ҚУ ДҮНИЕ…

Бір мысал әңгіме естігенмін. Бірде бір бозбала үйленуге ниет етіп, әкесінің рұхсатын алайын деп, асқан сұлу қалыңдығын оған ертіп келіпті. Әкесі қызды көріп, біраз үндемей қалыпты.
Сосын: «Балам, мына қызға сен ие бола алмай қалатын сияқтысың. Одан да мұны маған бер, мен алайын» дейді. Баласы келіскісі келмейді. Әкесі де қызды алмай тынғысы келмейді.
Екеуі ары-бері тартысып, болмаған соң, әділдік іздеп қазыға келеді. Мәселенің мән жайын тыңдап отырған қазы қыздан көзін ала алмай тесіліп қарай береді.
Сонан соң: «Мынандай қызды қолында билігі бар мемлекеттік қызметкер алмаса, сендер бұдан айырылып қаласыңдар. Байғұс қызға обал болар түрі бар. Бұл қыз сендерден гөрі маған ылайығырақ екен, мен алайын» деп, жата жабысады.
Әкелі-балалы мұндай ұсынысқа келіспейтінін айтып, екі жақтап айғайға басады. Сонымен, үшеуі қызды үш жақтан тартқылап, уәзірден әділдік іздеп келеді.
Оларды мұқият тыңдаған уәзір де қызды көргісі келеді. Көрген бетте оның да есі ауып қалады. Дауласқан адамдардың бәрін қуып шығып, қызбен оңаша сөйлесіп көреді.
Қыз да қарсы емес екенін білдіреді. Бірақ, қызды иеленіп қалғандар олжаларынан оңай айырылмайтынын айтып, уәзірді патшаға қарай сүйрелейді.
Қызды көрген патшаның да басы шыр айналады. Ол да қызды бірнеше күнге алып қалып, мәселені асықпай шешетінін айтады. Оған қалғандары келіспейді. Дау қайта жалғасады.
Соның бәрін тыңдап отырған ару ақыры төрелігін өзі айтады: «Жігіттер, босқа даурықпайық.
Одан да ең дұрысы, мен қашайын, сіздер қуыңыздар. Кім бірінші жетсе, мені сол алсын» дейді. Басқалар амалсыз осы тоқтамға келіседі. Сонымен, қыз жүгіре жөнеледі де, бес еркек тұра қуады.
Қыздың көйлегі көлбеңдеп, табаны жерге тимей зулайды. Ынтызары оянған, делебесі әбден қозған ер-азаматтар тілдері салақтап, өкпелерін қолына алып, «бақыттарын» балақ түре қуа береді.
Бір кезде алдарынан терең ор шығады. Қыз секіріп өтіп кетеді. Қалғандарының бәрі сол орға құлайды. Бірде-бірі шыға алмайтын болып, ордың түбінде қалады.
Қыз айналып ордың жиегіне жақындап келеді де: «Сендер мені таныдыңдар ма? Мен – қу дүниемін ғой. Мені адамдардың бәрі иеленгісі келеді.
Бірақ, мені ешкім қуып жеткен емес. Сонда да адамдар қайта шыға алмайтын тар, терең шұңқырға құлағанша артымнан жүгірулерін қоймайды» деп, бұрылып жөніне кете барыпты.
Бес күндік жалғанда бұл қу дүние жеткизбейди!
Бақыт Жақсылықова