Қуандықты біреулер «құрбандыққа» шалып отыр  

Жақында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары Мәди Мырзағараев пен Сейіт Рахманов арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, осындай мәлімдеме жасады. Онда қорғаушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы таратқан Қуандық Бишімбаев Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына бөлінген қаражатты ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша «1,2 миллиард теңге көлемінде мемлекетке өтемақы төледі» деген ақпараттың жалғандығын және бұрынғы экономика министрінің соттың әділ өтетініне сенімді екенін мәлімдеді. Тергеудің әділетсіз өтіп жатқанын айтқан адвокат Сейіт Рахманов: «Белгілі бір азаматтар Бишімбаевты түрмеге отырғызбақшы. Алайда іске сәл үңіліп қарасақ, мәселе анық көрініп тұр. Белгілі бір ұсталған азаматтар бар. Олар қылмыс үстінде құрықталған. Алайда олар амалын тауып, құтылып кетпекші. Олар өз жазасын жеңілдетіп, кінәні Бишімбаевқа жабуды көздеп отыр. Біз олардың кім екенін сотта айтамыз»,— десе,  айыптаушы тараптың дәлелдері тек куәгерлердің сөзіне негізделгенін алға тартқан  Қуандықтың тағы бір адвокаты Мәди Мырзағараев: «Қуандық Бишімбаев қылмыстық істің әдейі ұйымдастырылғанын бастапқыда-ақ мәлімдеген. Дәлел ретіндегі құжаттар, мінеки, қоладыңызда. 2015 жылғы енгізілген тәртіпке сәйкес, сотқа дейінгі тергеу тек рапорт тіркелгеннен кейін немесе құжат сотқа дейінгі тергеу реестрінде тіркелген соң ғана жүруі тиіс. Бұл – қылмыстық істі жүргізудің негізгі фундаменті.

Осы құжат арқылы кез келген азаматты қылмыстық іс бойынша қудалау басталады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро Тергеу департаментінің басшысы С.Н. Перовтың атына жазылған рапортты қараңыздаршы.  Онда қол мен екі штамп тұр. Бір қарағанда барлығы дұрыс сияқты. Алайда құжаттағы екі штампқа дұрыстап қарасақ, бір штамп – мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігіне, ал екіншісі мемлекеттік қызмет істері министрлігіне тиесілі екенін көреміз. Айырмашылықты байқап тұрсыздар ма? Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік және министрлік.

Яғни мұнда мүлдем екі түрлі органның штамптары тұр. Аталған министрлік қазір жоқ. Ол 2016 жылдың 13 қыркүйегінде Президенттің жарлығымен қайта құрылды. Ал мына құжатта 2016 жылдың 9 тамызы көрсетілген. Президенттің жарлығы шығуға бір ай және бірнеше күн қалғанда, аталған агенттік құрылғанға дейін біздің құжатта агенттіктің штампы тұр.

Президенттің аталмыш жарлығына дейін аталған мемлекеттік қызмет істері министрлігінің агенттікке айналатынын ешкім білмеген. Мұны тіпті ешкім болжай алмаған. Алайда Ұлттық бюро қызметкерлері уақыттың алдына түсіп кеткен болып тұр ғой. Жарлық жоқ, мемлекеттік орган құрылмаған, бірақ штамп бар. Бұл нені білдіреді? Сіздер не болып тұрғанын түсінесіздер ме? Демек, бұл құжат 9 тамызда дайындалмаған. Мұны Бишімбаев та мәлімдеп отыр. Ол тағы да өзіне қатысты қылмыстық істің заңсыз қозғалғанын және өзіне қарсы ұйымдастырылғанын айтады»,— деп мәлімдеді.

 

Ермек Сахариев