ҚР Үкімет басшысы Ресейде болған жантүршігерлік өртке қатысты өз пікірін білдірді
ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында Ресейде болған жантүршігерлік өртке қатысты өз пікірін білдірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Ресейдің Кемерово қаласында үлкен апат болып, қайғылы жағдай орын алғаны бәрімізге белгілі. Алапат өрттің салдарынан көз жұмғандардың көпшілігі кішкентай балалар. Біздің Елбасымыз ресми түрде Ресей басшысына көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек. Қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде өте жоғары деңгейде талқыланып жатыр. Блогерлер өздерінің бастамасы бойынша сауда орталықтарына барып, апаттық есіктердің ашық немесе жабық тұрғанын тексеріп жүр. Сол себепті Ішкі істер министрлігі, өртке қарсы қызметтер мен әкімдіктер бірлесіп, сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шараларды қолға алуы қажет», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Естеріңізге сала кетейік, Мәскеу уақыты бойынша 26 наурызға қараған түні Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығының кинотеатр мен балалардың ойын алаңдары орналасқан төртінші қабатында өрт шыққан болатын. Куәгерлердің айтуынша, өрт шыққан кезде дабыл беру жүйесі жұмыс істемеген екен. Соңғы деректер бойынша, өрттің салдарынан құрбан болғандардың саны 64-ке жетіп, 70-ке жуық адам із-түзсіз жоғалған. Оның көпшілігі – балалар.