Күй – қоңырау

Тараз қаласының «Арай-2» алқабында тұратын болғандықтан, Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан күнде өтемін. Сабақ біткен сәтке сәйкес келіп қалады ма, қазақтың күйі күмбірлеп қоя береді. Құрманғазының «Сарыарқасы», Динаның күйлері көңіл тербейді.

Ойланып бара жатамын. Қазақы ауылда білім алсақ та, сабақ біткенде күйдің үнін емес, сыңғырлаған қоңырау даусын он жыл бойы естідік. Ол кезде заман басқа. Қазір де «Балам орыс мектебінде оқысын, ағылшыны алда жүрсін» дейтін ата-аналар аз емес. Жарайды, қалаған мектебіне барсын. Қалалы жердің баласы онсыз да ресми тілден алшақ емес. Қоғамдық орындарда түрі нағыз қазақ, бірақ тілі орысша шүлдірлеген балаларды жиі көріп жүрміз. Егер күй – қоңырау барлық мектепте орнап, үзіліс сайын тартылып тұрса, орыс тілге бейім қазақ баласының да санасына сәуле құйылар. Қаны – қазақ, жаны – қазақ емес пе?

Екі қызым домбыра үйірмесіне барады. Қазақтың қасиетті аспабынан, әні мен күйінен алшақ жүрмесін дедім. Бірер жыл бұрын білікті ұстаз, ғалым Алмасбек Белботаев ағайға осы қуанышымды айтқан едім. Сонда ұстаз: «Қыздарыңды домбыра үйірмесіне бермес бұрын, үйіңе домбыра сатып ал. Соларға ыңғайлы, ықшамдысын ал» деді. Солай жасадым. Қыздарым қолдары босаса, домбыра тартады. Қазір күйді күмбірлетіп, ән салып жүр. Олардың талабына қуанамын.

Күй тыңдаған бала қазақы болмыстан алыс кетпейді. Себебі, бабалардың қанымен келген күй өнері – біздің қазынамыз!

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ