Құландағы тірлікке көз қызығады

«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Иә,  халықтың бұл даналық сөзі қай кезде де өз құндылығын жоғалтпақ емес. Десе де, бұқараның үні көп жағдайда жоғары жаққа жетпей, әсіресе шалғай елді мекендердегі халықтың мұңын мұңдайтын атқамінерлеріміз табылмай жатады. Осыған орай, Елбасымыздың өзі облыс, аудан, ауыл әкімдеріне елмен етене жақын болып, жиі жүздесіп тұруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, әр аудандағы өндіріс орындары мен құрылыс нысандарын, асыраушы саладағы жетістіктер мен түйіні тарқамаған түйткілдерді зерделеп, шешімін табуға күш салуды міндеттеген-ді. Міне, осы міндетті мүлтіксіз орындау мақсатында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Т.Рысқұлов ауданында арнайы болып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.

Өңір басшысы ең алдымен Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар ауылындағы медициналық пункттің жұмысымен танысты. Аталған медициналық пункт мұнтаздай таза, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ғимарат түрі типтік, қазандық қатты отынмен жылытылады. Қызметкерлердің жалпы саны 4 адам. Оның ішінде орта буын қызметкері 2, кіші буын қызметкері 1, ал қарауыл 1 адамды құрайды. Мұндағыбасты мәселе ауызсу жоқтығы. Алайда іргесінен салынып жатқан мектептің құрылысы аяқталса, бұл түйткіл де  оң шешімін табады деп күтілуде.

IMG_3716

Бұдан кейін облыс әкімі  Әбжапар ауылындағы Қызылту орта мектебінің құрылысын көрді. 150 орындық Қызылту орта мектебінің құрылыс жұмысы қарқынды жүріп келеді. Көп ұзамай аяқталуға жақын. Құрылысы қарқын алған мектепті салуға 386 миллион теңге бөлініп, 300 адам жұмысқа тартылған. Сондай-ақ жұмысшылардың орташа еңбек жалақысы 94000 теңгені құрайды. Орта мектеп құрылысын жобалаушы «Табыс-Жоба» ЖШС, ал бас мердігер «Керуен Сервис» ЖШС. Кәрім Нәсбекұлы мұндағы электр, газ және кәріз жүйелерінің жүргізілу барысын көріп, барлық жұмысты талапқа сай атқаруды тиісті басшыларға тапсырды.

Келесі кезекте аймақ басшысы Новосель ауылдық округіне қарасты Юбилейное ауылындағы Подгорное орта мектебіне соғып, мектептің сынып бөлмелерін, асханасын және спорт залын аралады. 2015 жылы салынған мектепте оқушылар саны 272  бала, ал оқу бөлме саны 21. Сонымен қатар 110 оқушыға арналған мектеп асханасы мен 84 оқушыға арналған акт залы жұмыс істейді. Бұдан бөлек,  мұндағы компьютер сыныбы, мультимедиялық кабинеттер де оқушылардың лайықты деңгейде білім алуына жан-жақты мүмкіндік беріп отыр. Құрылыс жұмысының сапалы жүргізілгеніне көңілі толған облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, бұқара халықтың мұң-мұқтажын, хал-ахуалын сұрады. Алайда  жергілікті тұрғындар атынан сөз алған  Светлана Прокофьева мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есен Бекенов өңір басшысына тек  алғыстарын  айтты.

IMG_3835Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы Көгершін ауылдық округіндегі «Ақтоған» шаруа қожалығында болды. Сеит Ахаев басқаратын шаруа қожалығының негізгі өндіріс саласы егін шаруашылығы мен егін шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Жұмысшылар саны 25 адамды құрайды. Сонымен қатар облыс басшысы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның егін орағы науқаны жұмыстарының барысымен танысты. «Луговой жылқы зауытының» Әбжапар ауылындағы бітік шыққан егістік алқабы көз сүйсінтеді. Егістік алқабын аралап көрген Кәрім Нәсбекұлы жұмысқа оң бағасын берді. Шынында да егістіктің бітік шығуы үлкен байлық. Серіктестік басшысы Халит Базаралиев мұндай бітік шыққан егістіктің бұрын-соңды болмағанын жеткізді. Сондай-ақ «Луговой жылқы зауыты» ЖШС егін шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысады. Шаруашылық иелігінде 500 бас ірі қара мал, асыл тұқымды 200 бас жылқы, 23107 бас шошқа бар.

IMG_3791Ауданға жасаған іссапары барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Құлан ауылындағы «Құлан мал дәрігері» шаруашылық құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына атбасын бұрды. Бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған үлкен мәселенің бірі – Қарағандыдағы адам өмірін қиған сібір жарасы кеселі екені белгілі. Ендігі мәселе бұл қауіпті кеселдің өңірімізде де таралмауын қадағалау болып отыр. Бұл мәселе жөнінде облыс әкіміне  кәсіпорын директоры, мал дәрігері Серікбай Дәлібаев баяндап, жағдайдың бақылауда екенін жеткізді. Ал облыс басшысы тиісті басшыларға қауіпті кеселдің алдын алуды тапсырды.

Елді мекендегі ерекше атап өтетін тағы бір шаруашылық — Еңбекші ауылында орналасқан «Сүйін» шаруа қожалығы. Мұнда қазір  ірі мал бордақылау кешені жұмыс жасауда. Облыс әкімі кешенге арнайы атбасын бұрып, шаруашылық жұмысымен танысты. Кешен басшысы  Әлихан Дәрменқұлов бүгінгі таңда мал бордақылау алаңында 60 бас жылқы, 40 бас мүйізді ірі қара және 100 бас қойдың бордақыланып жатқанын айтты. Қоңды мал Алматы және Тараз қалаларының базарларында сатылады. Сондай-ақ жұмысшылар саны 5 адамды құрайды. Жұмысшыларға тұрақты түрде 50000 теңге орташа еңбекақы тағайындалған. Төрт ағайынды жігіттердің жасап отырған жұмысына облыс басшысы риза болып, мұндай тірлікті өзгелерге үлгі ету керектігін айтты.

IMG_3897

Бұдан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Каменка ауылындағы 140 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған балабақша ағымдағы жылдың  шілде айында беріледі деп күтілуде. Аталған балабақша пайдалануға берілген кезде көршілес Жалпақсаз, Тасшолақ ауылының бүлдіршіндері де заманауи балабақшаның игілігін көретін болады.

Облыс әкімі  Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарын аудан әкімдігінде болған актив жиында қорытындылады. Өз сөзінде Кәрім Нәсбекұлы жайқалған егістік жайын жақсы бағалады. Ауа-райының шаруаға қолайлылығын, сондай-ақ мұны тиімді пайдалану керектігін айтты. Десе де, бұл жұмыстармен тоқмейілсімей жұмысты одан әрі  күшейте беруді құзырлы мамандарға тапсырды.

Саятхан Сатылғанов