Құлашын жайған – «Құралай»

Астананың 25 жылдық салтанатты мерейтойына орай III Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі басталды. Астана қаласы әкімдігі және Мәдениет басқармасының қолдауымен өткен фестивальдің мақсаты – қуыршақ театр өнерін кеңінен насихаттап, халқымыздың мәдениетін, руханиятын, әдебиетін балалардың саф таза тілінде дәріптеп, әлемдік театрлармен тәжірибе алмасып, шығармашылық байланысты нығайтып, шеберлікті шыңдау, қазақ қуыршақ театр өнерінің халықаралық деңгейдегі мәртебесін асқақтату.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: – Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды.  Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек,- дегенін ескерсек, Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалінің мәні мен маңызын түсінеміз. Қуыршақ өнеріндегі алғашқы кәсіби режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, елордалық Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова атындағы «Құралай» қуыршақ театрының алғашқы халықаралық фестивалі 2015 жылы өтіп, 2018 жылы жалғасын тапқан болатын. Театр ашылған күннен бастап әлемдік театрлармен тығыз байланыс орнатып, көптеген халықаралық театр додаларына қатысып, кәсіби шеберлігімен танылды.

Десек те еліміздегі саусақпен санарлықтай ғана қуыршақ театрларының қордаланған проблемалары мен жауапсыз қалып келе жатқан сұрақтарының бар екені анық. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақы таныммен театрдың жағдайын театр жағалаған маман білер деп театртанушы Аманкелді Мұқан мырзаны сөзге тартқан едік.  – Фестиваль биыл үшінші рет өтіп жатыр. Арада бірнеше жыл үзіліс болды. Негізі мұндай фестивальдер бізге өте керек. Себебі балалардың санасының өсуі, ақыл тоқтатуы, шығармашылық шыңдалуы, әлемге қарауы театрдан басталуы керек деп ойлаймын. Елімізде ересектерге арналған театрларға көбірек мән беріледі де, балалар театры көп жерде ескерусіз қалып жатады. Балаларға арналған 9 театр ғана бар екенін ескерсек, олардың қандай проблемасы бар екеніне де назар аударуымыз керек. Тамырын Құралай Халекетқызы Алматыдан алып келген ең жас театр болса да асстаналық ұжым «Құралай» секілді халықаралық фестивальді үшінші рет өткізіп жатыр. Бұл өте қуанарлық жағдай. Өкінішке орай елімізде балаларға арнап жазатын авторлар, сценаристер өте аз. Қуат Ежембек секілді ұлттық тағылымды дәріптейтін, ұлттық дүниетанымды, ұлттық менталитетті беретін тәрбиелік мәні бар шығармалар жазатын авторлар қажет. Арнайы балалар драматургиясын дамыту бағытында фестиваль тіпті конкурс та жоқ. Былтыр бірінші рет Ақтанов атындағы Ақтөбе театры балаларға арналған драматургиядан конкурс өткізді. Өзім сол конкурстың төралқасы болдым. Балалар драматургиясы қиын жанр. Балаларды таңдандыру, балаларды күлдіру, балаларға ой салу үшін көп еңбектену керек. Биыл екінші рет өтейін деп жатыр,- деді Аманкелді Мұқан. Ал Құралай Ешмұратов: – Балалар қуыршақ театрының басты проблемасының бірі маман тапшы, әсіресе арнайы қуыршақ жасайтын мамандар жетіспейді. Бір арманымыз мынау арайлы астанамызда әдемі, сәні мен салтанаты жарасқан ғимаратымыз болса. Қазіргі ғимаратымыз кішкентай, сахнамыз тар. Солай болса да театрымызға келетін балалар өте көп. Бұған әрине қуанамыз. Театр – ұлттық руханият пен мәдениет ордасы. Сондықтан біздің өзіміздің қазақтың баласы қандай болу керек. Оларға қандай тәрбие беруіміз керек деген сұрақтың жауабын қуыршақ театрынан тапсақ, қуыршақ театрынан іздесек, балаларымыздың санасы өседі, ойлау өрісі кеңейеді, өзінің төл мәдениетіне балалық шақтан қанығып өседі,- деді.

Әрине театр сахнасында өскен баланың талғамы мен талабы, көкірек көкжиегінің кең болатыны сөзсіз. Өнер деген құдіретті әлемнің есігінен ашып, табалдырығын аттауға әркімнің жүрегі дауалай бермейді. Бірақ халқымыздың эстетикалық талғамы мен мәдени кемел келбеті қалыптасуы үшін театрға бару күнделікті әдетімізге айналса ұтылмас едік. Иә театр көрермені аз, қазақтар көп бар бермейді деген таптауырынды жою үшін де өнер ордаларының жарнамасы көбірек жасалып, құлақ түбінде ызыңдап, үнемі қайталанып тұруы керек шығар. Сөз арасында Құралай Ешмұратова Астана қуыршақ театрының тұрғын үйдің бірінші қабатында, қуықтай ғана жерде отырғанын айтып қалды. Театрдың қазіргі орналасқан ғимаратында балалардың еркін қозғалуына, қатты дыбыстауына болмайды. Шектеу, тыйым көп. Сонда да болса театрға келетін балалар мен ұжымның өнерге деген ынта-ықыласын өз көзімізбен көріп тәнті болдық. Фестивальде отандық алты театр ұжымы өз өнерлерін бәйгеге қосып жатса, алыс-жақын Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстан елдерінің өнерпаздары келіп, салтанатты шараның көрігін қыздырып жатыр. «Өнерде шекара жоқ» дейді емес пе, қазақтың қуыршақ театр өнері де шекарасыз әлемнің айнасы болып жарқырап, балалардың жүзіне күлкі, жүрегіне өнер шуағын төгіп, абыройы асқақтай берсін дейміз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ