Құлдық бұғаудан құтылғың келсе, күрес!

Бұл жөнінен Кемертоған тұрғындарының қайтпас қайсарлығынан үлгі алайық!

Ауыл – алтын бесігіміз. Олар азық-түлікпен тек өздерін ғана емес, қалалықтарды да қамтамасыз етеді. Президент Қ.Тоқаев тағына отырған сәтінде-ақ ауылды тікелей өз қамқорлығына алатын алғашқы жарлығын шығарғанын біреу біліп, біреу білмейді. Бірақ шындық солай. «Тұжырымдаманы әзірлеуге мамандарды, шаруаларды және жергілікті қоғам белсенділерін тарту қажет. Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек», – деді ол.

Әрине, бұндай тұжырымдама жасалғанның өзінде оны жүзеге асыру оңай емес. Себебі тоқсаныншы жылдары талан-таражға салынған ауыл әбден тоналған, жерлерін кім көрінген иеленіп, қазір олар иесіз, қолданылмай жатыр. Қолданылып жатқандары да жоқ емес. Мәселен Сыр елінде күріш, солтүстік өңірлерде егін егіледі. Оңтүстікте көкөніс. Бірақ жер және басқа мәселелердің бәрінде Жемқорлық деген аждаһа үстемдік етіп отыр. Одан құтылмай, ауылшаруашылық саласынан бастап, барлық жерде де ілгерілеу болмасы анық.
Біздің газетіміздің басқа басылымдардан ерекшелігі үнемі қозғалыста болатын «Ауыл» экспедициясы бар. Ауыл проблемалары бізге жақсы таныс. Мәселен Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған ауылының тұрғындарының көкейтесті мәселелері бойынша 8 айдан бері күресіп, үнемі жазып келеміз. Одан оқырмандарымыз жақсы таныс деп ойлаймыз. Бір ауылға осыншама уақыт сарп еттік. Әр ауылдың орны бөлек. Әр ауылдың өзіндік тарихы, өзіндік тағдыры бар. НӘН-нің ауылдарды талан-таражға салғанынан кейін күнкөріссіз қалған тұрғындар қалаға ағылды. Алпауыттар, байлар ауылшаруашылығына арналған жерлерін учаскелерге бөліп, тұрғындарға сата бастады. Қала маңында Кемертоған сияқты үлкенді-кішілі ауылдар пайда болды. Өңір басшыларының бас ауруына айналған Кемертоған ауылы да осылай дүние есігін ашты.
Бұл ауыл туралы біз аз жазған жоқпыз. Өткен нөмірімізде түйінді мақала ретінде «8 ай сергелдеңге салған Кемертоған мәселесі, әкімдердің спектакль қоюымен емес, халықтың жанайқайын әділетті шешу арқылы жөнделуі тиіс!» деген тақырып аясында берілді. Бұл мақаланың өзегіне Қаскелең қаласындағы аудандық әкімшілікте өткен 3 Мәжіліс депутаты, Алматы облысы әкімінің орынбасары, аудан әкімі және тиісті мамандар, министрліктің өкілдері, қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары қатысқан 5 сағатқа созылған жиналыс болды. Көп мәселелердің жөнделетіні жөнінде облыстық әкімшілік тарапынан уәделер берілді (1-1,5 жыл көлемінде). Келген Мәжіліс депутаттары да қатаң ескертулер жасап, шенеуніктерді халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды.

 

 

Министрлік өкілдері жарық, су мәселелерінде ауыл тұрғындарына көмектесетінін жеткізді. Өз кезегінде сөйлеген ауыл тұрғындары мектеп, жол, су, жарықтың сын көтермейтінін ашына айтты. Әсіресе мемлекет ішінде мемлекет құрып алған қожайындарға реніш ұлғаймаса кемімегеніне осы жиналыста көзіміз жетті. Әсіресе №17 квартал тұрғындарына қожайын Баян Калелованың жасаған қысастығы күн сайын өршіп бара жатқандығы сөз болғанда Ардагерлер ұйымы бастап оны ақтауға тырысқаны көкейге қонбады. Бұл жиналыста да әкімшілік осылай «қойылым ұйымдастырғаны» көзге бадырайып көрініп тұрды.
№17 квартал тұрғындары үшін сәрсенбі 1 мамыр мерекесі нағыз сәтсіз күн болды. Калелова қаһарына мініп, он шақты үйдің электр сымдарын қиып тастады. Ызаланған тұрғындарға Қонаев қаласындағы облыстық әкімшілікке түн жамылып баруға тура келді. Олар да сақадай сай күтіп тұр екен, жақсы қарсы алды. «Бұл мәселені шешеміз!» деді үзілді-кесілді олар. Бірақ ертеңіне облыс әкімінің орынбасарын жиналып күтіп тұрған кезде тұрғындарға жеті-сегіз полиция сау ете түсіп тап беріп, бір азаматты қолын қайырып алып әкетті. Оқиға шырқау шыңына жетіп, ішкі істер мекемесінің алдына тұрғындар жиналып, кінәсіз азаматты босатуды талап етеді. Айыппұл төлетіп босатады. Ал бұл кезде аудан әкімшілігінен өкілдер Кемертоғанға келіп, электр сымдарын қайта жалғайды. Калелова «құсты да ұшырмаймын» деген көше әп-сәтте мемлекет меншігінде екені дәлелденіп, тұрғындар жеңіске жетеді. Әкімшілік өкілдері тұрғындар үшін заңды түрде төлем жасайтын есепшот ашуға уәде берді. Қалай болғанда да 8 ай сергелдеңнің соңы жақындаған сияқты. Оны алдағы уақытта көре жатармыз.

Сонымен №17 квартал және басқа да кварталдардағы тұрғындардың бұл бас көтерулері қандай нәтижеге жеткізді?
Ең бастысы әділеттілік жеңе бастады.
Заңгер Раушан Жұматаеваның бастамасымен қойылған 24 талаптың 14-і ресми түрде орындалатын болды.
Электр энергиясы жөніндегі кооперативтердің лицензиясы алынып тасталады.
Кооперативтердің жұмыстары заңдық тұрғыда тексерілетін күн жақын.
Басқа да шығатын заңдарды Мәжіліс депутаттары өз бақылауына алатынын мәлімдеді.

Мұндай түйінді мәселелерде жергілікті атқарушы органдарға халықпен кездесіп, тез шешімін табуға Мәжіліс депутаттары тарапынан талап қойылды…
Ауыл проблемалары, мәселелері бәрі де ұқсас болып келеді. Яғни оларды жөндейтін жаңаша заңдар қажет. Әрине, бұлардың бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Әділетті Қазақстан ауылдарының түтіні түзу ұшып, инфрақұрылымын қалыпқа келтіру кезек күттірмейтін мәселе екенін осы Кемертоған ауылының жағдайы дәлелдеді.

 

Ертай Айғалиұлы