ҚҰЛПЫТАС
– Гүлайым-ау, неғып тұрсың? Бері ішке енбейсің бе?!
Ол кенеуі кетіп, сыры семген көне қақпаның босағасына сүйеніп тұрған қалпы бір орыннан қозғалмай тұр.
– Гүлайым, саған не болған? Менің айтқанымды естімей тұрсың ба? Неге үндемейсің? Бері тақалсайшы.
Ол көзін мұның бойынан асыра, алысқа аспандата қарап тұр. Не бір ауыз ләм-мим деп, бұның сұрағына жауап та қатпады.
Медет аң-таң халде аласа бастырманың сықырлауық тепкішегімен төмен түсе берген. Сол сәтте Гүлайым ақырындай басып, артқа қарай шегіншектей берді.
– Гүлайым-ау, тіл қатсаңшы бір рет. Өкпелеткен жерім жоқ еді ғой, – деп жеделдете басып, алға қол созды. Бірақ қақпаның босағасына жете бергенде аяғына батпан тас байлап тастағандай қозғала алмай қалды. Алға созған қолдары ауа қармады.
Ұзап барып тоқтаған Гүлайымның арты мұнартып, бұйраланған бозала тұманға айналып сала берді. Кенет соның ішінен суырылып шыға келген жас бала алға ұмтылды. Бірақ Гүлайым оның шалғайынан шап беріп ұстап, кері серпіді.
– Апа, апа, жіберші! Көкемді әбден сағындым! Жіберші! – деп шырылдады.
Медеттің көзінен жас ыршып кетті. «Құдай-ау, Гүлайым-ау, оның не? Мынау менің Қанатым ғой! Ой, садағаң кетейін! Мен ше?! Мен сені қалай өле сағынып жүргенімді білсең етті!? Гүлайым-ау, жіберсеңші бері!».
Құшағын айқара ашып, қақпа табалдырығынан аттай басып, ілгері ұмтылды. Сол сәтте алға ұмсынған қос қолы қабырғаға соғылғанда, ұйқысынан шошып оянды.
Медет өң мен түстей бір халде самайын қармай қыса ұстап, біраз отырды. Көз алдына әлгіндегі жұмбақ сурет сағымданып, қайта-қайта орала берді. «Апа, апа, жіберші! Көкемді әбден сағындым! Жіберші!» – деп шырылдаған Қанат үнінің жаңғырығы үздік-создықтанып, құлақ жарғағына дабыл қақтырып жатты.
«Апыр-ау, бұл не болды? Гүлайым өмірден озған соңғы екі жылда әредік-әредік түсіме кіріп тұратын еді. Бірақ бүгінгі мына бір түс тіптен ерек болды. Бәлен жылдан соң Қанатымның түсіме енгені қалайша?».
Үп еткен желге суси аунап жөнелетін шағыл құмдай зырғыма ойлар толқыны сана төрінде байыз таппай, бұлықсып жатты.
Төсегіне қайта жатты. Ұйқы безініп кетті. Көзін жұмса болды, әлгінде көргендері ентелесіп, жасаураған жанарының аясында бұлдырай бұлың қағып жөнелді. Терезеге көз салды. Көз қиығына бозамық тарта бастаған аспанның сүреңсіз сұлбасы ілінді. Шұбалаң ойлар шырмаған сана төрінде әлден соң айқын ойдың қарамы ұяңдана, жасқаншақтап бой көрсетті. «Гүлайым байғұс пен Қанатжаным құран дәметіп жүр екен ғой. Әй, пендеміз ғой. Кейде салақсып, енжарланып, ертеңгі күнді кеш қылып жүретін жайбасарлығымыз-ай. Соларға бармағалы да жарты жылға жуықтап қалыпты-ау! Қой, ертең басына барып, құран оқып қайтайын».
Міне, Медет бүгін сол бір қамшы ойдың демеу пәрменімен жаяулап, жолға шығып кеткен-ді. Жылғасайдың шығыс қанатынан қоныс тепкен алақандай ауылдың қарамы қалың зиратына бастаған төте, ирелең жолмен жайлап көтеріле берді. Ол ілби басып келе жатты да, кілт тоқтады. Кеуде тұсы кенеттен шаншып қоя берді. Көз алды тұмантып кеткендей болды. Өрлеу жолдың жиегінен аяқаттам жердегі шоңғал тасқа барып отыра кетті. Құлағы шыңылдап, басы айналды. Жиі соққан жүрегінің дүрсілі қос самайын бүлкіл қақтырды. Дереу жан қалтасынан жүректің дәрісін алып, тіл астына салды. Біршама тыныстап алды да, әлден соң барып орнынан тұрды. Еңселі төбенің жайпауыт жазаңына аяқ іліктірген соң, қыдырыстаған жанары айналасын назарлады. Көзіне күн шағылған күмбезді кесене шалынды. Әйнекбай құрдасынікі екенін білді. Соңғы екі ай беделінде бой көтергені есінде. Баласы ауылдың шағын тойханасында ауылдастарына құдайы тамақ тарқатқан. Ол кезде Медет ауруханада ем қабылдап жатқан еді.
Ел құлағы елу емес пе. «Баласы Қайрат Алматыдағы ірі базардың тұтқасын ұстайды екен» деген сөз қалың жұрт санасында ұялап қалған. Әке-шешесін елден көшіріп әкеткелі де жеті-сегіз жылдың жүзі болған еді. Ұзынқұлақтан сол Әйнекбайдың аты жаман дертке шалдыққанын естіген. Баласы әкесін Израильге, Оңтүстік Кореяға да апарып емдетіпті. Бірақ төтелеп келген арсыз ажал айла таптырмаған ғой. Көз жұмардан аз бұрын баласымен бақұлдасқанға ұқсайды. Сол жолы ақ кебінге бөленген тәнінің бақилық мекенінде тыныстар жайын да қозғаған сықылды. Баласы атақты Кеңсай зиратханасын мегзегенге ұқсайды. Бірақ әкесі ұлының ол ниетінен үзілді-кесілді бас тартқан. Жылғасайдың батыс қанатындағы еңселі жазаң биікте туыстары, ата-анасы, ағайындары мәңгілік қоныс тауып жатқан зиратты шегелей айтыпты. Іштей тұншыққан қарсылығын сыртқа шығара алмаған баласы әке аманатынан аттап кете алмаған. Ел аузындағы әңгіме жосыны осы бір арнаға тоғысып жатқан-ды.
Медет күнге шағылып, көзді қарықтырған алтын тақылетті күмбезден көзін тайдырып әкетті. Ойына Қанаты оралды. Ол Қайратпен түйдей құрдас еді. Екеуі мектепке бірге барып, бірге ойнайтын. Ара-тұра бірінің үйіне бірі қона жатып жүретіні есіне оралды.
Сонау бір жылы сол Қайрат астында елде жоқ еңселі көлік мініп, әкесімен бірге ауылға келіп кеткен. Сонда құрдасы Әйнекбаймен жолығып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған еді. Сол жолы сырттан кештетіп келген баласы Қайрат отырған үлкендермен салқындау, самарқау амандасқан. Әйнекбаймен тізелес отырған біреуі жалпаң қағып: «Иә, Қайратжан, хал қуатың жақсы ма?» – десе, енді біреуі: «Иә, күміс тұлпарың құтты болсын!» – дескен. Сонда қозы қарны бұлтиып, бұғақтанған мойынын ауыр бұрып, тілекшілерге самарқау, салқындау бас изеп, қасына ерген жігітпен сыртқа шығып кеткен-ді. Тап сол сәтте мысқылға астас сүреңсіз күлкісінің сұйқылтым тамшысы сол жақ езуінің ойығына кілкіп тұра қалғандай болған. Медет осы бір сұрқай суретті көргенде әлденеден іштей тіксінген. Қанатымен телқозыдай тең өскен Қайраттың бала бейнесі бұйра-бұйра бұлттар бауырына басқан белдердің биігінен бұлың етіп, көзден ұзап кете барғандай әсерде қалған.
«Егер Қанатым тірі болғанда…». Сонда жүрегі құрғыр ине ұшы жанап кеткендей шым ете қалып еді.
Медет қоршаудың оңтүстік батыс шетіне қарай Гүлайым мен баласы жатқан жерге келді. Қасында томпайып, дене топырағы мүлдем шөгіп кеткен Қанаты жатыр. Үсті шымданып, ажырық аралас таспашөп қаулай өсіп кетіпті. Ол көзін аударып әкетті де, Гүлайым тұсқа назар тіктеді.
Алдыңғы жылы бір қой сойып, жылдығын қоңторғайлау қылып өткізді. Адамдардың да қарамы аз болған. Шөбере болып келетін Алматыдағы туыстар да әрнені сылтау айтып, келе алмайтындықтарын хабарлаған.
Ол тізерлеп отырған күйі екеуіне бағыштап құран оқыды. Недәуір ентігіп, орнынан тұрып, олардың дене топырағынан бір шөкім алып, етекке тастады. Ішінен күбірлеп «Ауыр топырақтарың жеңіл болсын» деп бетін сипап, бойын тіктеді. Қатар жатқан қос қабірге ойлана қарап, терең күрсінді. Айналасына бажайлай қарады. Бірі ақ кірпіштен, бірі қызыл кірпіштен, бірі айшықты темір шарбақтармен қоршалған. Біразында әр бөлек реңкті құлпытастар бар. Кейбіреулерінде ара-тұра суреттері бедерленіпті. Соңғы бір қоршалған бейіттің төрт бұрышында әсем қадаға орнатылған, жалтыраған жарты ай көзге ерекше көрініп тұрды.
Түнде көрген түсін өзінше жорыған болды. Тектен-тек кірмесе керек-ау. Гүлайымның соншама мұңмен, бір ауыз тіл қатпай бұған қарағаны, Қанатты тас қып ұстап жібермегені ойына қайта-қайта орала берді. Осы сәтте екеуінің өзге бейіттер секілді қоршалмай, аяқасты жатқанын мұңдана ойлады.
«Екеуінің басын бірге қоршатсам» деп бел буғалы қашан. Әлгі темір қоршау, шарбақ, сәкі жасайтын аталас ағайынның баласы Сайынға қаншама айтты. Алдын ала кепілге ақша да берді. Кездескен сайын: «Істеймін, ағатай! Қолым тисе болды. Жасап берем». Қашан кездессе де: «Болады, ағатай! Сәл шыдаңызшы!» – деуден бір танбайды. Сәлемі де түзу, көзі күлмеңдеп тұрады. Қатты айтып тастайын деп екі-үш рет оқталғаны да бар.
– Жасаймын, ағатай! Алаң болмаңызшы. Әлгі бір ұятты кісілердің шаруаларын бітіре алмай жатырмын. Сол жолы бұл оған жай ғана, мысқыл аралас үнмен: «Сонда мен ұятсыз кісі болғаным ба?» – деп теріс айналған. Ол болса мұны артынан құшақтай алып: «Ағатай-ау, ойпыр-ой, осы сізді-ай! Осы сізді-ай! Жасаймыз, жасаймыз!» – деп жылмиған жорға күлкісімен шығарып салған. Содан бері де бірталай уақыт өткен.
Соңғы бір ретте іштей ширығып: «Суылдаған, суқұймақ інім-ау! Сенің өтірік уәдеңе әбден тойдым. Әкел, ақшамды қайтар» деп айтқалы оқталып, оның үйін бетке алып шыққан. Жолшыбай ауылдастарының біріне жолығып қалып, Сайынды сұраған. Сонда ол Медетке:
– Өй, Меке-ай! Соншама аңқау болармысыз! Сол суайтқа сеніп іс тапсырып. Ол бір сіздің емес, бірталай жанның аузын ұрып, төркініне кетіп қалған әйелінің соңынан тайып отырғанына ай болған жоқ па?! Терезе сыртын бекітіп, есігін шегелеп кеткен. Білетіндер: «Не ақшасы жоқ, не оңдыртып берер дәнеңесі жоқ бұл ауылды желкемнің шұқыры көрсін» депті дейді. Соған қайдан ұрынып жүргеніңізге таңмын. Осыны естігенде, Медет еріксіз ернін тістеп, бас шайқаған.
Оның іс тапсырушыларға еліктіре айтар сөзі: «Мен Сайынмын, барлық іске дайынмын!» деген сөзі елге мәтел болып кеткенін еске алды.
Медеттің қайтар жолда қыдырыстаған жанары зираттың батыс жағына барып кідірді. Сәл аулақтау тұстан екі үлкен джип көлігі көз аясына ілікті. Недәуір көтерілген күнге шағылып, көз қарықтырады. Одан әріректе үлкен КАМАЗ машинасынан төрт жігіт аппақ қардай аппақ кірпіштерді түсіріп жатыр. Дабырласқан үндері құлаққа шалынды.
Солардан сәл беріректе толық денелі, бойлары еңселі, көздеріне қара көзілдірік киіп алған екеу тұр. Біреуі қолдарын ара-тұра әуелете сермеп қояды. Үшінші тұрған біреуі олардың сөйлеген сөздерін бар ынта-шынтымен ұмсына тыңдап тұрған секілді.
Соңғы күндері Жылғасай бөктеріндегі шағын ауылда ұзынқұлақ, сыбыс әңгіме желдей ескен.
– Ойбай, несін айтасың, ауылдағы Әшімбектің үйіне Алматыдағы атақты бай туысы келіпті.
– Е, жай кеп пе?
– Қайдан жай келсін?
– Ана Әшімбектің немере ағасы бар емес пе?
– Екеу емес пе еді?!
– Иә, екеу. Қайсысы болушы еді? Әлгі совхоздың бар байлығы – малы «ханталапай» болғанда, тең жартысына жуығын уди-суди қылып жымқырып, Алматы асқан Қоғамбек те!
– Иә!
– Сол балаларын осында жіберіпті.
– Не үшін?!
– Өзіне күмбезді кесене салдырмақ көрінеді.
– Көзі тірісінде ме?!
– Иә, иә! Көзі тірісінде!
– Астапыралла!
– Несіне, «Астапыралла!» деп жағаңды ұстайсың? «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бастың» заманы енді келген жоқ па?
– Естімеген елде көп деген, ә!
– Неменеге ішегіңді тартып тұрсың. Қазір қазақ байлары, тәуір дегендер әр-әр жерде өздерінің өлгенде жататын орындарын сайлап қана қоймай, соған алдын ала күмбездетіп кесене салатын істі бастапты.
Қолдарын әуелете сермеп екпіндей сөйлегенінің дауысы құлаққа анық естілді. Медет еркінен тыс кідірістеді.
– Әлгі Бұхарадан келетін қалақшылар енді екі-үш күнде келмекші. Мына өзбектердің шекарасынан өту де бір қиямет қайым ғой. Әйтеуір таныстар арқылы саңылау тауып, әрең дегенде оңынан оралттым.
– Мына аппақ кірпіштерді өзіміздің Шымқаладан алдырттыңдар ма?
– Е, көкесі-ау! Біздің оңтүстікте ондай кірпіш қайдан болсын!? Сонау Маңғыстаудан әкелдірттім.
– Төу, сонау жер түбінен жеткізген екенсің-ау, ә! Ойпырм-ай, өзі аппақ қой. Тіпті көзді қарықтырады екен.
– Иә, иә, айтары жоқ. Әшірбек көке-ау. Анау Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімдердің басын тура осындай ақ ұлу тастан соққан жоқ па?!
– Е, солай ма еді? Оны кім біліпті!? Онда бұған кетер шығын да оңай болмаса керек қой.
– Енді әкемізден аяйтын неміз бар?! Бәрімізге елде жоқ жағдайды жасаған сол ағаңыз емес пе?
Әшірбек басын құлшына изеп, елпілдей құптап тұр.
– Енді, көке! Ертеңдер осында вагон әкелдірем! Арғы күні ауылдан ток тарттырам!
– Е, тогың не үшін? Әшірбектің үні қаттырақ шығып кетті.
– Көке-ау, анау кірпіштердің біразы күмбезге жонылады. Сол үшін токпен жүретін ара керек.
– Күмбездейді екенсіңдер ғой?
– Е, күмбездемей ше! Оны тура атақты Домалақ ананың күмбезіндей қыламыз. Ал Әшірбек көке! Осы аудандағы бір жігіттерге тапсырдым. Екі-үш күннен кейін Сіздің үйге семіз тай әкеліп сояды. Соған бас-көз болыңыз! Ана үйдегі інім мен келінім әлгі қалақшы өзбектер жұмысты біткенше солардың ас-суын дайындап, басы-қасында болсын. Еш өкпелетпеймін. Бар жағдайларыңыз жасалады…
Медет кері бұрылды да, еңіске құлар жолдың бастауына аяқ артып, ұзай берді. Әлгілердің дабырласқан үндерінің жаңғырығы жуаси жіңішкеріп, үзілуге айналғандай.
Бар санасын өткен күннің еншісінде кеткен көңілсіз естелік ойлар иектеп алды. Қыр асып қалған кешегі қоғамның кенеуі кетіп, шаруасы шатқаяқтаған шақтағы бар байлығы «ханталапайға» салынған кез есіне еріксіз оралды. Соңғы рет Медет бүкіл майшелпектің тұтқасына ие болып отырған Қоғамбектің алдына барғанда ыңырана сөйлеп: «Сендер енді екі-ақ бассыңдар ғой. Бес уақ малға қанағат етерсіңдер» деген. Сонда Медет қайнап кетіп: «Әй, Қоғамбек, менің басымды санап, есебіне енді жеткен екенсің ғой! Осы совхоз үшін деп күн демей, түн демей еткен еңбегімнің өтеуі сол-ақ па?! Ақ қар, көк мұзда шалғайдағы малшыларыңа қандай қиыншылықтармен қатынаған тірліктеріміз есіңнен шығып кетті ме? Сан мәрте далада қалып, бастан кешкен азабымыз аз ба еді?! Жаңа мәшиненің кілтін ту сиырын мөңіретіп, әулілеріңе айдап кіргізгендерге бересіңдер де, біз секілділерді үнемі шетқақпай қылатындарың аз болып па еді?! Бұйыртып берген ескі салабаларыңды жамап-жасқаумен кешкен күндерімізге бас қатырған күндерің болды ма осы?! Сонда да көптен озбасақ та, көштен қалған күніміз болған жоқ еді ғой. Ана маған жазған бес қойыңды жыртығыңа жетпеген жамауыңа жапсыр. Аларым жоқ!» деп, есікті сарт жауып, сыртқа атып шыққан. Сыртта кезек күтіп тұрғандар Медеттің түтігіп кеткен түрінен қатты шошынған. Ол былай шыға бере ыршып шыққан ыза жасына ерік берген-ді.
Қоғамбек жуас көрінетін Медеттің тап былай тас-талқан болып ашуланарын еш күтпесе керек. Кәдімгідей-ақ сасып: «Әй, әй, Меке, Меке!» деп, қалбалақтай тұрып, мауытымен қапталған жұмсақ креслосынан қолын созып, көтеріле берген . Бірақ Медет қайырылып қарамады. Қоғамбек терезеден сыртқа көз салғанда, назар аясына Медеттің аршындай басып, ағындай кетіп бара жатқаны ілінді.
Медет Қоғамбекпен арада болған жайды Гүлайымға тіс жарып айтқан жоқ. Оның айтқан: «Сендер енді екі-ақ бассыңдар ғой…» деген сөзін есту Гүлайым үшін ең ауыр соққы боларын сезінген-ді. Медет сол түні ұйықтай алмай, дөңбекшіп шыққан. Сол бір сүреңсіз, мазасыз күндер көпке дейін ойынан еш шықпай жүрді.
Медет зират басынан оралған соң ток шайнекке шай қойып ішті де, сыртқа шықты. Велосипедпен жүретін пошташы қыз шарбаққа ілінген ағаш жәшікке газет салып кетіп бара жатыр екен. Соны алды. Үй іргесіндегі ұзынша жалпақ орындыққа барып отырды. Облыстық газеттің беттерін жүгірте қарап шықты. Соңғы беттің оң жақ бұрышындағы «Қатыгез ана қылмысы»… деген мақалаға еріксіз назар тіктеді. Шұқшия оқыды, шіміркене оқыды.
Медет күміс түстес көлегей үстел шамды өшірді де, қос қолын желкесіне айқастырып, шалқалай жатты. Көзін тарс жұмып, ұйқыға ыңғайланды. Бірақ кірпіктері қамаспай-ақ қойды. Бағанағы әзірде оқыған оқыс оқиға, төбе құйқаны шымырлатқан жайт көбеге қадалған тікендей жанына тыншу бермеді.
Шамның қатарында ай сәулесіне шағылып, ағараңдап жатқан әлгі газетке жаманат хабар жеткізген жаушыдан әрмен жауыға қарады.
Ішінен «Ойпырм-ай, бұл қалай? Не болып бара жатырмыз, құдай-ау! Қалай ғана көзі қиды екен, ә? Кемерінен шыққан, өз нәрестесін қоқыс жәшігіне қалай тастай салады? Сұмдық-ай, сұмдық-ай!» – деп еріксіз күбірлей берді.
Көз жұмса болды, қоқыс ішінде әрлі-берлі тырбаңдап, тұншыға, іш тарта жылаған қызыл шақалақтың зарлы үні құлағына жеткендей болды. «Құдай-ай, мына газет қайдан ғана қолыма түсіп еді!» – деп дауыстап жіберді. Сөйтті де көлегей үстел шамды жарқ еткізіп жақты да, орнынан атып тұрды. Газетті умаждай мыжып-мыжып, кіреберістегі қазандық пешке атып ұрды да, сіріңкемен от қойып, жағып жіберді. Ас үйге кіріп, шамын жақты да, орындыққа жайғасты. Қырық жылдан бері серік болып келе жатқан сыйымы мол, ішті қызыл қытай термосын ашып, бір кесе шай ішті. Қанаты ойына оралды. Осы термосты Қанаты туғанда Гүлайымға немере сіңлісі сыйға әкелген. «Тәтетай, жездем шайқұмар көрінеді. Әлдеқалай беймезгіл шай сұраса, кішкене Қанатқа алаңдап, қолыңыз тимей жатады ғой. Сонда өзі құйып ішсін», – деп елді күлдіргені ойына түсіп, әлсіз жымиды. Осы бір езуге ұялаған ұяң күлкі әлгіндегі күйкі, күйдіргі ойлардың оқпанынан аз-кем шаққа да болса да арашалап алғандай еді. Құйрық басып отырған Қанаты сол термосты сипалап, жылтыр, дөңес бетінде сан құбыла ойнаған өзінің бейнесіне қарап, сықылықтап күлетіні ойға оралды.
Гүлайым бесіктен шешіп алып жатқанда тырбаңдаған Қанатының суреті көз алдына қайта келді. Бұл ұмсына түсіп, маңдайынан, бетінен кіп-кішкене саусақтарынан, аяғынан, табанынан, өкшесінен құшырлана сүйгенде Гүлайым шыр-пыр болып:
– Отағасы-ау, табанын сүйе көрмеші. Тілазар болады дейді ғой! Басқа жері де жетпес пе? – дейді.
Медет одан сайын құмарлана, құлшына сүйеді.
– Олай болса шолтиған шөтейінен сүйейін , – деп Қанаттың бұтының арасын бетімен көмеді.
– Ойбай-ау, бұтын да шайған жоқпын ғой. Зәр иісі мүңкіп тұр емес пе?! Сонда Медет қарқылдай күліп:
– Сенің айтып тұрған зәрің не? Бұл менің дәрім емес пе!? – деп, шөтейінен шөп-шөп еткізіп құшырлана сүйіп-сүйіп алушы еді. Гүлайым болса, сылдырап аққан ерке бұлақтай сықылықтай, сыңғырлай күлетін-ді.
Осы сәтте Медет өн бойы егіліп, еріксіз іш тарта өксіп-өксіп алды. Көз аясына шүпілдеп толған жас суси сырғанап, жастыққа тамып жатты.
Сол Қанаты тым-ақ сүйкімді болып өсті. Тәмпіш танауы ерекше еді. Қысыңқылау көзінен үнемі күлкі ұшқыны қылаңытып тұратын.
Медет оның бар тірлігін қызық көрді. Өзі бас болып, жаз айында екі жасқа толғанша жалаңбұт жүргізіп, қатты еркелетті. Гүлайым болса: «Меке-ау, елден ұят-ты!» деген қарсылығына бой бермейтін. «Біздің бәріміз де осылай өскенбіз. Аталарымыз әпуімізден ұстап, насыбай ататын». «Туһ, қандай ащы, тіпті танауымызды жарып жібере жаздады ғой» деп жататын мінездерін сағынады екенсің» дейтін.
– Сол Қанаты мұны көрсе, анадайдан шауып келіп, құшағына қойып кететін. Жұмыстан қайтқанда қалтасына Қанатқа арнап екі-үш кәмпит салып жүреді. Тілін қызық көреді. Төрт жасқа келгенше «р» дыбысына тілі келмей қойды.
– Ана бірге ойнап жүрген баланың аты кім?
– Ылақат?
– Пәлі, Ылақат деген ат бола ма?
– Болады.
– Рақат деп айт!
– Лақат.
– Оның мамасының аты кім ?
– Лайхан.
– Өй, жолың болсын!
– Райхан де, – дейтін.
– Лайхан. Ішегі қатып күлетін де:
– Ертең бірге ойнаған досыңның атын дұрыстап, «Рақат» деп айтатын бол! Жарай ма?
– Жалайды.
– Әне, тағы бүлдірдің. «Жарайды» деп айт.
– Жалайды.
Бұл қарқ-қарқ күледі. Басынан сипап, тәмпіш танауынан жұмсақ қана шертпек алады. Қолына кәмпит ұстатады. Ол құлдыраңдай шауып, үйге бет қояды. Ол да бір қызық, тәтті дәурен екен-ау!
***
Медет ертеңгілік шай-пайын ішіп болған соң, аудан орталығына қатынайтын шағын автобусқа мінді. Бұрын базарға келіп-кетіп жүргенде ұзынша келген бір қабатты сұрғылтым үйге жеңіл ғана назар салатын.
Соның қабырғасында үлкен әріптермен екі тілде жазылған «Памятники», «Ескерткіштер» деген жазуларды оқитын. Өмірінде сол сұрғылт үйдің табалдырығын еш аттап көрмеген екен. Сол көңілге көңілсіз күй ұялататын ғимарат ішіне Медет жасқаншақтай енді.
Ішке кіре бергені сол еді, қарсы алдынан ұзын бойлы, үстіне сұрғылт комбинезон киген бұйрабас жігіт жолықты.
– Ассалаумәликүм, қария! – деп қол беріп амандасты. Жүзі жылы, адамға іш тарта қарайды екен. Қысқа қайырым тілмен келген шаруасын айтты.
– Ендеше, құлпытасты таңдаңыз, – деді тас қашаушы – бәдізші қабырғаға сүйеулі тұрған әр алуан пішімдегі, түстері әр бөлек тастарды нұсқап, солай қарай бұрылды. Медет оның соңынан ерді. Ол қаз-қатар тізілген құлпытастарды барлай қарап, баппен бүйірлей жылжыды. Бәдізші жігіт ара-тұра кейбір құлпытастардың сипаты туралы қысқаша түсінік беріп келе жатты.
Медет бітім-пішімі өз көңіліне ұнаған айшықты өрнекпен қашалған, шағын көлемді қара мәрмәр тастың қарсы бетіне келіп, біраз кідірді. Бәдізші:
– Бұл құлпытас өзгелерге қарағанда біршама қымбаттау, – деп, Медеттің жүзіне барлай қарады. Ол үндей қойған жоқ. Әлден соң Медет оған еңсеріле бұрылып:
– Тура осындай боп дайындалған қара мәрмәр құлпытастар бар ма? – деді.
– Оу, ағасы, әзірге ол біреу ғана. Келіп көргендер қызығады, бірақ қымбатсынады. Сосын онша көп дайындамаймыз. Медет құлпытасқа біраз барлай қарап тұрды да:
– Тура осындайдан маған үшеуін жаса! – деді.
– Үшеу дейсіз бе?! Бәдізшінің даусы қатты шығып кетті. Ол біресе Медеттің жұпынылау киінген түріне, біресе жүзіне қарады. Арада үнсіздік орнады. Бір кезде Медет ақырын ғана:
– Біреуі әйеліме, екіншісін балама, – деді жеңіл жөткірініп. Сәлден кейін бәдізші жасқаншақтағандай үнмен:
– Ал үшіншісін кімге? – деп Медетке аңтарыла қарады. Ол басын сәл-пәл төменшіктетіп, ұяңдау үнмен:
– Менің өзіме, – деді. Бәдізші таңдана дауыстап жіберді.
– Сіз әлі тірі емеспісіз!?
– Иә, інім, тірімін, – деп Медет ақырын жөткірінді. Сөйтті де бөлме бұрышындағы ортасы түсіп кеткен көне диванды нұсқап:
– Інім, мұнда келші. Саған айтар бір сөзім бар, – деді.
Бәдізші Медетке аңтарыла қарады. Ол нұсқаған тұсқа қарай ақырын, ойлана басып беттеді.
– Отыршы мұнда. Қашаушының өң – ажарында аң-таң халден әлі де ажырай қоймаған қалып бар.
– Інім, менің қара шаңырағымның иесі бар еді. Құдай оны маған көп көрді. Он бір жасында анау іргедегі Жарлысу өзені жалмады. Соңынан ілескен қара болмады. Әйелім екі рет түсік тастады. Қолдан келер не шара? Сонымен, ошақ басында сопайып, әйелім екеуміз қалдық. Медет мұң ұялаған жанарын есік тұсқа аударды да, әңгімесін әрі жалғады.
Әйелім айтары жоқ, тал бойы тұнған мейір еді. Тіпті бертініректе өзінің жақын ағайынының жесір, қорғансыз қалған, төрт жасар баласы бар сіңлісін де алып бермекші болды. Марқұмның бар ойы, мен ұрпақсыз, тұяқсыз қалмасын деген қамқор көңілі ғой. Бір емес, бірнеше рет айтты. Адал көңілмен айтты. Еш қызғанбайтынын, бір шаңырақ астында тұра беретінін де…
Жасыратыны жоқ, менің бұл іске жүрегім дауаламады. Пендеміз ғой. Кейде еркектік аңсарға бой алдырып, олқылы-толқылы күй кешкен де жай бар. Бірақ Гүлайымды ойлаймын. Өткен-кеткен еске түседі. Гүлайымның сол сіңлісі, жасыратыны жоқ, туыс әпкесінің сөзін жерге тастамайтынын айтып, өз келісімін де беріпті. Бұған менің батылым да, арым да бармады. Ал балдызым өте жуас, момын жан еді. Менен ықылас, ықтияр болмаған соң, әйелі қайтқан жесір ерге тиіпті. Қазір өсіп-өніп, ақарлы-шақарлы ел болып кеткен. Медет біраз уақыт үнсіз қалды.
– Жассың ғой, құлағыңда бар шығар. Біздің кезде компартия деген болды. Соның мүшесі болмасам да, солардың пәрменімен сын тезіне салатын, айыптайтын әдеті бар еді. Ал заңда екі әйел алғандарды соттайтын да сұмдық болған. Арада үнсіздік орнады. Медеттің әжімді саусақтары тізе үстінде көңіл күйінің көрінбес пернелерін басып ойнағандай бір халде әр бөлек қимылмен қозғалақтап жатты.
Әлден кейін Медет бәдізшіге бұрылып:
– Кешір, айналайын, өткен-кеткенді айтып құлағыңды сарсытып жібердім-ау деймін. Енді іске көшейік. Бірақ менің саған деген үлкен өтінішім бар.
– Иә, ол қандай өтініш? Айта беріңіз, – деді жұмсақ үнмен.
– Сен ер азаматсың ғой. Тілге берік, сөзге бекем жігіт боларсың деп ойлаймын. Жігіт бойын тіктеп алды. Өң-жүзі салмақтанып, қартқа еңсеріле бұрылды.
Медет жөткірініп алды да, кәстөмінің ішкі оң жақ қалтасына қол салып, төртбұрыштап бүктелген газет орамасын алып шықты. Әжімді саусақтары баяу қимылдап, бүктелген газет ішінен Гүлайымның және баласы Қанаттың ертеректе түскен суреттерін алып шықты.
– Мына екеуінің суреттерін алда дайындайтын қара мәрмәр тастарыңа келістіріп қашарсың. Міне, мына қағазда аты-жөні, туған, қайтыс болған жылдары, күндері көрсетілген, – деп бөлек қағазды ұсынды.
– Ал бұл істі бір тұжырайық. Енді келесі жайтқа көшейік. Әлгінде жігіттік серт, сөз дегенді мен текке айтқан жоқпын. Бұл – саған аманат шаруа. Ал аманаттың жүгі қашанда ауыр ғой. Сөйтті де сәл мүдіріп, кәстөмінің сол жақтағы ішқалтасына қол салды.
– Мынау менің суретім. Сыртында менің аты-жөнім, туған жылым, айы мен күні жазылған. Соны тура ана қара мәрмәр тасыңа қаша. Бірақ бір қатаң шарт, өтінішім бар.
– Ол қандай шарт?
– Менің құлпытасымды көп көзінен таса, оңаша дайында. Бетін үнемі жауып, орап ұста. Бұл – біріншісі. Екіншісі, мен жұмыстарыңнан бөлек барлық жол, тасымал шығынын көңілдеріңдегідей етіп төлеймін. Құлпытастар дайын болған соң менің үйіме жеткізіп, аулама кіргізіп бересіңдер. Бұл шаруаның да сырт көзден, көршілерден көзтаса кезде әкелгендеріңді қалаймын. Осы шаруаларды орындасаң, сені туған інімнен кем көрмеймін.
Сөйтіп, оның қолына өз үйіне бастап барар жолдың сызбасын, нөмірін табыстады.
– Шағын ауыл ғой. Ұзынша екі-ақ көше бар. Оп-оңай табасыңдар.
Медет бәдізшімен жылы қоштасып шықты.
Тамыз айы ортадан ауған шақ еді. Бәдізшінің айтқан болжауы уақыты да тақанып қалған. Телефоны да бір оңбай қойғанына іштей ренжулі еді.
Күн ұясына кіруге тақанды.
Медет тауықтарға жем шашты да, ішке енді. Ток шайнекке шай қойып ішті де, теледидарын қосты. Түріктердің ұзын-сонар таныс сериалдарының бірі жүріп жатыр екен. Оқиғасы шиыршық атып, күннен-күнге қоюланып бара жатқан фильмнің немен аяқталатыны адамды еріксіз еліктіретіндей. Кезекті сериясы аяқталған тұста көзіне ұйқы тығыла бастады.
Кенет алыстан машина үні құлағына еміс-еміс естілді. Елең ете қалып, көзін ашып алды да, терезе тұсқа назар тіктеді. Сұрғылт түсті перде бетінде сарғыш түсті сәуле қыдырыстап жүр екен. Гүрілді үн жақындап, ойнақ салған сәуле өткірлене түсті. Үстел лампасын жағып, орнынан қалбалақтай көтерілді.
– Әлгілер шығар.
Машинаның қораға жақын маңға тоқтағанын аңғарды. Шағын, қуықтай дәліздегі ілме галошты аяғына іле салып, сыртқа беттеді.
Екеуара күбірлесіп сөйлескен адам үндері құлағына жетті. Артынша келіп есікті ақырын тықылдатты. Медет есікке тақанып, сырғыма ілгешекке қол салып тұрып:
– Кім екен? – деді.
– Ағасы, біз ғой. Өткендегі тапсырғандарыңызды жасап әкелдік. Телефоныңызды көтермедіңіз.
– Ә, сендерсіңдер ме? Әбден ескірген телефон ғой. Үні де нашар. Құлағы құрғыр да тосаң тартқан, – деп есікті ашып, сөйлеп жүрді. Екеудің біреуінде кішкене фонарь бар екен.
– Қария, өткенде айтқаныңыздай етіп жасадық. Енді қайда түсірейік?
Медет ілгіштен жеңіл шапанын иыққа іле салып, үйге жапсарлас бәкене сарайдың есігін ашты да, жарықты жақты.
– Сендер әйтеуір бір келер деп, орын дайындап қойғам. Алға түсіп, сарайдың түкпірін көрсетті. Екеуі кенепті УАЗиктің артын ашып, содан соң құлпытастардың ауырлау тұғырларын көрсеткен орынға қолдасып апарысты. Содан соң құлпытастардың өзін жекелеп көтеріп жеткізді. Бәдізшінің қасындағы еңселі, денелі жігіт гүжілдеңкіреп сөйлейтін жігіт екен.
– Қария, мынау сіздікі! Қараңыз! Мына суретшіңіз өзіңізді айнытпай қашапты. Бұл өзі асқан шебер, осындай жасап, ақшаны күреп тауып жүреді. Біз осының шашбауын көтереміз. Тұр десе тұрамыз, жат десе жатамыз. Бергенін қанағат етіп жүретін пенделер тобынанбыз, – деп ырқ-ырқ етіп күлді. Үстінен күлімсі иіс шығады. Қолындағы құлпытасты сарай қабырғасына сүйеп қойып жатып:
– Қария, мынау жастау кезіңіздегі суретіңіз ғой деймін. Көзіңізде әлі ұшқын бар. Так, сонда сіз 1945 жылы 9 майда туған екенсіз, ә. Бұл қоңыр үнмен:
– Иә, – деп тіл қатты.
– Неғып атыңызды Жеңіс, не Жеңісбек деп қоймаған, ә? Медет бәдізші жігіттің күңк етіп, оны бүйірден түртіп қалғанын аңғарды. Бірақ оған қыңып жатқан ол жоқ.
– Е, немене сен? Мен турасын айтып тұр емеспін бе? Так, сонда сіз 2045 жылы өлсеңіз, тура жүзге келіп өледі екенсіз. Қазақ айтады ғой. «Жүзге жет, жүзге жет те, тышқанның ініне кір де кет» деп.
– Ей, саған не болған? Тілің қышып бар ма?
– Е, енді немене сонша?! Мен жаман тілек айтып тұрмын ба? Нишауа, жүз дейтін жас жасап өлсе, адамда арман бар ма?!
– Қойсаңшы енді қысыр сөзіңді. Бұл жерде айтылар сөз емес қой.
– Жә, жә! Енді мен немене жаман сөз айтып тұрмын ба? Туһ, сенің осы мінезің-ай қақпайлай беретін. Осы мезетте Медет Гүлайым мен Қанаттың тұрған құлпытасының алдына ақырын ғана тізе бүкті. Екеуінің жүзіне зер сала, мұңдана қарады. Гүлайым бар ажар-көркімен бұған мейірлене қарап қалыпты. Ал Қанаты болса емен-жарқын, айнала дүниеге пәк сезіммен қараған қалпы бедерленіпті. Медеттің қолы дір-дір етіп, жан қалтасына қол салды. Сөйтіп, көгілдір жолақты беторамалымен екеуінің бейне суретін аялап сүртті де, маңдайын екеуінің бетіне алма-кезек төсеп, аз- кем отырды. Содан соң орнынан ауыр көтеріле берді. Сол сәтте бәдізші жігіт қос құлпытастың бетінен жарыққа шағыла жолақтанған дым іздерін аңғарды. Медеттің көз қиығы әлгі сөзуар жігітке түсіп кетті. Ол сөзден сап тыйылып тұрып қалған екен. Бір кезде ол кенеттен теріс айналып, иығы еңкіш тартып, есіктен шығып бара жатқанын аңғарды..
Медет бәдізші жігітке бұрылып:
– Кешір, айналайын, – деді дауысы дірілдей. Жұтқыншағы әрлі-берлі қозғалақтай қыдырыстап кетті. Әлдене айтуға оқталғандай ыңғайланды. Бірақ көкейдегі көп сөзі алқымға келіп кептеліп, тістескен тіске келіп еріксіз толас тапты.
– Кешір, кешір! Арғы жағы айтылмай қалды. Дереу төсқалтасына қол салып:
– Рақмет, айналайындар! Істеріңе ризамын! Жаратқанның шапағатына бөленіңдер! – деп ораулы буманы бәдізшіге ұсынды Сөйтті де:
– Қоршау шарбақ біткенде хабарын айтарсыңдар, – деді жай ғана.
Медет сарай ішінде ұзақ тұрды. Әріректе түкпір қуыста оңашалау тұрған өз құлпытасына алыстан назар тіктеді. Тақанып қасына баруға, неге екені белгісіз, аяғы тартпады.
«Төлегенұлы Медет. 9.05.1945» деген жазу алыстан бұлдырап, мұнартып көрінді. Өзінің суреті де бұған суықтау, сұсты қабақпен қиғаштай қарап тұрған сықылданды. Содан соң босаға жақтағы көне кереует үстінде жиналған бомази жамылғыны алды. Құлашын кере көтеріп, өз бетін көлегейлей ұстап көтерді. Сөйтіп, жайлап жүріп барды да, құлпытасын көмкере жауып, кері қарай кілт бұрылып, есікке беттей берді.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН
https://anatili.kazgazeta.kz/news/59734