Күйеуіңіздің жүрегін жаулағыңыз келсе…
Мұсылман әйел ерінің жүрегін қалай жаулай алады? Жер бетінде өзін күйеуінің жақсы көргенін қаламайтын бірде-бір әйел жоқ шығар. Әрбір әйел ерінің өзімен бақытты болуын қалайды, бірақ ол үшін әйел күйеуінің жүрегін жаулай ала білуі қажет. Мұсылман әйелдерге өз күйеулерінің жүрегін жаулап алуға көмектесетін бірнеше кеңестер ұсынамыз.
- Алла Тағала барлық нәзік жандыларды сұлу етіп жаратқан, күйеуіңізді сұлулығыңызбен өзіңізге қаратыңыз. Алланың сізге берген сұлулығын пайдаланып, күйеуіңіздің жүрегін жаулап алыңыз. Өзіңіздің сырт келбетіңіздің әдемілігін сақтап жүруге тырысыңыз.
- Жарыңызды тиісті түрде қарсы алыңыз. Ол жұмыстан келгенде үйі жинаулы, балалары таза, кешкі асы дайын, үйінде әдемі киінген әйелі күтіп отырғанын білсін. Мұндай жағдай күйеуіңіздің сүйіспеншілігін арттыра түседі. Ал енді елестетіп көріңіз, бәрі керісінше болса қандай жағдайға әкеледі?
- Жұмақта мекен ететін хор қыздарын ойлаңыз, оларға еліктеңіз. Құранда және сүннетте хор қыздарының ерекше сипаттары жайлы жазылған. Мысалы, олар жібектен киім киіп, көздері үлкен қап-қара және өз ерлеріне ән салып жүреді екен. Сол сияқты сіздер де жібектен киім киіп, көздеріңізді сүрмемен бояп, күйеулеріңізге ән салып жүріңіздер.
- Сәнді киініңіздер және әшекейлер тағыңыздар. Құранда жазылғандай, қыз балалар жас кезінен бастап әшекей бұйымдар, сырға, білезіктер тағып, әдемі сәнді көйлектер киген. Тұрмыс құрғаннан кейін де, өз жарыңыз үшін сәнденіп, әшекей бұйымдар тағынып, сәнді көйлек киініп жүруді жалғастырыңыз.
- Күйеуіңізбен ойнаңыз және әзілдесіңіз. Ер адамдар қайғысыз-қамсыз, әзіл-қалжыңы жарасқан келіншектерді жақсы көреді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) Жәбір деген сахабасына айтқан: «Өзіңді күлдіре алатын және өзің оны күлдіре алатын әйелді қалыңдыққа ал».
- Күйеуіңіздің жасаған жақсылығы үшін оған ылғи алғыс айтыңыз. Бұл отбасылық өмірдің ең маңызды аспектісі болып табылады, яғни жақсылықтың қадірін білмеу – тозақты мекендеушілердің сипаты.
- Тіпті сіздікі дұрыс болып тұрса да кешірім сұрай біліңіз. Егер даулассаңыз отқа май құйғанмен тең. Өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдегеннен гөрі, үйде тыныштықтың орнағаны сіз үшін маңызды болуы керек.
- Еріңіздің көңілін тауып, разылығын алуға тырысыңыз, себебі Жұмаққа барар жол сонда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан екен: «Өзінің ерінің разылығын алып көз жұмған әйел Жұмаққа түседі», — деп. Осы сіздің қаперіңізде жүрсін.
- Тыңдаңыз және бағыныңыз. Күйеуіне бағыну – парыз. Сіздің күйеуіңіз үйіңіздің иесі. Оған осындай құқық беріңіз және оның шешімін сыйлаңыз.
- Сіздердің отбасыларыңыз бен неке және қарым-қатынастарыңызға Алла разы болу үшін дұға етіңіздер. Бар игі жақсылық Алладан. Құдіреті күшті Алладан осы дүниеде басталып, о дүниеде Жұмақта жалғасатын бақытты, табысты неке сұраңыздар.
Алла Тағала барлық ерлі-зайыптыларға бақытты өмір сүруді нәсіп етсін! Әмин!
Нығыманова Назерке