Құдаймен сөйлескім келеді
Бала кезінде киген киімдерін жаңа көргендей таңғалып, ой-санасы толысып келе жатқан бес жасар Болат бір күні әкесі намазын оқып болып, орнынан тұра бергенде сұрақ қойды.
— Әке, осы сен екі адам отыратын әдемі кілем төсеп алып, күнде кіммен сөйлесесің а?!. Бұрын намаз оқыса мойнына жабысып, үстіне мініп, ойнап кететін баласынан мұндай сөз күтпеген Асан қапелімде не дерін білмей аңтарылып қалды. Жымиды. Сосын ұлын оң тізесіне отырғызып, былай деп жауап қатты:
— Құлыным-ай, сенің әлгінде әдемі кілем дегеніңді жайнамаз деп атайды. Мен оның үстінде отырып Алла-Тағаламен сөйлесемін.
— Құдаймен бе?!.-деп Болаттың көзі ұшқын атып, таңданыспен еркелей қарады.
— Иә, Құдай-Тағаламен…
— Сонда не жайлы сөйлесесіңдер?!.
— Мен сөйлеймін, ал ол тыңдайды.
— Жауап қатпайды ма сонда?
— Жауап қатады, оны таза жүрек естиді…
— Қызық қой, әке, менің де Құдаймен сөйлескім келеді.
— Сөйлесесің, ақылды, тәртіпті болсаң бәрі де болады.
— Әке, сен оған не жайлы айтасың?
— Біз жайлы, сен туралы.
— Не деп?
— Біз жақсылыққа талпынамыз, сен бізге денсаулық бер, қайғы-қасірет шеккізбе, құлатпа, тегіс жолмен жүргіз,-деймін.
— Ал ол не дейді?
— Ол ма, ол айтқанымның бәрін асықпай тыңдап, соны жүзеге асырады, яғни денсаулықты да, адал ас-суымызды да, қысқасы бәрін де береді. Сен біліп жүр құлыным, Алла маған сенің анаңды, сені, осынау үй-жайды, бақытты өмірді берді. Сол үшін күнде рахметімді айтудан жалықпаймын.
— Аллада бәрі бар екен ғой! Әке, ол не сұрасаң да береді ме сонда?
— Жақсы нәрсені ғана сұрасаң…
— Мақсат досым бар ғой, көрші бала, соның үйінде Айәпкесі бар, сен соған да денсаулық сұрасайшы!..
— Айәпкесі?.. Оған не болыпты?..
— Қатты ауырады. Төсекте жатады. Тамақ ішпейді дейді Мақсат, өткенде жылады, мен досымды, Айәпкесін қатты аяп кеттім… Әкешім, сен сұрашы, иә?..
— Сен оны қайдан білесің?
— Мақсаттың үйіне барғанда көрдім. Айәпкесіне денсаулық сұрашы, жақсы ма, әке,-деп Болат әкесін құшақтап, бетінен сүйіп алды. Ұлының бұл әңгімесі Асанды ойлантты, тебірентті.
— Болатжан, сұраймын, сұраймын ғой, -деді. Болат «алақайлап» шауып кетті. Осы әңгімеден соң Асан көршісінің үйіне барды. Сөйлесті. Мақсаттың Айәпкесі қалада тұратын жақындарының қызы екен, жаман ауруға шалдыққалы бір жылға таяпты, апармаған жерлері қалмағандай, осы мықты деген дәрігерлер мен емші-тәуіптен қайран болмапты, ақыры «жазмыштан озмыш жоқ» деп жеңілген, аурудың ақырын күткендей күй кешкен. Қалада үнемі жанында болып, бағып-күтетін де ешкімі жоқ екен, сосын осы ауылдағы ағасы қолына алыпты, бәлкім даланың таза ауасы мен қымыздың күшімен емдерміз деп. Бірақ тамағынан тамшы судың өтуі күш. Келгеніне көп болмаған. Асанның білмеуі содан. Болаты айтпаса біразға шейін білмей жүре берер еді. Айәпкенің аты Айсырға екен, жасы жиырма үште, дертке шалдыққалы өңі қуарып, көз алдымызда солып барады деп мұндағы аға-жеңгесі де уайымдап отыр. Айсырғаны Асан көрді. Өмірден түңілген. Көзі мұңды. Сұлқ жатады. Ас-суға зауқы жоқ. Жүзіне қарауға дәтің шыдамайды. Асан амандасып, «қызым, Алла-Тағаладан іштей тілей бер, ол бүкіл әлемнің иесі, бұл аурудан жазып алады, сен тілей бер» деді. Айсырғаның кірпігі де қимылдамады. Естіп жатыр. Бірақ… Асан көршілерін жұбатып, аулаға шыққанда Болат пен Мақсат ойнап жүр екен. Екеуі жүгіріп алдарынан шықты.
(Жалғасы бар)
Мұнайдар Балмолда