Құйрық май қазақтың ең мықты дәрісі болған

Фармацевтика дамымаған дәуірде халқымыз дерт дауасын дархан даламыздағы өсімдіктерден, төрт түлік малынан тапқанын білеміз. Соның ішінде бүгінге дейін ең көп қолданылғаны құйрық май болса керек. Бірақ бертінде ол да «үй дәріханасы» дәрежесінен түсіп қалды. Ал негізінде құйрық майды өте көп жағдайда қолдануға болады. Оның қандай ауруларды емдеәйтінін белгілі жазушы, тарих зерттеушісі Жәди Шәкенұлы зерттеген екен. Сол жазбалардан үзінді келтірейік.
⤵️«Жастық шағым Алтай тауының теріскей бетінде өтті. Қой баққан малшыларды, түйенің бұйдасын жетелеген көшті көрдім. Далада киіз үй тігіп, көктеу, күзеу, жайлаудың не екенін біліп өстік. Соның арқасында құйрық майдың қалай пайдаланылатынын жақсы білемін.
Мысалы, 1983 жылы, мен 16 жаста кезде әке-шешем қазақ емшілеріне баратын. Емші оларға құйрық май қосып дәрі жасап беретін.
⤵️Дәрінің жасалу жолы мынадый: сынаптың жарты бидайға тең келетін тамшысын екі үлкен қасық құйрық майға араластырып, әбден ерітеді. Мұны қазақтар «өлтіру» дейді. Мұны теміреткі, ешкіқотыр, күйдіргі, күбірткі және тағы басқа тері ауруларын емдеуге қолданған.
Бұл майдың біз білетін және білмейтін емдік қасиеттері көп. Құйрық маймен бөбектің денесін сылағанда, бұл олардың дені сау, қуатты болып өсуіне ықпал еткен деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Сондай-ақ, тұмау тимейді. Сондықтан бұрындары нәрестенің аузына құйрық май салған.
⤵️Балалар мен ересектер салқын тигенде құйрық майды ыстық күйінде қасықтап ішсе, бұл адам азғасына шипасын тигізеді.
Құдайға шүкір, 8 балам бар. Олардың тамағы ауырғанда, жөтелі басылмай қойған кезде балаларыма құйрық майды ерітіп бере қоямын. Бұл майды ерітудің екі жолы бар. Біріншіден, құйрық майды еріткеннен кейін оны бірден пайдалануға болады. Екінші жолы – еріткеннен соң үстіне су құйып, біраз қайнату керек. Сонда «піскен» құйрық май болады. Оған сарымсақ қосып, суыған соң, 4-5 шай қасығын балаға беру керек. Балаңыздың тамағы ауырғаны келесі күні-ақ басылып, сырылдағаны кетеді.
⤵️Құйрық маймен жұқпалы туберкулез ауруын да емдеуге болады. Ашытылған қымыздың ішіне құйрық май мен сәл ғана күшәла салып, араластырады. Май қымызға сіңеді де, сап-сары, қою болады. Оны туберкулез, тыныс жолы ауруларын емдеу үшін ішеді. Қазақ емшілігі дәстүрінде осындай тәжірибе бар».
⤵️Жазушының сөзінің жаны бар. Құйрық май ертеде емге өте жиі қолданылған. Суыққа, қабынуға, жараға, тері жарақатына ем екенін, сүтке, қымызға қосып берілетінін көне әдебиеттерден көп оқитынбыз. Бір кездерде қазақтың ең мықты емі болған құйрық майды емге қолданатындар бар ма екен өзі?
Шынар ҚАЛАБАЕВА.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)