Құдық қазғандарқаржысын қашан алады?
Қазіргі таңда қай өңірде болмасын ағын су мәселесі ең өзекті түйткілдердің бірі екені жасырын емес. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысып отырған қожалықтар үшін төрт түлігін суғаратын өзендер мен көлдер ауадай қажет. Ал, шөл-шөлейтті жердегі малшыларды көп жағдайда құдық суы құтқарып жатады. Алайда, кеңестік кезеңнен қалған құдықтардың бүгінде сапасы сын көтермейді. Осыған орай, Үкімет алдағы алты жылда 4 мың құдық қазып, 8 миллион гектар жерді суландыруды жоспарлаған болатын. Және бұл жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылып, субсидия бөлу көзделген еді. Міне, осы тың бастаманың Жамбыл облысындағы тынысын саралап көрген едік.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жоба жанданған 2014 жылы 15 шаруашылық мемлекеттік жеңілдік арқылы құдық қазуға өтініш берген екен. Оның тоғызы Т.Рысқұлов ауданынан болса, үшеуі — Байзақ, екеуі — Шу және біреуі – Қордай ауданынан. Дегенмен, бұл қожалықтардың барлығы жоба талаптарына сай ең алдымен құдықты өз қаржыларына қаздуға міндетті болған. Және бір құдықтың құны – 4 миллион теңгеден аспауы қажет. Құрылыс жұмыстары толықтай біткенде ғана шаруалар 80 пайыздық субсидияға қол жеткізген екен.
Ал, өткен жылы жалпы 31 жоба ұсынылып, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Байзақ, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандары ерекше белсенділік танытқан. Оларға жыл басында 57 миллион 79 мың теңге субсидия беріледі деп жоспарланыпты. Алайда осы шаруашылықтардың дені жыл аяғында төлемдеріне қол жеткізе алмаған. Бұл жағдайды басқарманың экономикалық талдау және жоспарлау, ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Марат Бүркітбаев қаржының жетпей қалуымен түсіндіріп отыр.
– Бүгінгі экономикалық жағдайға байланысты өткен жылы шаруашылықтарға толықтай қаржы бере алмадық. Өйткені жыл соңында жоспарланған қаржы түспей қалды. Десе де, биыл барлық қазылған құдықтардың қаржысын өтеп беру көзделіп отыр.
Негізі Ауыл шаруашылығы және су ресурстары министрлігінің 2014 жылы шыққан қаулысына орай, кез келген шаруа құны 4 миллион теңгеге дейінгі көлемдегі қаржыға құдық қаза алады. Сондай-ақ, су сорғыш қондырғыны – 800 мың теңгеге орнатуға құқылы. Егер желмен қозғалатын сорғышты орнатса, мемлекеттен 3 миллион теңгеге дейін өтемін алуға мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, су сақтайтын бөшке мен астауларын орнатса – 1 миллион 500 мың теңге, күн панелін қойса – 200 мың теңге субсидия беріледі. Толықтай алғанда егер жеке қожалық осы талаптардың барлығын орындап 8 миллион 700 мың теңгеге құдық қазатын болса,оның біз 80 пайыздық қайтарым негізінде 6 миллион 960 мың теңгесін өтеп бере аламыз, – дейді Марат Қонысұлы.
Иә, жауапты маманнан осындай жауап естідік. Десе де, былтыр тиісті ақшаларын ала алмаған шаруалар биыл құдық қазуға құлық таныта қояр ма екен? Мүмкін жеке қожалықтар алдыңғы жылы Үкіметке үміт артып, қарызданып-қауғаланып құдық қазған да болар. Жамбыл ауданындағы «Асылов» шаруа қожалығының тең төрағасы Әсет Асыловтың айтуынша, шын мәнінде өткен жылы құдық қазу шаруаға оңайға соқпаған екен.
- Мемлекеттік жеңілдік негізінде құдық қазуға болады дегенді естіген бойы бұл жұмысты бірден қолға алған болатынмын. Алайда, былтыр 2 миллион 400 мың теңгеге құдық қазып қойсақ та, субсидияға қол жеткізе алмадық.
Қазір жеке қожалығымда 300 бас ірі қара, 400 бас жылқы және 1000-нан аса қойым бар. Бұл малдардың барлығына күнделікті су қажет. Ал, малды ауылымыздың маңында орналасқан көлшіктің суын қыста іске жарату мүмкін емес.Өйткені, көл беті мұз болып қатып қалады. Оған қоса, көлшік су тұщы да болып тұр. Бұл малға өте зиянды. Осыған байланысты, былтыр құдық қазуды қолға алған едік. Алайда, бұл тірлігіміздің өзі шығынға батырып тұр, – дейді шаруа.
Жалпы өткен жылы құдық қазған қожалықтардың дені Әсет шаруадай ойын ашына жеткізуде. Барлығының айтары Үкімет уәде еткен субсидияны дер кезінде қайтарса екен дейді. Өйткені, қарызданып-қауғаланып қазған құдықтарының кем-кетігін қожалықтардың көбі әлі күнге түгендей алмай отыр. Әрине, шаруалардың жанайқайын орынсыз дей алмассың. Себебі, қыруар қаржыны құмға құйып, құдық қазу жұмыстары бел ортасына келгенде бұл тірлікті кім өз еркімен қоя қойсын?
Десе де, ауыл шаруашылығы басқармасы биыл барлық төлемдер төленетініне сендіріп отыр. Тіпті басқарма басшысы Нұржан Нұржігітов жуырда өңірлік коммуникация қызметінде берген брифингінде өткен жылы қазылған 31 құдықтың қаржысы толықтай шаруаларға берілетініне уәде етті. Тіпті ол, биыл 7-8 шаруаның өтініші қаралып, ал жалпы жыл ішінде тағы 50 құдықты субсидиялық негізде қаржыландыру жоспарланып отырғанын қосымша айтып өтті. Демек, бұл тірлік биыл да тетігін тауып, жоба қосымша жанданатын секілді.
Әрине, мұндай ақпарат шаруалардың жұмысына жан бітіріп, құдық қазған қожалықтарға үлкен демеу болатыны сөзсіз. Және былтыр қаржысына қол жеткізе алмағандар биыл толықтай ақшасын алады деп сенейік. Әйтеуір, басқарма басшысының берген уәдесі айтылған жеріңде қалмаса болғаны.
Саятхан Сатылған