Құқықтық сауаттылық – заман талабы

Адамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған заң жүйесін түсіну үшін, әлбетте құқықтық сауаттылық керек. Соңғы уақытта өз құқықтарын сақтау мен басбостандығын қорғауға талпынған, өз болашағына жауапкершілікпен қарайтындардың қатары көбейіп келеді. Осы ретте редакциямызға келіп түскен оқырмандарымыздың толассыз хаттарына білікті заңгер маман Абзал Құспанның жауабын ұсынып отырмыз.

СҰРАҚ: Мен жақында ғана мемлекеттік қызметке орналастым. Әкемнің ащы судан ұрттайтыны бар. Мас адамның небір қылмыстық әрекетке баратындығы белгілі жайт қой. Мені осы мәселе қатты алаңдатады. Ертеңгі күні әкеме жала жабылып, не өзі қылмыстық әрекетке барған жағдайда, менің де жұмысымнан арандап қалатыным жасырын емес қой. Ал осы мәселенің алдын алу үшін заңгердің көмегіне жүгінуге мәжбүрмін. Егер тегімді ауыстыратын болсам, қызметімде жапа шекпейтін шығармын? Не айтасыз?

ЖАУАП: Тегіңізді өзгертуге ешқандай негіз жоқ. Сіз әкеңіздің әрекеті үшін жауапты емессіз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12 бабы, 2 бөлігіне сәйкес, «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады».

СҰРАҚ: Менің жолдасымнан айырылғаныма бес жыл болды. Қазір анамның қолында бір қызыммен тұрып жатырмын. Өзім мемлекеттік мекемеде жұмыстамын. Жеке өзіме қызыммен бөлек тұруға әкімшілік жанынан баспана беріле ме екен?

ЖАУАП: Сіз қалалық не болмаса аудандық әкімшілікке қарайтын тұрғын үй коммиссиясына барып, жалғызбасты ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұруыңыз керек. Алайда кезегіңіз құжаттарыңызды жинақтап, тиісті үлгідегі арызды тапсырған кезден бастап есептеледі.

СҰРАҚ: Мен биылғы жылғы еңбек демалысымды жеке басымның мәселесіне қатысты келер жылға қалдырсам деймін. Пайдаланылмаған еңбек демалысы жаңа еңбек Кодексіне сәйкес қалай беріледі? Осыған жауап алсам деп едім

ЖАУАП: Біріншіден, бұл мәселе сіздің жұмыс орныңыздағы ұжымдық шартпен көзделген болуы мүмкін, сондықтан мекемеңізге ұжымдық шарт жасақталған ба, жоқ па соны анықтап біліңіз. Болған жағдайда, соны бір шолып шыққаныңыз дұрыс. Егер ұжымдық шарт жасалмаған жағдайдың өзінде, еңбек демалысы Конституциямен қамтамасыз етілген құқықтар қатарына жатқызылған. Сондықтан сіз жұмыс берушімен келісім арқылы кез келген уақытта пайдалана аласыз.

СҰРАҚ: Ұйымның атауы өзгергеннен кейін қызметкерлердің еңбек кітапшаларына жазба енгізу қажет пе?

ЖАУАП: «Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 929 бұйрығының, 2 бөлігі, 9 тармақшасына сәйкес. «Егер қызметкер жұмыс істеп жүрген кезде жұмыс берушінің атауы өзгерсе, онда «Жұмыс туралы мәліметтер» деген бөлімнің 3 – бағанында жеке жолға тиісті жазба жазылады, ал «Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімнің 4 – бағанында атауын өзгерту негіздемесі (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу қайта тіркеу) туралы анықтаманың күні мен нөмірі немесе жеке тұлғаның – жұмыс берушінің жеке куәлігі көрсетіледі».

Дайындаған Жұлдыз ӘБІЛ