Қуаныш Ерғалиев: Биыл білім беру гранттарының саны – 88 мың
22 мамыр күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2023 жылғы ҰБТ өткізу туралы айтып берді. Бұл туралы «https://ortcom.kz» сайты хабарлады. Қуаныш Асылханұлы баяндама барысында биылғы гранттар мен ҰБТ жайында біраз мағлұматтармен бөлісті.
«Өткен аптада елімізде маңызды науқандардың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Осы тестілеу нәтижесінде түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатыса алады. Вице-министрдің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 166 мың талапкер өтініш білдірді. Гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бағытталады, сонымен қатар тығыз орналасқан және батыс аймақтардың жастары үшін арнайы гранттар бөлінген. 2023 жылы өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квоталардың саны артты – 6 280 грант бөлінген. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 653 грант бөлінді.
«Серпін» бағдарламасына қатысты екі өзгеріс бар. Біріншіден, бағдарламаны өтеу мерзімі қысқарған: ол бұрын үш жыл болса, қазір екі жылды құрайды. Сондай-ақ бұрын жұмыспен өтеу оқыған аймақта ғана болатын болса, қазіргі таңда басқа да осы бағдарламаға қатысқан аймақтарда жұмыс істеуге және өтеуге болады.
Биыл білім беру гранттарының жалпы саны – 88 мың. Оның ішінде бакалавриатқа – 73 мың грант, магистратураға – 13 мың грант және докторантураға 1890 грант бөлінді. Грантқа құжаттарды қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндерінде биыл өзгерістер жоқ», – деді вице-министр.
Яғни 13-20 шілде аралығында грантқа құжаттар қабылдау, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін жариялау жоспарланған. ЖОО-ларға да қабылдау әдеттегідей, 25 тамызға дейін жүзеге асырылатын болады.
«ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Ақылы негізде оқу үшін қаңтар-наурыз айларында өтті, сонымен қатар тамыз айында да өтетін болады. Ал грантқа қатысу үшін мамыр және маусым айларында өтетін болып отыр. Осы қаңтарда өткен ҰБТ-ға 123 мың адам қатысты, солардың 83%-ы шекті балл алды. Сонымен қатар наурызда өткен ҰБТ-ға 111 мың бала қатысты, нәтижесінде 83%-ы шекті деңгейден асты.
Биылғы ҰБТ-ның негізгі артықшылықтарының бірі – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестілеуші екі нәтижеден ең жақсысын таңдап грант иелену үшін конкурсқа қатыса алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілген. Сонымен қатар екі мүмкіндікте де түлек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдауы керек. Тест тапсыру тілі бойынша, балалардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 0,14%-ы ағылшын тілінде емтихан тапсыруға ниет білдірген. Биыл тестілеу форматында өзгерістер жоқ, пәндер саны бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлығы 120 тест сұрағы болады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат.
Басты жаңашылдықтарына келетін болсақ, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. «Қазақстан тарихының» бір нұсқасына 20 тест тапсырмасы болады, ал «Оқу сауаттылығында» 15 тест сұрағы болады. Биылдан бастап «Информатика» ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика» мұғалімдерін даярлау, «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» сияқты бағдарламалардың топтарына балалар «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады.
Биыл шекті баллдарда да өзгеріс болмайды: құқық және педагогикалық ғылымдар бойынша – 75 балл, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету, медицина бойынша – кемінде 70 балл, ауылшаруашылығы және биоресурстар, ветеринария бағыттары бойынша – 60 балл. Ұлттық ЖОО-ларда шекті балл – 65 балл, басқа оқу орындарында – кемінде 50 балл жинау керек.
ҰБТ өткізу барысында академиялық адалдықты сақтау үшін 2022 жылы енгізілген «1 компьютер, 2 камера, 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сонымен қатар былтырдан бастап тест нұсқалары таңбаланады, яғни ҰБТ қатысушысының әрқайсысының өзінің жеке тест нұсқасы болады. Тыйым салынған заттарды тестілеуге енгізуге тырысқан және тестілеу кезінде ереже бұзған балалардың нәтижелері жойылады.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да арнайы жағдай жасалған. Мысалы, ҰБТ тапсыру үшін осындай балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Осы және басқа да шаралар нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 90 бала болса, былтырдың өзінде 500-ге жуық бала ҰБТ емтиханына қатысты», – деді Қ. Ерғалиев.
Вице-министр бұдан соң журналистердің сұрақтарына жауап берді.