“ҚҰДАЙ БАР, АРХИВ ТЕ БАР (Есть бог, есть и архив). МЕН ҚҰДАЙ МЕН АРХИВТІҢ ҚҰЛЫМЫН”

Бауыржан Момышұлының осы әйгілі сөзі тарихшыларға, жазушыларға, жалпы ғалымдар мен зерттеушілерге негізгі нұсқау, баянды бағдар болуға тиіс. Өйткені, ғылым беделге емес, дәлелге тоқтайды. Жазушы ретінде осы жолды ұстанған батыр бабамыз кезінде архив ісінің жай-күйін былайша сипаттаған екен.
“Біздің қазақта екі архив бар: Бірінші архив – қағаз бетіне түскен нәрселер. Ол жағынан біз бай емеспіз. Қағаз бетіндегі архивке көлденең көз түсіне де бермейді. Екінші архивіміз – орысша айтқанда, живой архив. Яғни, біздің өміріміздің басы-қасында болған, отына жанып, суына
түсіп, ыстығына еріп, суығына тоңып, тірі жүрген қайраткерлер.
…Ашық айту керек, екі архивімізде де кемістіктер аз емес. Қағаздағыларына біз көлденең көзбіз дедік. Қағазды біз жинай да білген емеспіз, жиналғанды оқуды да біле алмай жүргеніміз даусыз. Ал, енді живой архив жағынан әңгіме қозғасақ, іс жүзінде табыстарымыз аз емес. Бірақ сол табыстарымызды қорыта келсек, олардың барлығы біздің мүмкіншілігіміздің көп дегенде он-ақ процентінен аспайды”. Содан бері қаншама заман өтті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, қоғамдық дамудың жаңа кезеңі жалғасуда, жаңа технологиялар еніп жатыр.
Ал архив саласында шешімін таппаған проблемалар жетерлік. Тарихымызды түгендеу мақсатында алыс-жақын шетелдерден ұлтымызға қатысты мұраны, архив құжаттарын іздеу жүйелі түрде жалғасын табу керек деп ойлаймыз. Архивтердің сақтандыру қорлары жаңа негіздемеге сүйеніп құрылғаны жөн. Ширек ғасыр бұрын қабылданған арнайы заң уақыт көшінен қалып қойды, заманауи талаптарға жауап бере алмайды. Қазір цифрлы дәуірге аяқ бастық. Жыл сайын өсіп, көбейіп жатқан жазба, видео, аудио архив қорларын сақтау, өңдеу, ғылыми айналымға түсіру үшін тиісті мамандар даярлау, оларды ынталандырып, жалақысын арттыру, материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр.
Астанада өткен «ASTANA ARCHIVE FEST» халықаралық архивистер форумында осы және өзге де мәселелер кеңінен талқыланды, ұсыныстар айтылды. Сол өрелі ұсыныстар айтылған жерде қалмағаны жөн деп санаймыз.
Өйткені, ұлт тарихына қатысты арнайы жиында Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев:
“Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізу қажет емес. Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн. Сондықтан әрбір іс-шара мемлекетшілдік сананы нығайтуға арналуы керек” — деп, нақты бағыт берген болатын.
Дархан МЫҢБАЙ