Құдалықта жан тапсырған құда  

Кеше көршім Мақсат аға Қазалыдағы қайын жұртына барып келді. Айтуынша, ол жақтағы сүндет той керемет өткен. Қазақтың бар салт-дәстүрі,  әдет-ғұрпы шынайы көрсетіліпті. Бірақ сол ауылда бір ыңғайсыз жағдай орын алыпты.

— Мен барардан бір апта бұрын қайнымның көршісіне Тараздан Алматыдағы ауылшаруашылық институтында бірге оқыған досы келіпті, — деп бастады әңгімесін Мақсат аға. — Кездеспегендеріне 30 жылдай болған екі дос бір-бірімен сағына қауышып, көпке дейін мауқын баса алмайды. Содан қой сойып, ағайын-туыстарын шақырып, үй иесі үлкен отырыс жасайды. Сөздеріне қарағанда, Тараздан келген қонақтың тұрмысқа шықпаған, жоғары білімді қызы бар болып шығады. Ал үй иесінің 25 жасар бойдақ баласы бар екен. Сонымен,  ішкілік ішкен жерде не болмайды дейсіз? Дастарқан басында екі дос бір-біріне құда болайық деп уағдаласады. Осылай гу-гу болып отырған кезде тамақ келіп, үй иесі болашақ құдасының алдына қойдың басын тартады. Үйме-үйме табақтағы етті армансыз жеген олар ішкілікті де жетімсіретпей дембіл-дембіл алып отырады.

Тамақ әбден желініп, бітті-ау дегенде үй иесі қазақы дәстүрмен тараздық досына асатпақ жасамақшы болады. Ол алақанына ет аралас қойдың майын нығыздай салып, қонағының қарсылығына қарамай аузына күштеп сала бастайды. «Ойбай, құдеке, қажеті жоқ», —  деп жалынғанына қарамай, қолындағы ет пен құйрықты өңешіне қарай итере береді. Сол арада болашақ құдасының көздері аларып, бірден демі жетпей тұншыға бастайды. Бір кезде қақалып-шашалған қонақ жүрегін ұстаған күйде құлап түседі. Екі қолын ербеңдетіп, дем жетпегендей сұлқ түскен досының әлем-тапырақ жүзінен шошынған үй иесі оның апандай аузын көріп шошып кетеді. Сол кезде барып қызды-қыздымен ет асатқан кезде қонағының аузындағы жасанды тісті итеріп, өңешіне тоғытып жібергенін бір-ақ біледі.  Сонымен, жүрегі ұшып кеткен үй иесі «Жедел жәрдем» шақырады. Бірақ ырғалып-жырғалып «Жедел жәрдем» жетем келгенше аузын арандай ашқан қонағы протез тісі өңешіне қадалып қалғандықтан дем ала алмай, тұншығып қайтыс болып кетеді…

Міне, қазақтың ежелгі салтын жасаймын деген үй иесінің әрекеті осылайша қайғылы жағдайға ұласады. Содан курстасына деген сезімі алып-ұшып келген тараздық қонақтың тағдыры осылайша қайғылы аяқталғанын естіп, көңілім қатты жабырқап кетті. Меніңше, «дәстүрдің озығы бар,  тозығы бар» дегендей, ондай салтты қою керек. Бүгінде адамдар арасында бұрынғыдай емес, экология салдарынан туындап отырған түрлі аурулар көбейіп кетті. Әлгі қайтыс болған кісі де жасанды тіспен жүргені анық. Досының шын ниетпен жасаған әрекетіне қарсы тұра алмай, о дүниелік болып кетті…

Бұған не дейсің? — деп, көршім әңгімесін көңілсіз аяқтады. Иә, «Жазым болса,  быламыққа да тіс сынады» демекші, мезгілсіз келген ажалға дауа бар ма? Сонда да болса бір сәт өзімізге-өзіміз сақтықпен қарағанымыз дұрыс шығар. Қалай ойласыздар?..

 

О. Көмеков