ҚТЛ сынды лицейлерді қайта көбейту керек

Мен А.Мәлкеев атындағы Есік қазақ-түрік лицейінің түлегімін. Ол жерде өткізген уақытымды өмірімдегі ең керемет жылдар деп айтсам қателеспеймін. Себебі лицей маған тек қана жақсы нәрселерді берді.          Әбу Насыр әл-Фараби атамыз: «Ең қауіптісі – тәрбиесіз берілген білім» деп айтқан екен. Міне, ҚТЛ-дің ең басты ұраны – әрі білімді, әрі тәрбиелі ұрпақ өсіру. Лицейде бірінші қатаң тәртіп, имандылық жоғары бағаланады, ал содан соң білім екінші сатыға қойылған.

ҚТЛ − әлемдегі ең сапалы білім беретін оқу орны. Оның дәлелі әр түрлі олимпиадалардан, жобалардан әрқашан лицей оқушылары алдыңғы орындарды иеленіп келеді және мықты жоғары оқу орындарына түсіп жатқандар да солар.

    Негізі қазақ-түрік лицейлері осы түрік ғұламасы Фетхуллаһ Гүленнің идеясымен пайда болған. Гүлен атаның көп кітаптарын оқыдым. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) туралы тамаша кітап жазған. Сол ұлы адамның өмірін өнеге тұтқан Гүлен атаға жабылған жаланы естігенде қатты қапаландым. Алғаш рет лицейлер Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары Түркия президенті Т.Өзал мен елбасымыз Н.Назарбаевтың бастауымен ашылды. Содан бері лицейлер әр қалаларда, облыстарда салына бастады. Оқып шыққан балалардың біліміне,тәрбиесіне жалғыз ата-аналары ғана емес, бүкіл әлем тәнті болды. Осы жақында ғана болған «ҚТЛ-дер жабылайын деп жатыр» деген жаңалықты білгенде бәріміздің төбе шашымыз тік тұрды. Ең бірінші ойымызға келген нәрсе: «Лицейлердің не жазығы бар?» деген болды. Шынында да ҚТЛ тәртіпті, иманды, білімді жастарды тәрбиелеп шығарғаннан басқа қандай кінәсі бар еді?! Әлде бұл Қазақстанның білімін төмендету үшін жасалған қастандық па? Кейбір ата-аналар тіпті «лицейде теріс діни ағымды үйретеді» деп білмей жатып өсек таратқанын естігенмін. Өзім оқыған жылдары ондай бассыздықтарды көрген емеспін. Әрқашан үлкендерге амандасып, сыйлауды, киімнің, сыртқы келбеттің таза болып жүруін үйретті. «Үйдегілер сендерге бүкіл жағдайды жасады, сендерге үміт артып отыр, тек бас алмай оқудан басқа сендердің жұмыстарың жоқ» деп ағайларымыздың айтатыны есімде.

1362652685_12-

    Бағымызға орай елбасымыз қазақ-түрік лицейлерін жаптыруға жол бермеді. Лицей түлектерінің, ата-аналардың қуаныштары шексіз болды. Меніңше ҚТЛ-ды жабуға тырысқандары, жазықсыз жалаға ұшыратуы қызғаныштан, іштарлықтан деп ойлаймын. Керісінше өз елімізде лицейлерді одан сайын көбейту керек, мектептерге де осы ҚТЛ жүйесін енгізу қажет деп есептеймін. Мәселен Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінде, университетінде тура лицей жүйесі қолданылып келеді. Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» атты саясаты да осы лицейдің идеясынан туған ба деген ой келеді. Ендігіде мектептерде ағылшын тілінде сабақ өтетіні ол ҚТЛ-да бар нәрсе. Яғни мектептеріміз де осы жүйеге енуі әбден мүмкін. Н.Назарбаев атамыз лицейлерді өз қанатының астына алып, қорғаштап келеді. Демек біздерге, ҚТЛ оқушыларына ол кісі үлкен сенім артуда. Сол сенімді, үмітті ақтаймыз деп ойлаймын, лицейлеріміз көркейіп, жылдан-жылға мықты азаматтарымыз бен азаматшаларымызды тәрбиелеп шығарып, өмір бәйгесінен сүрінбей өтуіне Аллам нәсіп етсін!

                                                                                      Нұржан Айғали,

«ЕлАна»