 2: 76). Олай болса, көз бен сөз тек адамға емес, өзгелерге де зиянды болса, онда бұрынғылардың сақтық шаралары мен дұғалары еріккеннің ермегі болмағаны. Құранға қарасақ, кезінде Жүсіп пайғамбардың әкесі Жақып пайғамбар өзінің балаларын Мысыр еліне жіберіп тұрғанда оларға былай дегені келтіріледі: «Уа, балаларым, (Мысырға) бәрің бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. (Не істесем де) Алладан келген тағдырды өзгертуге менің шамам жетпейді. Өйткені ақиқатында, үкім беру тек қана Аллаға тән» («Жүсіп» сүресі, 67-аят).
Міне, осы аятты тәпсірлеген ғалымдар: «Жақып пайғамбар бұл кеңесті олардың бәрі бір жерден көзге түсер болса, жұрттың көре алмаушылығына (яғни сұқ көзіне) душар болуы мүмкін деген себеппен айтқан», – дейді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде де тіл-көзге қатысты талай жағдайлар өтті. Сахабалардың бірі Амр ибн Рәбия Сәһл ибн Хунайф деген сахабаны шомылып жатқан жерінде көріп қалады. Сол-ақ екен әлгі сахаба тұрған жерінде сұлқ түсіп, құлап қалады. Айналасынан табылған кісілер оны көтеріп алып, Пайғамбарымыздың құзырына жеткізеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) мән-жайды естіп білген соң: «Енді кімнен күмәнданасыңдар?» – деді. Олар Амр ибн Рәбияны айтады. Сонда Пайғамбарымыз әңгімені Амрге бұрып: «Сендердің біреулерің бауырларын неге өлтіреді? Қайсыбірің бір бауырында ұнамды, сүйкімді бір нәрсе байқаса, ол үшін берекелі болғанын тілеп дұға етсін («Мәшаллаһ!», «Бәрәкаллаһ!» деген секілді сөздерді айтсын)», – дейді.
Міне, көрдіңіз бе, осы бір оқиғадан бірнеше қорытынды шығады. Біріншіден, кез келген адамда тіл, көз болуы мүмкін. Бірақ сахабалардың бірден Амр ибн Рәбияны айтқанына қарағанда, кейбір көздердің сұғы басқаларға қарағанда, күштірек болуы ықтимал. Екіншіден, мұсылман адам сұлу, көрікті, жарасымды, сүйкімді бір нәрсеге көзі түссе, дереу «машаллаһ» немесе«бәрәкаллаһ» деп дұға еткені дұрыс. Бұл сөз арабша екен деп бөтенсудің де, жатырқаудың да, біздіңше, қажеті шамалы. Қазақтың «бәрекелді!» (Алла берекесін берсін!) дейтін мақтау сөзі осыдан қалған. Үшіншіден, тіл-көз деген нәрсе кісі өліміне дейін апаруы мүмкін.+
Ендеше, Алла тағала баршамызды тілден, көзден, бәле-жала, кесір-кесапаттан сақтасын деп тілейміз!