ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мырзаның Бейжің қаласындағы кездесуі…
ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми Саяси-заң комиссиясының хатшысы, Қытай компартиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Мэн Цзяньчжумен кездесті. Сондай-ақ, ол Бейжің қаласының Жоғары дәрежелі халық сотында да болды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат 12.04.2016ж.
«Көшбасшыларымыздың баса назар аударуының арқасында бүгінде Қазақстан мен Қытай — сенімді әріптес, достас ел. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арасында тығыз жұмыс байланыстары ғана емес, сонымен бірге жылы достастық қатынас орнаған. Мен екі елдің жоғарғы халық соттары арасында бірлескен күшпен екі елдің сот жүйелері жұмысының сапасын арттыру үшін тұрақты тәжірибе, ақпарат алмасу (оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында) жүргізілетініне сенімдімін», — деді Мэн Цзяньчжу.
Ол екі ел арасында ортақ қауіпсіздік сын-қатерлері (терроризм, трансшекаралық қылмыс және т.б.) тұрғанын атап өтті, бұл осы салада өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді.
«Елдер арасында әділ сот саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы, сотталған тұлғаларды өзара қайтару туралы келісімге қол қойылды. Өткен жылы Қытай Қазақстанның өтініші бойынша оған ҚХР аумағында түрлі мерзімдегі жазаларын өтеп жүрген қылмыскерлерді қайтарды», — деді ол.
Қ. Мәми терроризм, экстремизм, сепаратизм сияқты үш қауіппен күрес саласындағы істерді қарау тәжірибесін өзара зерделеу, сондай-ақ екі елдің жоғарғы соттары ынтымақтастық туралы барынша кеңейтілген меморандумға дайындық туралы уағдаластыққа жету маңыздылығын атап өтті.
ҚР Жоғарғы сотының судьясы Мадияр Балкен қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Қазақстан мен Қытайда сот-құқықтық реформалар ұқсас екенін атап өтіп, сапар қорытындысын шығарды.
«Біз екі ел жоғарғы соттарының ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мәселелерін талқыладық. Қытайда да, Қазақстанда да өте ауқымды құқықтық реформа басталды. Біз екі елде де барлық бағыт бойынша міндеттер мен мақсаттар сәйкес келетінін көріп отырмыз. Бұл жағынан тәжірибе алмасуды тереңдету, сот практикасын зерделеу, жаңа технологиялар мен стандарттарды енгізу, сот білімін дамыту, сондай-ақ тұтастай, әділ сот жүргізудің сапасын жақсарту бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді», — деді ол.
Еске салса кетсек, бұл ҚР Жоғарғы соты төрағасының ҚХР-ға алғашқы ресми сапары. 11 сәуірде Қ. Мәми ҚХР Мемлекеттік сот академиясына, ҚХР Жоғарғы халық сотына барды. Онда Төраға Чжоу Цянмен танысты.
Қазақстандық делегация құрамына Жоғарғы сот судьясы Мадияр Балкен, Ақмола облыстық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Аметов, Жоғарғы сот жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Әсия Қасенова мен халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің бас консультанты Нұрыш Тасболатов кірді.